«Соңғы шабуылдың өзін-өзі жару болғанын жоққа шығарамыз. Бомба аяқ асты жарылып кеткендіктен оны әкеле жатқан адам қатты азаппен қаза тапты» делінген «Джунд әл-Халифат» («Халифат сарбаздары») тобының SITE (Эс-Ай-Ти-И) зерттеу ұйымы веб-сайтында жарияланған үндеуінде.
«ЕСКЕРТУ»
Исламшыл топ өз хатында жарылыстың тек үкіметке жасаған ескертулері болғанын айтқан.
«Бұл екі жарылыстың тек үкіметке жасалған ескерту екенін айтқымыз келеді, біз саналы түрде көп адамдардың өлімі мен жарақатына жол бергеніміз жоқ» деген мәлімдеме авторлары алдағы уақытта жағдай басқаша болатынын айтқан.
«Алайда билік енді біздің талабымызға құлақ аспаса, келесі шабуылдардан құрбандық көп болады» делінген сайтта жарияланған шетелдік исламшыл топтың хатында.
Бұған дейін Рейтер агенттігі «Джунд әл-Халифат» деп аталған исламшыл топтың қазанның 21-інде араб телеарнасына видеожазбасын шығарып, Қазақстанды жаңадан қабылданған дін туралы заңның күшін жоюға шақырғанын хабарлаған болатын. Топ өз талаптары орындалмаған жағдайда Қазақстан билігіне қарсы әрекет ететіндерін мәлімдеген еді.
«ӨЗІН-ӨЗІ ЖАРҒАН АДАМ АНЫҚТАЛДЫ»
Қарашаның 1-і Атырау облыстық прокуратурасы осыдан бір күн бұрын Атырау қаласында жасалған жарылыста мерт болған адамның анықталғаны туралы хабарлап, оның аты-жөнін жариялады.
"Қаза тапқан адамның аты-жөні анықталды. Ол Атырау қаласында туған және осы қала тұрғыны, 20 желтоқсан 1987 жылы туған Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатұлы болып шықты", - деп жазылған Қазақстан бас прокуратурасының сайтында жарияланған ақпаратта.
Прокуратураның хабарлауынша, оны туыстары таныған және саусақ іздері бойынша идентификация жасалған.
Сонымен бірге, прокуратура "Бауыржан Сұлтанғалиевтің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту жұмыстарының нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш құрал, жарылғыш жасауға қажетті компоненттер, сондай-ақ қолдан жарылғыш зат жасаудың нұсқаулығы табылды. Тінту барысында табылған қолдан жасалған жарылғыш құрал қауіпсіз аймаққа шығарылып, жойылды" деп хабарлады.
Атырау облыстық прокуратурасының тергеу істерін бақылау жөніндегі басқарма басшысы Ғалымжан Құлманов облыс әкімдігі мен прокуратура жанында жарылған жарылыстарға қатысты Қазақстан қылмыстық кодексінің "терроризм" туралы 233-бабына сәйкес екі қылмыстық іс қозғалып отырғанын айтты.
ЖАРЫЛЫСТАН СОҢ
Атырау қаласында қазанның 31-і күні таңертең болған екі жарылыстан соң күні-түні қала көшелерін әскери көліктер кезіп жүзді.
Кешкі сағат 10 шамасында жергілікті құқық қорғау органдарының арнайы тобы қаладағы Авангард шағын ауданындағы №4 үйдің бірінші подъезіндегі пәтерлерге тексеру жүргізген.
Білетіндердің айтуынша, Бауыржан Сұлтанғалиев осыдан біраз уақыт бұрын осы Авангард шағын ауданындағы үйден пәтер сатып алып, сонда тұрған екен.
Ал қарашаның 1-і күні Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат Дәукенов қауіпсіздік мақсатында қаладағы 600 әлеуметтік объектіге бейнекамера қою туралы облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің шешімін жария етті.
БҰҒАН ДЕЙІНГІ ЖАРЫЛЫСТАР
Бұған дейін биыл Қазақстанның Ақтөбе қаласы мен Астанада жарылыстар болған еді. Қазақстанның тергеу орындары ол жарылыстардың екеуін де террорлық әрекетке қоспай, "жеке сипаттағы қылмыстық оқиға" ретінде көрсетуге тырысты.
Атап айтқанда, мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне келген жас жігіт өзін өзі жарып мерт болды, үш адам жараланды. Прокуратура 25 жастағы жергілікті тұрғын Рахымжан Махатовтың өзін-өзі жарып қаза болғанын "оның қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатымен" деп түсіндірді.
Ал мамырдың 24-і күні таңсәріде Астана қаласындағы Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысы маңында автокөлікте жарылыстан екі адам мерт болды. Қазақстан ішкі істер министрлігі «бұл террорлық акция емес, кездейсоқ оқыс оқиға» деп сендірмек болды.
Алайда, биыл жазда Атырау полициясы «экстремисті жою» бойынша өткізген операциясы кезінде бірінші мәрте «терроризм» деген сөзді қолдануға мәжбүр болды.
Құқық органдары тамыздың 29-ы күні «Атырау облысы мен көрші аймақтарда зорлық-зомбылықпен айналысты» деп күдік келтірген 20 адамды қоршауға алған, атыс кезінде біреуін өлтіріп, қалғанын тұтқындаған. Олардан қару-жарақ пен жарылғыш заттар да табылған деп хабарланды.
Оған дейін шілде айында Ақтөбе облысы Темір ауданында құқық органдары бір топ қарулы адамға қарсы ұрыс операциясын жүргізді. Оның барысында күдіктілердің тоғызы, ал құқық қорғаушылардың төртеуі мерт болды. Полиция күдіктілерді «дінді жамылған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері» деп сипаттады.
Ал шілденің аяғында Ақтөбе қаласының Қызылжар аумағында белгісіз адамдар үй ішінен полицейлерге қарсы оқ атып, кейін өздері тығылған үйге қоса жарылған.
Биылға дейін елге террористік қауіп төніп тұрған жоқ деген ұстанымда болған Қазақстан билігі Атыраудағы бұл жолғы жарылысқа қатысты бірден "терроризм" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап отыр.