Accessibility links

Әріптестері мен үзеңгілестері Батырхан Дәрімбетті еске алды


Батырхан Дәрімбеттің баннердегі суреті. Алматы, 7 маусым, 2010 жыл
Батырхан Дәрімбеттің баннердегі суреті. Алматы, 7 маусым, 2010 жыл

Маусымның 7-сі күні тәуелсіз журналист, Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері, саясаткер Батырхан Дәрімбеттің көлік апатынан жұмбақ жағдайда қаза тапқанына бес жыл толды. Марқұмды еске алушылар демократиялық реформалар мен ұлт мәселесі талаптарында Батырхан жеткен биікке жете алған жоқпыз десті.


БАТЫРХАННЫҢ ӨЛУІ МҮМКІН ЕМЕС ЕДІ...

Дүйсенбі, маусымның 7-сі – Батырхан Дәрімбеттің қайтыс болған күні. Осы күні журналистің туған-туысы мен достары мен әріптестері Кеңсайдағы зират басына барып, марқұмның рухына бағыштап құран оқыды. Кейін тіркелмеген «Алға!» партиясының кеңсесінде бас қосқан олар Дәрімбеттің өмірі мен өлімін сөз етті.
Алға партиясының ғимаратындағы Батырхан Дәрімбетке орнатылған ескерткіш тақта.Алматы, 7 маусым, 2010 жыл.


– Батырхан жол апатына ұшырады дегенде қатты қиналдым, бірақ ол өледі деп ойлағаным жоқ. Батырхан оңалып кетеді деп сендік. Себебі артта қиналған халық тұрғанда Батырхан секілді ұлдың бұл дүниеден өтуі біртүрлі орынсыз секілді болып көрінді. Батырхан аман қалады деген сенімде болдым. Өйткені алда атқарылар істер көп еді, - деп еске алады ақын Айсұлу Қадырбаева.

– Міне, бес жыл өтті. Уақыт өте біз оның қандай адам болғандығын тереңірек түсіне бастағандаймыз. Ол өз елінің нағыз азаматы еді. Патриот, батыр және қайсар адам еді. Ол өз ұлтын, халқын өте жақсы көрді. Әсіресе, ана тіліміздің жағдайына қатты уайымдайтын, - дейді марқұмның әйелі Гүлшира Дәрімбет.

Белгілі театр режиссері Болат Атабаев еске алу дастарханында Батырханның қайраткерлік қасиеттерін, адамгершілік ізгілік істерін, әсіресе қарапайым халыққа жақындығын айтып, біз Батырхан алға тартқан талаптар үдесінен шыға алған жоқпыз деді.

Танымал оппозициялық журналист Батырхан Дәрімбет 2005 жылы маусымның 2-сі күні Алматыдан Таразға бара жатқан жолда көлік апатына ұшырады. Апат салдарынан ол басынан жарақаттанып, миы шайқалып, мойын омыртқасы зақымданды. Ауруханада жасалған операцияға қарамастан, журналист маусымның 6-ынан 7-сіне қараған түні Тараз ауруханасында қайтыс болды.
Марқұм Батырханның жесірі Гүлшира Дәрімбет. Алматы, 7 маусым, 2010 жыл.

"Азат" газетінің бас редакторы және Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясының саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің ажалы ресми түрде жол апатынан болды деп хабарланды.

Дегенмен де 2005 жылы парламент сайлауына қатысу үшін Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы тіркелген соң жан-жақтан қысымның күшейгендігі белгілі. Туыстары мен әріптестері, оппозиция мүшелері Батырхан Дәрімбет тапсырыспен өлтірілді дейді. Дегенмен әлі күнге дейін бұл өлім – жол апатынан болған делініп келеді.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАРДЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ ЖӘНЕ ҰЛТ ЖАНАШЫРЫ

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап Батырхан Дәрімбет елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысты: 1991 жылы – «Азат» азаматтық қозғалысы төрағасының орынбасары, 1996 жылы – Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қордың президенті, «Азаттық» радиосының тілшісі, «Азат» қоғамдық-саяси газеті мен «Жас Түркістан» журналына жетекшілік етті. 1999 және 2004 жылдары Қазақстан парламентінің мәжілісіне депутаттыққа үміткер болды.

2002 жылдан бастап Батырхан Дәрімбет «Қазақстанның демократиялық таңдауы» республикалық қозғалысының белсенді мүшесі болды.
Алматыда тәуелсіз журналисті еске алушылар оның, қарымды журналист қана емес, сондай-ақ демократиялық идеялардың табанды қолдаушы болғандығын айтты.

БАТЫРХАН ЖӘНЕ "АЗАТТЫҚ"

Ол он жылға жуық уақыт "Азаттық" радиосы Қазақ редакциясының тілшісі болды.
Қазақ радиосының бас редакторы Саясат Бейісбай. Алматы, 7 маусым, 2010 жыл.


– Ол кісінің Азаттық радиосынан берілген күнделікті хабарлары бүкіл тыңдармандардың айызын қандыратын. «Өзгерген дүниедегі Орталық Азия», «Үкімет және оппозиция» деген бағдарламалары жылдар бойы жүрді. Солардың барлығының тыңдармандары республиканың түпкір - түпкірінен хабарласып, ризашылығын білдіріп отырды, - дейді Азаттықтың сол кездердегі Алматы бюросының жетекшісі Саясат Бейісбай.

БАТЫРХАННЫҢ БИІКТЕРІ

Батырхан Дәрімбет 1951 жылдың 5 желтоқсанында Қызылорда облысы Арал ауданы Ақбай ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Қазақ ССР мемлекеттік кинематография төрағасының көмекшісі болып бастады. Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып жүріп 1988 жылы филология ғылымынан кандидаттық диссертация қорғады.

“1920-1930 жылдардағы қазақ әдебиеті”, “1940-1950 жылдардағы қазақ әдебиеті”, “Исцеление”, “Пробуждение “Азата” (2001г), “Демократия мен автократия” (2004ж) кітаптарының авторы.
Батырхан Дәрімбетті еске алу дастарханы басында. Алматы, 7 маусым, 2010 жыл.


Журналист, ғалым, әрі саясаткер Батырхан Дәрімбет өмірінің соңғы жылдары "Алға" оппозициялық партиясын құруға атсалысқан еді. Қазақстандағы демократиялық ұйымдарда совет заманынан бері күрескен, ғұмырының соңына дейін өзі негізін қалаған тәуелсіз "Азат" газетінің редакторы болған Батырхан Дәрімбет қаза тапқаннан кейін "Азат" газетін оның келіні Нәзира Дәрімбет басқарып келеді.

2008 жылды қыста оның тұңғышы, әке жолын қуған тәуелсіз журналист, оппозициялық және тәуелсіз басылымдарда еңбек еткен Асқар Дәрімбет те 33 жасына қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
XS
SM
MD
LG