Accessibility links

Шопыр қыз бен полковник


Қатты асығыспын. Өте қатты. Қарға адым жер болса да такси ұстап тез жетуім керек. Саусағымды шошайтқанымша болған жоқ, бірінші жолақта келе жатқан көліктің алдын кесе өтіп, дәл жаныма ақ «Мерседес» шиқ етіп тоқтай қалды.

«Байтурсынова-Тимирязева, 300» дедім саңқ етіп. 200-ге апаратынын біліп тұрмын іштей.

«Садитесь» деген дауыстан кейін рөлде қыз отырғанын байқадым. Қасында тағы бір қыз отыр. Қыз түгендейтін жай жоқ - өзім асығыс, қабақ қатулы.

Аздан кейін шопыр қызымның асығып келе жатқан жолаушыны жолдан қалдыратыны мәлім болды. Басқа көліктер жанымыздан зуылдап өтіп жатыр, өтіп жатыр. Біз келеміз өгіз аяң, митыңмен. Бағана өзге көліктің алдын кесіп өтіп, шеберлік көрсетіп тоқтаған көлігім енді асығар емес.

- Ау, қарындас, жүрсеңізші тезірек, - дедім шыдам бітіп.

- ГАИ ұстап алса қайтесіз, жауап бересіз бе? - деп қояды шопыр қызым да жаратпай. «Ә» десең, «мә» деуге дайын тұрған сияқты.

- Қарындас мен ГАИ-дың полковнигімін. Жұмысқа асығып барамын. «Байтурсынова-Тимирязевада» ГАИ бар екенін білетін шығарсыз, - дедім мен де қабақты түйіп тастап.

Сол-ақ екен шопыр қызым құйғытып берсін. Әлгі озып кеткен көліктің бәрі артта қалды. Ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып, құйғытып келеміз.

Қорқып отырмын. Полковникпін деп нем бар еді? Керегі бола ма деп бір-екі періште мен әулиелердің атын атап тастадым.

Сөйткенше болған жоқ, екі көшенің қиылысында жол қозғалысын реттеп тұрған ГАИ ала таяғын көтеріп кеп қалды. Шопыр қызым, бар болғыр, ала таяқты көргенде екі жолдың ортасында тоқтай салды. Ыңғайсыз жағдайда тұрғанымызды түсіндім. ГАИ-дың жігіті де бізге қарай келе жатыр, алақанын ысқылап.

- Басыңыз! - дедім. - Неге тұрсыз, басыңыз педальді!

Сасқалақтаған шопыр қызыма «полковниктің» сөзі дем берген болуы керек, педальді түбіне дейін басып кеп жіберді. Орнынан ытқи қозғалған көлігіміз қарсы беттегі көліктің жанынан зу етіп өте шықты.

Артымызда не болып жатқанын қарауға жүрек дауаламады.
Діттеген жерге жеткен соң:

- Қыздар, кез-келген полковникке сене бермеңдер, жұрттың бәрі полковник емес, - дедім де түсіп кеттім.
XS
SM
MD
LG