Қаңтардың 6-сында күндізгі сағат 11 кезінде Орал қаласында облыстық әкімдікке жақын маңда жиналған бірнеше адам Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасына өз қарсылықтарын білдірді.
Олар кеуделеріне «Мен референдумға қарсымын», «Мен еркін және әділ сайлау өтуін қалаймын», «Назарбаев менің президентім... және мен бұған ештеңе істей алмаймын» деген жазулары бар қағаздар тағып, Абай атындағы алаңда сап түзеп тұрды. Бұлардың арасында «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияров пен «Надежда» газетінің тілшісі Санат Орыналиев те бар еді.
Алаңда тұрғандарға келген прокуратура өкілі олардың ісі заңға қайшы екендерін бірнеше рет ескертіп, акцияны дереу тоқтатып, тарауларын талап етті. Бірақ жиналған жұрт орындарынан қозғалмай, үнсіз тұра берді.
Бұдан соң облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Бисен Төремұратов
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсылық білдіріп алаңға шыққандарды полицияның ұстауы. Орал, 6 қаңтар 2011 жыл.
бастаған полицейлер алаңда тұрған бес адамды автобусқа күштеп мінгізіп, қалалық полиция басқармасына алып кетті. Акция бас-аяғы жиырма минуттай уақытқа созылды.Құқық қорғаушы Павел Кочетков полицейлердің әрекетін заңға қайшы деп санайды.
– Ол жерге ешкім ұран көтеріп шыққан жоқ, адамдар үнсіз ғана тұрды. «Мен референдумға қарсымын», «Мен еркін және әділ сайлау өтуін қалаймын» деген жазулары бар қағаз парақашалар оларды ұстауға негіз бола алмайды. Оларды ұстау – адам құқығын көпе-көрнеу бұзу. Біздің елімізде бұл таңғаларлық жайт емес. Бұдан кейін болатын сот пен ұсталғандарды жазалау да сондай. Енді оларды 15 тәулікке дейін қамап қоюы әбден мүмкін, – деді Павел Кочетков Азаттық радиосына.
Қазақстан парламенті Сенаты бейсенбі күні ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуға қатысты Конституцияға өзгеріс енгізу туралы Мәжілістің ұсынысын бірауыздан қолдады.
Назарбаевтың президенттік өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізуді жақтайтын бастамашы топ желтоқсанның 27-інен бастап ел азаматтарынан қол жинауға кіріскен еді.
Бастамашы топ жетекшісі Ерлан Сыдықов қаңтардың 6-сы күні журналистерге берген сұқбатында осы кезге дейін 3 миллионнан астам қол жинағандарын мәлімдеді.
Былтыр 70 жасқа толған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Ол соңғы рет 2005 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті болып жеті жылға қайта сайланған болатын.