Accessibility links

Астаналықтар саммит кезінде балконға шықпайды


Астаналық үйлердің біріндегі подъезде ілінген хабарландыру. Астана, 24 қараша 2010
Астаналық үйлердің біріндегі подъезде ілінген хабарландыру. Астана, 24 қараша 2010

Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммиті кезінде парламент депутаттары да жұмысқа шықпайтын болды. Бүгін, қарашаның 24-і пленарлық отырыс өткізген мәжіліс депутаттары саммиттен кейін кездесетін болып тарқасты.


Cаммит жақындаған сайын Астанадағы тәртіп сақшыларынан маза қашты. Олар тұрғындарға қауіпсіздік шарасын ескертіп жатыр.

ШОҢ ҚОНАҚТАРМЕН КЕЗДЕСУ БҰЙЫРМАҒАН "ҚАЛАУЛЫЛАР"

Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов саммит күндері Астана қаласында болмайтынын айтады. Ол өзі сайланған Шығыс Қазақстан облысына барып халықпен кездесемін дейді. «Бұл ешқандай қысқа мерзімді демалыс емес, парламент регламентіне сай депутаттар осы уақытта сайлаушылармен кездесуге ел ішіне кетуі тиіс» дейді.

Дегенмен Нұртай Сәбильянов, айрықша шараға қатысқысы келетінін де жасырмады.

– Өзімізге берілген өкілеттік жұмыс болғандықтан біз өзіміздің тәртібімізге бағынамыз. Ал саммитке қатысу менің ойымша әрбір қазақстандық үшін, әрбір қазақ баласы үшін маңызды іс, - дейді мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов.

Бірақ, бұл жолы саммитке тек парламент спикерлері ғана қатысады. Кейбір қазақстандық басылымдар қалған депутаттардың көліктері саммит қонақтарын алып жүру үшін қажет болды деген ақпарат таратады.

ЕРЕКШЕ ЕСКЕРТУ

Астанадағы Есіл өзенінің сол жағалауындағы «Салтанат сарайы» ғимаратына жақын орналасқан «Северная корона» тұрғын-үй кешенінің тұрғындарына айрықша ескерту беріліп жатыр. Оларға –желтоқсанның 1-і күні күні әйнекті ашуға, терезеден «Салтанат сарайы» жаққа қарауға және балконға шығып темекі тарту қатаң тыйым салынған.

– Бірінші желтоқсан күні «Салтанат сарайында» шара өтеді. Сол себепті тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін бұл күні терезені ашуына және балконға шығуына болмайды. Ол жерде мергендер болады, түсінесіз бе? Ол жердің бәрінде президент күзетшілері жүреді. Бір күн темекі тартпай шыдауға болатын шығар, - дейді «Северная корона» тұрғын-үй кешенінің учаскелік инспекторы Ринат.
Астананың орталық аудандарындағы аулаларды тексеріп жүрген полиция қызметкерлері. Астана, 24 қараша 2010 жыл

Ол Азаттық тілшісіне толық аты-жөнін айтудан бас тартты. Учаскелік инспектор «Салтанат сарайына» жақын орналасқан тұрғын үй кешеніндегі әр пәтерге бас сұғып, қауіпсіздік шарасы туралы ескертіп шықпақшы.

Осы тұрғын үй кешенінің бірінде тұратын Олег есімді азамат бір күн бойы шылым шекпей тұра алмайтынын айтады. «Амал жоқ, тереземізді тұмшалап алып, үйде темекі тартамын» дейді ол. «Северная корона» тұрғын-үй кешенінде тұратын азаматтардың автокөліктерінің нөмірлері де тіркеуге алынған.

ҚОСЫМША САҚТЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Астана қалалық әкімдігінің сайтында ресми түрде қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 3-і аралығында көшедегі көлік қозғалысы шектеледі делінген. Есіл өзенінің сол жағалауындағы көптеген көшелер «қызыл сызыққа» жатқызылып, ол ауданда тұратын тұрғындар да арнайы рұқсат қағазбен жүріп тұрмақшы.

Астана қаласында қазірдің өзінде тіркелмеген автокөліктерге жүруге тыйым салынып жатыр. Қазақстанның басқа аймақтарынан келген полицейлер колледж жатақханаларына жайғасқан. Ал, қарашаның 26-сы мен желтоқсанның 3-і аралығында Астана оқушылары мен студенттері және бала-бақша бүлдіршіндері демалысқа жіберіледі.
XS
SM
MD
LG