Accessibility links

«Қорғас» кеденіндегі контрабандаға қатысты тағы бір күдікті шетелде ұсталды


Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде кезекте тұрғандар. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.
Қазақ-қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде кезекте тұрғандар. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.
Интерпол өкілдері мамырдың 29-ы күні Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласында «Әулие Талғат» деген лақап есімі бар Қазақстан азаматы Талғат Қайырбаевты ұстады деп хабарлады Қазақстан қаржы полициясының баспасөз қызметі.

Қаржы полициясы қылмыстық топ құрып басқарған және «Қорғас» пен «Қалжат» кедендері арқылы экономикалық контрабандамен айналысқан күдікті ретінде Талғат Қайырбаевқа қылмыстық іздеу жариялаған болатын. Қазір күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатқаны хабарланды.

Биыл мамыр айының басында Қазақстан қаржы полициясы лауазымды қызметкерлер мен қылмыс әлемінің өкілдерінен құрылған топтың әшкереленгені туралы мәлімдеген еді. Құқық орындарының деректері бойынша, 100 адамнан құралған топ ұзақ уақыт бойы «Қорғас» және «Қалжат» кедендері арқылы Қытайдан Қазақстанға контрабандалық тауарларды жеткізумен айналысқан.

Осы іс бойынша қаржы полициясы бірнеше лауазымды адамдарды тұтқындады. Сонымен бірге Қазақстан қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрібозов қызметінен алынды.
XS
SM
MD
LG