Accessibility links

Референдум


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

– Сәлеметсіздер ме? – Түскі асты ішіп болып қалғанда мектеп мұғалімі ентіге кіріп келді. Аз-кем амандық сұрағанан кейін бірден келген шаруасын баяндай түсті. – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуға қол жинап жатырмыз. Келер жылы наурызда – референдум! Қол қойып бересіздер ме? – деді.

Әкем мырс етіп күлді де, тіл қатпастан түпкі үйге кіріп кетті. Шешем:

– «Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» дейді бұрынғылар. Қарағым, мен өзім пайғамбар жасына келдім. Қазір не жасап, не қойғанымды ұмытып кетем. Сондықтан қол қойып бере алмаймын. Мемлекет басына жастар келу керек. Жастарға орын беретін уақыт әлдеқашан жетті, – деп қысқа жауап қайырып, қазақы қонақжайлылықпен бір кесе айран ұсынды.

Дәмнен бас тартқан мұғалім әлі аралап шығар екі көшесі барын айтты. Есіктен шыға бере анама қарап, тағы да қиыла сұрады:

– Апай, қол қойып бере салыңыздаршы!

– Әй, өзің не деген адамсың? «Қол қоймаймыз» дедік, қоймаймыз. Немене, түге, зорлап қойдырасыңдар ма? Біздің өз еркіміз бар емес пе? Қазір сабақ уақыты. Анау теледидар күнде сайрайды «оқушылар өз-өздеріне қол жұмсап жатыр» деп. Биыл екі жүзден аса оқушы жас ғұмырларын қиыпты. Ал сендер балаларымызға тәлім бергенің орнына «референдум» деп қол жинап жүрсіңдер, – деп ашу шақырды.

– Әкімшілік осы жұмысқа салса, біз қайтеміз! – деген мұғалім бір түрлі ренішпен шығып кетті.

Қақпаға дейін ұзатып салып:

– Күлән апай, ауыл тұрғындарының барлығы қол қойып жатыр ма? – деп сұрадым.

– Барлығы сенің шешең айтқан сөзді айтады. Неге кергімей қол қоя салмайтындарын түсінбеймін. Бәрібір мына референдумы болады ғой, – деді де көршіміздің үйіне қарай жүріп кетті...

Иә, референдум болады. Ақ орданың бұл кезекті сценарийі жүз пайыз орындалатынына ешкім күдік келтіре алмас, сірә. Қазақстанды алда президенттік сайлаусыз он жыл күтіп тұр. Бір партиялы парламент жасақталғанда үнсіз қалған қазақ қоғамы авторитарлық билікті жатырқамайтынын әлдеқашан танытқан. Демократияның алғы шарты – сайлаумен қош айтысқалы тұрмыз. Бұрындары «тәуелсіз Қазақстан тарихында бірде-бір рет әділ сайлау болмады» деп, тасада отырып «ойбай, аттанға» басушы едік. Енді мүлдем сол сайлаумен қоштаспақпыз. Қош бол, Сайлау!...

Өскеменде өткен жиында бүгінгі бас ақынымыз Олжас Сүлейменовтың сөзіне дені дұрыс қазақ тағы да одырая қарады. Баяғылар «Батыр, батырып айтпаса несі батыр» деуші еді. Ауызынан Алаштың асылы Бауыржан Момышұлын тастамайтын генерал Бақытжан Ертаевтың сайрағанын көргенде, сарай бұлбұлы Ертісбаевтан несі кем дерсің.

Ал «оппозициямын» деп жүрген ат төбеліндей топ халықты соңынан ертіп, қазақты ұйытатын сөз айтқанын көріп пе едік? Олар да атқарушы билік сияқты – қазақты алыста тұрып сүйеді. Кеше «Азат» ЖСДП келер жылдың 29 қаңтарында Республикалық демократиялық форум өткізуге шақыратындарын мәлімдеді. БАҚ бетінде күнде айтылып жүрген елдегі жалпы жағдайды жария етті.

Мәжілістегі креслосынан айрылып, «Әділет» партиясына барған Серік Әбдрахманов бүгін көк жәшіктен: «Референдум Президент айналасындағы мұрты майланға топқа тиімді» деп салды. Президентке «Елбасы» мәртебесі берілмей тұрғанда 86-дағы зобалаңға сонау кеңес кезінен бері билікте отырғандардың барлығын кінәлаған «жұмыртқа лақтырғыш желтоқсандықтар» әзірге үнсіз отыр.

Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына ұсынар лайықты альтернативасы жоқ болса, «оппозициямын» деп жүрген партияларға тарау керек шығар. Әлде олар, саясаттанушы Досым Сәтпаев айтпақшы, «нотариальдық кеңсеге» айналған парламенттен дәмелі ме?

P.S. Төрт жастағы ұлымды ертіп далаға шықтым. Шанаға отырғызып сүйретпек едім, кеше жауған қарды көрген балам «ақшақар жасайықшы» деп әлек салды. Екеуіміз әппақ қардан домалақтап ақшақар тұрғыздық.

Түсте біздің үйге келіп кеткен мұғалима апайды кездестірдім. Көңілді көрінеді.

– Не болды, Күлән апай? Бәрі қол қойып берді ме? – дедім.

– Қойған-қоймағанын қайтесің! Бастысы – өзіме берілген үш көшені тез аралап біттім, – деп балаша мәз болды.

Сол мезетте балам айқайлап жылап жіберді. Не болып қалды деп жалт бұрылсам, ұлым екеуіміз тұрғызған ақшақарды өзі абайсызда бұзып алыпты...
XS
SM
MD
LG