Accessibility links

Владимир Козлов: «Жиын жақындаған сайын билік тарапынан қысым күшейді»


Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 22 қыркүйек 2010 жыл.
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Алматы, 22 қыркүйек 2010 жыл.

Референдум өткізу туралы ұсыныс айтқан тіркелмеген «Алға» партиясының жиынына үш күн қалды. «Билік бұл жиынды өткізбеу үшін барлық амал-әрекеттер жасап жатыр» дейді оппозиция өкілдері. Ал олар кінәлаған заң органдары ешқандай түсінік бермей отыр.


Қыркүйектің 25-сі күні тіркелмеген «Алға» партиясы президент Нұрсұлтан Назарбаевты отставкаға кетіруге қатысты халықтың пікірін білу мақсатында жиын өткізуді жоспарлап отыр. «Осы күн жақындаған сайын билік тарапынан қысым да күшейіп барады» дейді оппозициялық партия белсенділері.

Ақпарат құралдарына таратқан баспасөз мәлімдемесінде жергілікті билік өкілдерінің партияның аймақтағы делегаттарын қудалағаны жөнінде көптеген мысалдар бар.

- Мәселен, Атырауда сейсенбі күні кешкі сағат тоғыздар шамасында дәмхананың алдында полиция партияның екі делегатын ұстап алды. Бірден олардың ішімдік ішкен-ішпегенін тексерген. Содан соң оларды Атырау қаласының полиция бөлімшесіне апарған. Түнгі сағат бірде олардың біреуі «телефонымды тартып алып, жібермей отыр» деп хабарласты. Кейіннен оларға қатысты әкімшілік сот болатынын естідік, - деді «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов қыркүйектің 22-сі күні Алматыда өткен жиында.

Бұл фактіні партияның аймақтық өкілдері де растап отыр.

- Біз бүгін таңертең әкімшілік сотқа бардық. Алайда онда әкімшілік жазаға тартылғандарды көре алмадық. Сағат түскі екіге дейін күттік. Ешқандай сот отырысы болмады. Қайтіп кетуге тура келді. Әріптестерімізден ешқандай ақпар ала алмай отырмыз. Қалалық полицияға хабарлассақ, ешнәрсені білмегенсіп отыр, - деді «Алға» партиясы Атыраудағы филиалының үйлестірушісі Әділжан Кенжеғалиев.

Мәселенің мән-жайын білу мақсатында Азаттық тілшісі Атырау облыстық ішкі істер департаментінің мамандарына хабарласқанда баспасөз қызметінің өкілі Гүлназира Мұхтарова оқиғадан хабарсыз болып шықты.

- Мұны білмедім. Қазір қалалық бөлімшеге хабарласып, анықтап көрейін, - деді Гүлназира Мұхтарова.

Мұнан соң Азаттық тілшісі Бас прокуратураға хабарласқан еді, бірақ олардан да жауап ала алмады.

Оппозициялық партия өкілдері әдетте кез келген жиын алдында прокуратура ескерту жасайтынын айтады. Прокуратура қызметкерлерінің әлі күнге дейін ескерту жасамағанына өздері де таңқалады.

Бұған қоса, Владимир Козлов алдағы уақытта оппозициялық партияға қарсы арандату әрекеттері болуы мүмкін екенін айтады.

- Егер мені жиын қарсаңында шеттетсе немесе тағы да басқа жағдайлар болып қалса, онда менің орнымды басқа біреу басады. Және ол да жоспарлап отырған жиынды өткізуге бар күшін салады. Не де болса, біз дайын отырмыз, - деді Владимир Козлов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG