Accessibility links

Келмеген Стинг пен болмаған той


Жастар сарайының алдында жол жүру билетін алу үшін кезекте тұрған зейнеткерлер. Астана, 13 сәуір 2011 жыл. Көрнекі сурет
Жастар сарайының алдында жол жүру билетін алу үшін кезекте тұрған зейнеткерлер. Астана, 13 сәуір 2011 жыл. Көрнекі сурет

Қазақстанда Астана күні мерекесінен кейін Стингтің концертіне билет алған азаматтардың ақшасы қайтарыла бастады. Шілденің 6-ында жауған нөсер гала-концертті өткізуге кедергі келтірді.


Астана қалалық әкімдігінің хабарлауынша, билеттердің құны Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша қайтарылып жатыр. Арнайы ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, бұл үш қалада бес мыңға жуық билет (барлық билеттің 70 пайызы) сатылып кеткен екен.

Әйгілі британдық әнші Стинг Астана күніне орай шілденің 4-і күні концерт беруі тиіс болатын. Бұдан кейін әншінің Алматы мен Қарағанды қалаларында да концерті жоспарланып еді. Алайда шілденің 3-і күні әншінің вебсайтында Маңғыстау мұнайшыларын қолдау мақсатында Астана мерейтойына бармайтындығы жайлы ақпарат пайда болды.
Назарбаев келуі тиіс болған концертте "жарық пен дауыс театры" үлгісіндегі қойылым жоспарланған екен. Оған керекті техника 4 елден 5 жүк ұшағымен және 10 жүк көлігімен жеткізілген.

Әйтсе де, Стингтің келмеуінің нақты себебін тек интернет қауымы ғана білген сияқты. Себебі, әншінің келмейтіні белгілі болған кезде Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мен мемлекеттік ақпарат құралдары әнші «ұйымдастыру-техникалық себептерге байланысты» келе алмайды деп ақпарат таратып жатты.

Стингтің концертіне қатысу үшін Алматыдан Астанаға арнайы келген Алма есімді тұрғын да әншінің елге не себепті келмегенін білмейтін болып шықты.

- Білмеймін. Бұл турасында тіпті ұйымдастырушылардан да сұрамаппын. Керегі де жоқ, - дейді Алма.

Ол әлемдік деңгейдегі танымал әншінің Қазақстанға келмеуін тіпті «жаңалық емес» деп есептейді.
Ұлыбританиялық рок әншісі Стинг Қазан қаласының әуежайында тұр. 3 шілде 2011 жыл

- Шын мәнінде осылай болатынын білгем. Қазіргідей жағдайда әлемдік деңгейде танымал әншінің Қазақстанға келуі мүмкін емес сияқты. Сондықтан оның келмегеніне қатты өкінген жоқпын, - дейді Алма есімді сұхбаттасымыз.

Ол бүгін Алматыда 25 мың теңге тұратын билетінің құнын қайтарып алғанын айтты.

Астана мерекесі күндері тек Стингтің ғана емес, ауа-райының қолайсыздығына байланысты мерекені қорытындылайтын гала концерт те өтпей қалды.

«Астана - бақыт мекені» концертін өткізу шілденің 6-ы күні кешке белгіленген еді.

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, концерт алдында нөсер басталып, соның салдарынан концертке келген адамдар тарап кеткен. Ал жауын-шашынның салдарынан техникаға су өткен.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев келуі тиіс болған концертте "жарық пен дауыс театры" үлгісіндегі қойылым жоспарланған екен. Оған керекті техника 4 елден 5 жүк ұшағымен және 10 жүк көлігімен жеткізілген.

Шілденің 6-сы - Астана күні ғана емес, сонымен бірге Назарбаевтың да туған күні.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG