Accessibility links

Бас прокуратура Атыраудағы жарылыстарды «Халифат сарбаздары» ұйымымен байланыстырды


«Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы Қазақстан билігіне талаптарын айтып тұр. («Ютуб» сайтындағы видеодан көрініс).
«Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы Қазақстан билігіне талаптарын айтып тұр. («Ютуб» сайтындағы видеодан көрініс).

Қазақстанның бас прокуратурасы Атыраудағы жарылыстарға қатысты қылмыстың толық ашылғанын хабарлап, оған «Халифат сарбаздары» ұйымының қатысы бар деп мәлімдеді.


«ҚЫЛМЫС ТОЛЫҚ АШЫЛДЫ»

Қазақстанның тергеу орындары Атыраудағы жарылыстарға «Халифат сарбаздары» атты ұйымының қатысы бар деп санайды. Бұл туралы Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков қарашаның 9-ы күні Астанада өткен брифингте мәлімдеді.

– Қазанның 31-і күні Атырауда жасалған террорлық жарылыстарға қатысты қылмыс толық ашылды. Қылмыстық топтың мүшелері - 1986 жылы туған Мейрамбек Албекұлы Ұсабеков, 1988 жылы туған Мирхат
Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
Исатайұлы Қалқаманов, 1983 жылы туған Әлімжан Болатбекұлы Сагенов анықталып, қолға түсті, олар өз кінәларын мойындады, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Бас прокуратураның ресми өкілінің айтуынша, тергеу ісі Атырауда ұсталған топтың «2009 жылы құрылғанын және топ мүшелерінің жихад мақсатымен шетелге шығуға ниеті болғанын анықтаған». Сонымен бірге ол бұл жарылыстарға «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») ұйымының қатысы бар деп мәлімдеді.

– Биылғы қыркүйек айында бұл топ «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») террорлық ұйымы мүшелерімен байланыс орнатқан. Бұл ұйымды биыл жазда Қазақстан Республикасының азаматтары Ринат Хабидолла, Орынбасар Мұнатов және Дамир Зналин Қазақстан аумағында жихад бастау мақсатымен құрған. Аталған адамдар қазіргі уақытта ауған-пәкістан шекарасында бой тасалап және халықаралық террористер жағында ұрыс қимылдарына қатысып жүргендіктерін атап өту қажет, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Қазақстан бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00
Жүктеп алу


Ол қазіргі кезде «террорлық ұйымның қылмыстық іс-әрекетінің алдын алып, мүшелерін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту үшін Қазақстан құқық қорғау және арнайы органдары барлық шараларды атқарып жатыр, оқиғаға қатысты жаңа деректер анықталған жағдайда, егер тергеу ісіне зиянын тигізбейтіндей болса, ондай ақпарат дереу қоғамға жеткізілетін болады» деді.

Атырауда қазанның 31-і күні таңертең бірінен соң бірі екі жарылыс – алғашқысы облыстық әкімдіктің маңында, екіншісі Сарыарқа ықшам ауданында болды. Екінші жарылыс болған жерден табылған ер адамның сүйегі Атырау қаласының тұрғыны, 1987 жылы туған Бауыржан Сұлтанғалиевтікі деп хабарлады оқиға болған күннің ертеңінде облыстық прокуратура.

Сонымен бірге, прокуратура Бауыржан Сұлтанғалиевтің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту жұмыстарының нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш құрал, жарылғыш жасауға қажетті компоненттер, сондай-ақ қолдан жарылғыш зат жасаудың нұсқаулығы табылғанын хабарлады.

Прокуратура қазанның 31-і күнгі жарылыстарға қатысты Қазақстан қылмыстық кодексінің "терроризм" туралы 233-бабына сәйкес екі қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

«ХАЛИФАТ САРБАЗДАРЫ»

Атырауда жарылыс болған күні «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») деп аталатын ұйым ол оқиғаны өз мойнына алатыны туралы интернет арқылы мәлімдеме таратты.

«Бұл екі жарылыстың тек үкіметке жасалған ескерту екенін айтқымыз келеді. Біз саналы түрде көп адамдардың өлімі мен жарақатына жол бергеніміз жоқ» деген мәлімдеме авторлары алдағы уақытта жағдай басқаша болатынын айтқан.

«Алайда билік енді біздің талабымызға құлақ аспаса, келесі шабуылдардан құрбандық көп болады» дейді «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобының мәлімдемесінде.

Бұл - соңғы екі аптада осы топтың атынан жасалған екінші мәлімдеме. Бұған дейін Рейтер агенттігі «Джунд әл-Халифат» деп аталған исламшыл топтың қазанның 21-інде араб телеарнасына видеожазбасын шығарып, Қазақстанды жаңадан қабылданған дін туралы заңның күшін жоюға шақырғанын хабарлаған. Топ өз талаптары орындалмаған жағдайда Қазақстан билігіне қарсы әрекет ететіндерін мәлімдеген еді.

КҮМӘН

Қазақстан қоғамында Атыраудағы жарылыстарға байланысты сан-саққа жүгірген болжамдар айтылып отыр.

Бірқатар саясаттанушылар бұған дейін белгісіз болып келген «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобы дегеннің мәлімдемесіне күмәнмен қарайды. Сарапшылар бұл қозғалыстың бұрын-соңды еш жерде бой көрсетпегендігін, Қазақстанда дін туралы жаңа заң қабылданған соң аяқ астынан қоғам назарына ілінгенін алға тартады.

Бұдан өзге, осы жарылыстарға тіпті Қазақстан билігінің қатысы болуы мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр.

Оппозициялық басылымдарда жарияланған сұқбаттарда қазір шетелде бас сауғалап жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев "Атыраудағы жарылыстар - Ақорданың қолдан жасаған іс-әрекеті болуы мүмкін" деген пікір білдірді.
XS
SM
MD
LG