«РАМАЗАННЫҢ БОСТАНДЫҚТА ЖҮРУІ БІРЕУЛЕРГЕ ТИІМСІЗ»
Қаңтардың басында «Алма-Ата инфо» тәуелсіз газетінің редакторы Рамазан Есіргеповтің тұтқынға алынғанына бір жыл толған еді. Журналистің отбасы билік түрмеде отырған Рамазанды мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығаратын шығар деп үміттенген-тін.
Журналистің зайыбы Раушан Есіргепованың айтуынша, оның жазған өтінішіне бас прокуратурадағылар Рамазан Есіргеповтің заң бойынша шартты түрде бостандыққа шығуға құқы барын айтып жауап берген.
– Қаңтардың 12-күні оны мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару туралы шешім қабылданған. Тіпті, комиссияның
Раушан Есіргепова, түрмеде отырған тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы. Алматы, 11 қаңтар 2010 жыл.
отырысына Рамазанның өзі де қатысқан. Алайда, арада он күн өткенде, шамамен қаңтарддың 23-күні, комиссия аяқ астынан қайта мәжіліс өткізіп, алдыңғы шешімді өзгерткен. Сірә, Есіргеповті қамаудан босатпау жөнінде оларға біреулер қысым жасаған болуы керек. Мен солай деп ойлаймын. Ал жақында болған тағы бір комиссияның отырысында Рамазанды қоныстандыру колониясына жібермеу туралы шешім қабылданғаны менің әлгі ойымды растағандай болды. Сөйтіп, оның жолын кесіп тастады, – деді Раушан Есіргепова Азаттық радиосына.Рамазан Есіргеповке комиссияның алғашқы шығарған шешімінің не себепті өзгертілгендігін білу мақсатында журналист жазасын өтеп жатқан Тараздағы түрме әкімшілігіне хабарласқан едік. Бірақ Молдабеков деген түрме бастығының орынбасары ресми хат керек деген желеумен Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.
– Сіздің басшылыққа ресми түрде өтініш жасағаныңыз жөн, тек содан кейін ғана басшылық хатыңызға жауап береді, – деді түрме бастығының орынбасары Молдабеков Азаттық радиосына.
Ал Раушан Есіргепова болса, жұбайын мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығарудан бас тартқан комиссияның шешіміне наразылығын айтып шағым бермекші.
– Мен тағы да сол Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі комитетіне, бас прокуратураға, барлық құзырлы орындарға арызданамын, – деді Раушан Есіргепова.
РАМАЗАН «ӘЛІ ТОЛЫҚ ЗЕРТТЕЛМЕГЕН»
Раушан Есіргепова 2009 жылғы желтоқсанның 30-күні бас прокурордың орынбасары Асқар Секішевтен жауап хат алған. Онда қылмыстық кодекске сәйкес, Рамазан Есіргепов өзіне сот үкімі бойынша белгіленген жаза мерзімінің үштен бірі өтегеннен кейін шартты түрде бостандыққа шығуға құқылы екендігі айтылған.
Бірақ, Тараз қаласындағы түрме әкімшілігі тұтқын журналистің мәселесін бірнеше мәрте қарап, ақыр соңында Рамазан Есіргеповті шартты түрде бостандыққа шығарудан бас тартты. Оның себебін түрме әкімшілігі тұтқын Рамазан Есіргеповтің «әлі толық зерттелмегендігімен» түсіндірген.
«Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Розлана Таукина Азаттық радиосына былай деді:
«Біз бұл шешімге қарсы наразылығымызды білдіреміз. Менің ойымша, бұл арнаулы органдардың ісін сынаған журналистке деген әділетсіз, субъективті көзқарастың тағы бір көрінісі».
Баспасөзді қорғайтын тағы бір қоғамдық ұйым – «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева да түрме әкімшілігінің әлгіндей шешіміне шағымдану қажеттігін айтады. Оның сөзінше, бұл мәселеде бұқаралық акциялардан енді еш нәтиже болмайтындықтан құқықтық әдістер арқылы әрекет жасаған жөн.
– Біз оны негізсіз сотталған деп санаймыз. Енді міне оны шартты түрде бостандыққа шығарудан еш негізсіз бас тартып отыр. Сірә, ол «әлі түзелмегендіктен» оған осылай жасап жатқан болса керек. Ал, сайып келгенде, ол өзінің нақақ сотталғандығын айтып, өз ұстанымын қорғап, принципке беріктігін танытып отыр. Онысы, әрине, өзін түрмеге отырғызған билікке ұнамайды. Сөйтіп, олар оның сағын сындыру үшін қысым жасауды жалғастыруда, – дейді Тамара Калеева.
Бұған қоса, 26-қаңтар күні «Алма-Ата инфо» тәуелсіз басылымының редакторы Рамазан Есіргеповті қоныстандыру колониясына шығарудан бас тартты. Раушан Есіргепованың айтуынша, республикалық қылмыстық-атқару комитеті басшыларының бірі Шабақбаевтан келген хатта былтырғы жылғы 5-қазаннан бастап Рамазан Есіргеповтің қоныстандыру колониясына шығуға құқылы екендігі айтылған.
«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінің қызметкерлері былтыр қаңтар айында Алматының ауруханасынан ұстап алып кеткен болатын. Соның алдында, былтырғы жылы 21-қараша күні, «Алма-Ата инфо» апталық газетінде «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деген мақала басылған еді.
Ол мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған болатын.
2009 жылы тамыз айында Тараз қалалық соты қызметтік құпияны жариялады деп тауып, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 172-бабының 1-ші бөлігі және 339-бабының 2-ші бөлігі бойынша «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповті үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Аталмыш үкім Рамазан Есіргеповті тек бас бостандығынан айырып қана қоймай, сонымен қатар оған екі жылға дейін журналистік кәсіппен айналысуға тыйым салады.
Тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповке сот үкімі шығарылғанда түсірілген видео, Тараз, 8 тамыз 2009 жыл