Accessibility links

«Өзін-өзі жарғандардың» туыстары олардың мәйітін оңай ала алмады


Көрнекі сурет. Сотталған азаматтың туысы қылмыстық атқару жүйесі комитеті кеңсесінің алдында тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл
Көрнекі сурет. Сотталған азаматтың туысы қылмыстық атқару жүйесі комитеті кеңсесінің алдында тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл

Құқық қорғау органдары түсініктеме беруден бас тартып отыр. Балқаш түрмесінде өлгендердің туыстары айтқан ақпарат пен ресми деректер арасында қарама-қайшылық бар.


Шілденің 15-і, жұма күні таңертең Қарағанды облысының тұрғыны Рүстем Сарғасқаев Балқаш колониясында мерт болған туысының денесін мәйітханадан ала алмай отырғанын айтып, Азаттық радиосына шағымданды. Ол Балқашқа кеше келген екен.

«НЕГЕ СҮЙЕГІН БЕРМЕЙДІ?»

- Жаңа жездем мен немере інім облыстық ішкі істер басқармасына кеткен. Қаулы ма, бірдеңе әкелу үшін. Туған бауырымыз ғой. Неге бермейді? – деп жылады Рүстем Сарғасқаев.
Оның айтуынша, полициядан ешкім бауырының өлімі жайлы хабар айтпаған. Түрмедегі қақтығысты жайлы ол қайтыс болған бауыры Талғат Сарғасқаевтың танысынан біліп, осында келген.

Оның айтуынша, полициядан ешкім бауырының өлімі жайлы хабар айтпаған. Ол түрмедегі қақтығысты қайтыс болған бауыры Талғат Сарғасқаевтың танысынан біліп, осында келген екен. Колония басшылығынан жарытымды жауап ала алмаған Рүстем туған ағасының өлген азаматтар тізімінде екенін кеше ғана естіпті.

Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Бахрейн Сертаев та өлген бауырының сүйегін ала алмай отырғанын айтқан еді.

- Олар (мәйітхана мамандары) «бізге қиын болып жатыр, денелері шашылып кеткен, соны қазір тексеріп жатырмыз» деп түсіндіріп отыр. Мәйітханада бізге өлген азаматтардың тізімін көрсетті. Бірақ олардың арасында кейбір азаматтардың туыстары жоқ болып шықты. «Үште келіңдер, қан аламыз туысқандарынан» деді. Колонияда ағамның баласы отырған еді, - дейді Бахрейн Сертаев.

«ОНДАЙ АҚПАРАТ АЙТЫЛМАЙДЫ»

Бұл істің жайын сұрап, таңертеңнен бері барлық құқық қорғау органдарына хабарласып шықтық. Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов «қылмыстық іс қозғалғаннан кейін барлық мәселе бойынша ішкі істер министрлігініне хабарласыңыз» деді. Ал Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Жанатай Сембеков қылмыстық атқару жүйесі комитетіне сілтеді.

Балқаш колониясының басшылығына хабарласқан кезде өзін таныстырудан бас тартқан колония қызметкерінен «ондай ақпарат айтылмайды» деген қысқа жауап алдық. Балқаш мәйітханасының телефоны да күні бойы үнсіз боп тұрды.

Өлген азаматтардың мәйітхана алдында тұрған туыстары жұма күні түске таман Балқаш қалалық ішкі істер басқармасына барыпты. Олар тергеушілерден мәйітті әкетуге рұқсат қағаз алмақ болған. Бірақ кейбіреулеріне ғана туыстарының сүйегін әкетуге тек түстен кейін рұқсат беріпті.

Рүстем Сарғасқаев та кешке жақын радиомызға хабарласып, бауырының сүйегін Қарағандыға әкетіп бара жатқанын айтты. Өзге сотталушылардың туыстарынан әзірше еш хабар ала алмадық.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ

Осы аптада республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті «өзін-өзі жарған» азаматтардың барлығы ауыр қылмыс жасап, 15 пен 32 жыл аралығында түрмеге кесілген адамдар екенін айтқан еді.

Бірақ мерт болған Талғат Сарғасқаевтың інісі Рүстем Сарғасқаев Азаттық
Бірақ мерт болған Талғат Сарғасқаевтың інісі Рүстем Сарғасқаев туған бауырының төрт жылға ғана сотталғанын айтты.

тілшісімен сұхбатта туған бауырының төрт жылға сотталғанын айтты.

- Ол (Талғат Сарғасқаев - Азаттық) негізі төрт жарым жылға кеткен. Енді бір жыл үш ай қалған болатын. 1970 жылғы, 42-ге келген, - деді Рүстем Сарғасқаев.

Рүстемнің айтуынша, Талғат Сарғасқаев «қайын атасының басын жарғаны үшін сотталған». Бірақ ол туысының анық қандай бап бойынша сотталғанын, оның әрекеті ауыр қылмыс деп саналар-саналмасын ашып айтқан жоқ.

- Ол әйелін қайын атасы жібермей қойған кезде, шығып бара жатып ұрған ғой, - дейді Рүстем Сарғасқаев.

Рүстем Сарғасқаевтың айтуынша, бауыры тірі кезінде ешқашан түрмедегі режимге шағымданбаған. «Марқұмның қандай да бір діни топтарға қатысы болып па еді?» деген сұрағымызға:

- Жоқ, бұрындары жоқ болатын. Қазір білмеймін енді, - деп жауап берді Рүстем Сарғасқаев.

Оның айтуынша, Талғат Сарғасқаев Балқашта 2004 жылдан бері тұрған.

- Ол кісінің отбасы бар. Әйелін атасы жібермей отыр ғой. Бір емес, екі баласы бар. Сол Балқаштың өзінде тұрған. Орта білімді. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген жоқ. Үнемі жекелеген жұмыс орындарында жұмыс істеді, - деді Рүстем Сарғасқаев Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғау органдары шілденің 11-іне қараған түні Балқаш қаласы маңында орналасқан АК-159/21 жалпы тәртіптегі колонияда бір топ сотталушының қашпақ болып, түрме күзетшісіне шабуыл жасағанын хабарлады. Сотталушылар мен түрме қызметкерлері арасында болған атыстан колонияның бір күзетшісі қаза тауып, бірнеше қызметкер жараланған.

Ресми ақпарат бойынша, «бүлікшілер» мен полициямен тіресі колония ішіндегі өндірістік базада жалғасқан, тұтқындар осы жерде өздерін-өздері жарып жіберген.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті кейіннен олардың барлығы ауыр қылмыс бойынша (ұрлық, қарақшылық, адам өлімі, зорлау, т.б) ұзақ мерзімге (15-32 жыл аралығында) сотталған азаматтар екенін, біреуі діни экстремизм бойынша айыпталғанын айтқан еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG