Accessibility links

Елена Костюченко: Жаңаөзендіктер бейбіт келіссөзді қалаған еді


Нан алу үшін кезекте тұрғандар. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 ж. Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген фото.
Нан алу үшін кезекте тұрғандар. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 ж. Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген фото.

Жаңаөзендегі қайғылы оқиғадан соң екі күн сол қалада болып қайтқан ресейлік «Новая газета» басылымының тілшісі Елена Костюченко Азаттық радиосына сұқбатында өзі куә болған жайттарды баяндайды.


«ТАҢҒА ЖАҚЫН ТАҒЫ 43 АДАМНЫҢ ДЕНЕСІ ЖЕТКІЗІЛДІ»

— Ресми деректерге сәйкес, Жаңаөзенде 16 адам және Шетпеде 1 адам қайтыс болып, жүзден аса адам жарақат алған. Сіз оқиға болған жерде тұрғындармен, куәгерлермен кездесіп, сөйлестіңіз. Жаңаөзенде қанша адам қаза болуы мүмкін?

— Мен Жаңаөзенде болғанымда, Қазақстан билігі сол кезде қаза болғандар саны 11 адамға жеткенін хабарлады. Кейбіреулер 11, ал тағы біреулер 13 адам мерт болғаны туралы айтып жатты.

Қаза болғандар мен жараланғандарды алаңнан ауруханаға дейін жеткізген және таң атқанша сонда дәрігерлерге көмектесуге қалған қыз сол күні кешкі сағат тоғызға дейін мәйітханаға 21 адамның денесі жеткізілгенін айтады. Бірақ сағат тоғызда мәйітхананың қызметкерлері оның есігін жауып, кетіп қалған. Сөйтіп қаза болғандардың мәйіттерін көрші бөлмеге жинай бастаған, ол жерге таңға дейін тағы 41 адамның денесі жеткізілген.

Мен сол аурухананың хирург-реаниматологымен сөйлестім. Ол 16 желтоқсан күні
Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко.
Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко.
оның көз алдында 22 адамның жан тапсырғанын айтып берді. 17 желтоқсан күні тағы бір адам қайтыс болған.

Жараланғандар туралы да мүлде басқадай мәліметтер бар. Яғни, дәрігерлер мен куәгерлер жараланғандардың саны 17 желтоқсан күні таңертеңгілік 400-ге жуық адам болатын дейді. Адамдарды Ақтауға толассыз жөнелтіп жатты, өздігінен жүруге шамасы бар кейбір жаралылар ауруханаға бармаған. Олар бұл қаладан тезірек кетіп қалуды жөн санаған. Кейбір отбасылар қаза болған адамының денесін мәйітханаға бермеген.

Міне, сондықтан қаза болғандар мен жараланғандардың нақты санын есептеп шығу оңай шаруа емес. Және де, менің білуімше, билік кейбіреулердің денесін әлі күнге дейін туыстарына қайтармауы бұны одан сайын қиындатып отыр.

«АЛАҢДА АЛАҢСЫЗ ТҰРҒАН ҚАЛЫҢ ЖҰРТҚА ОҚ АТЫЛДЫ»

— Сізге Жаңаөзенде қару қолданылғаны туралы жұрт не айтты?

— Полиция «Өзенмұнайгаз» кеңсесінің бұрышынан айналып шыға келген бетте өртеніп жатқан ғимаратқа жай ғана қарап тұрған жұртқа бірден оқ жаудыра бастағанын айтты. Дәл осы көріністі маған өте көп адам — тек алаңда болғандар ғана емес, сонымен бірге оқиғаны көрші үйлердің терезесінен көргендер, сондай-ақ, дәл сол кезде осы жерден өтіп бара жатып куә болғандар айтып берді.

Жиналып қарап тұрғандардың көпшілігі сол жерге оқиғаны қызықтап барғандар болған, сол топты адамға қарсы оқ жаудырған. Анық белгілісі, қаза тапқандардың арасында екі бала болған — 10 жастағы ұл бала және 1995 жылы туған қыз бала.

— Қазақстан билігі полиция мен бейбіт халықтың өміріне топалаңды бастаған әлдебір арандатушы топ тарапынан қауіп төнген деп мәлімдеді. Сіз оған көз жеткіздіңіз бе?

— Жоқ, оған көз жеткізе алмадым. Полиция қызметкерлерімен мен де сөйлестім. Олар, әрине, тобыр бейбіт тұрғындарды, алаңның жанынан өтіп бара жатқандарды
Көшеде кетіп бара жатқан жұртқа қарсы қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғаны туралы айтылғанды ешкім растамайды.

соққыға жықты, оларға тас лақтырды дегенді айтады. Бірақ бір де бір куәгер бұл сөзді растамайды.

Мен Жаңаөзенде өте көп адаммен тілдестім. Олар тек ереуілшілер (бұрынғы мұнайшылар. - Азаттық) ғана емес, сонымен бірге сауда орындарының иелері және зардап шеккендермен сөйлестім. Көшеде кетіп бара жатқан жұртқа қарсы қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттері жасалғаны туралы айтылғанды ешкім растамайды.

Әкімшілікті жағып жібергені рас. «Өзенмұнайгаз» ғимаратына от қойды. Рас, бұл болған жайт. Алайда, сонда да, ғимаратқа өрт қойып жатса да, бұл үшін адамдарды атуға болмайды ғой.

«19 ЖЕЛТОҚСАНДА 800-ДЕН АСТАМ АДАМ ҰСТАЛҒАН»

— Жаңаөзенге төтенше жағдай енгізудің қажеттілігі бар ма еді?

— Мен тек журналист ретінде айта аламын: төтенше жағдай кезінде жұмыс істеу өте қиын. Аса күрделі екенін айтқым келеді. Теориялық тұрғыдан алғанда бәрі керемет сияқты: жастар мен ОМОН арасындағы қақтығысты тоқтату үшін күндізгі сағат 11-ден кешкі сағат 19-ға дейін коменданттық сағат жарияланады, күдікті дегендер тоқтатылып, тінтіп-тексеріледі.

Ал іс жүзінде, коменданттық сағат кезінде менің көргенім – күндіздің өзінде ер
Әкімшілік іс немесе қылмыстық іс қозғалған адамдардың тізімі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген фото.
Әкімшілік іс немесе қылмыстық іс қозғалған адамдардың тізімі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. Ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченко түсірген фото.
адамдарды көшеде ұстап, машинаға отырғызып полиция бөлімшесіне әкетіп жатты, сонда апарып аяусыз соққыға жықты. Және осының бәрі менің көз алдымда болды.

Коменданттық сағат мерзімін полиция сақтаған жоқ – тәулік бойы коменданттық сағатқа айналды. Әйелдер ер балалары мен күйеулерін дүкенге нанға жіберуге де қорықты. Менің көз алдымда дүкенге азық-түлік алуға келген адамды ұстап әкетті. Оның дүкенге келмеске амалы жоқ еді, себебі әйелінің аяғы ауыр, айы-күні жақын отырған. Кез келгенді беталды ұстап әкете берді.

Ешқандай телефон байланысы, интернет істемеді. Адамдар бір-бірімен хабарласа алмай қалды. Жақында Жаңаөзенде болып қайтқан әріптестерім ондағы адамдардың шектен тыс үрейлі екенін жеткізді.

Қаланың әр бұрышында бірнеше адам болып тұрған ОМОН жасағын көресіз, кейде оншақты болып тұрады, кез келген адамды, көліктерді тоқтатып, барлығының құжатын тексереді. Олар кез келгенді ұстай алады.

ОМОН-ның тоқтатқан адамның құжаттарын, ақшасын, мобиль телефонын тартып алып тонаушылық жасаған іс-әрекеттері туралы да естідім.

Аурухана хирургы 19 желтоқсанда өздеріне бір қыз баланың түскенін айтты. ОМОН оны тоқтатып, кейін зорлаған.

Мектептерде барлық сабақтар тоқтатылды. Мектептер мен балабақшаларда ОМОН орналасқан.

Тергеушілер ұсталғандармен бірге зардап шеккендерді тергеуге шақырып, жауап
Орталық алаңда жүрген жедел қимыл тобының сарбаздары. Жаңазен, 18 желтоқсан 2011 ж. «Новая газетаның» тілшісі Елена Костюченко түсірген сурет.
Орталық алаңда жүрген жедел қимыл тобының сарбаздары. Жаңазен, 18 желтоқсан 2011 ж. «Новая газетаның» тілшісі Елена Костюченко түсірген сурет.
алады. Барлығынан не жайында айтқанын жария етпеу туралы қолхат жаздырып алады. Егер журналистермен тілдесетін болсаңдар, қылмыстық іс қозғалады деп барлығын қорқытып қойған.

Мен Жаңаөзенде ұсталғандардың тізімін көрдім. 19 желтоқсан күні олардың саны 800-ден асатын. Сол күні тізімдегіден 50 адам босап шыққан еді. Сондықтан олардың саны 750 болуы әбден мүмкін.

400-ден аса адамның үстінен қылмыстық іс немесе әкімшілік іс қозғалды. Бұл жерде, жауапқа тартылғандардың көбінесе қысым, азаптау арқылы кінәні өз мойындарына алғандарын ескеру керек.

«Хьюман Райтс Вотч» халықаралық құқық қорғау ұйымының аға зерттеушісі Татьяна Локшина жаңа жылдың алдында Жаңаөзенде болып қайтты. Ол қазір Жаңаөзенде жұрттың әбден үрейленіп қалғанын, тіпті аты-жөнін атамай да ештеңе айтқылары келмейтінін, жай ғана кездесіп, әңгімелесуден де тартынатынын әңгімелеп берді. Жұрт ештеңені жарияламау туралы қолхат жазғызып алу, қылмыстық іс қозғау туралы қоқан-лоққыдан әбден қорқып қалған. Бірақ оған әріптестерімен бірге бірнеше куәгерлік деректер алудың сәті түсіпті, қазір «Хьюман Райтс Вотч» Жаңаөзен бойынша есеп дайындап жатыр.

БАЗАРБАЙ КЕНЖЕБАЕВТЫҢ СОҢҒЫ СУРЕТТЕРІ

— Сіз Жаңаөзенге қашан, қалай бардыңыз?

— Біз 18 желтоқсан күні таңертеңгілік жеттік. Мен ресейлік әріптестерімен бірге Мәскеуден Ақтауға ұшып бардым. Ақтаудан автокөлік жалдап Жаңазенге тарттық.

Автокөлікте мен, «Лента.ру» сайтынан Илья Азар, «Коммерсант» газетінің екі тілшісі – Владимир Соловьев пен Василий Шапошников болды. Біз блокпостан өткен кезде онда кезек ауысып жатқандықтан, Жаңаөзенге еш кедергісіз өттік.

Жаңаөзенге келген соң, жарық түскенше біраз күтуге тура келді. Жарық түскен соң біз көшелерді араладық: аурухана, өртенген әкімдік ғимараты, алаңда болдық. Содан кейін бөлініп әр жаққа кеттік, көп ұзамай, алаң маңынан әріптестерімді ұстап әкетті. Олар Жаңаөзенде бар болғаны екі-ақ сағат болды.

Полицейлер олардың жазбалары мен телефондарын мұқият тексерген екен. «Коммерсант» газетінің тілшісі Владимир Соловьевтың барлық жазбаларын, блокнотын тартып алған, онда журналист тілдесіп үлгерген адамдардың аты-жөні мен телефондары бар болатын. Қазір сол кезде сұқбат берген адамдар үшін бірқатар қиындық туындай бастады. Әйтеуір, Соловьевтің фотографы түсірген суреттерді жасырып үлгеріпті.

Маған жергілікті адамдар қатты көмектесті, мені өз киімдеріне киіндіріп, барлық сапарымда менімен бірге еріп жүрді. Жаңаөзенде екі жарым күндей болдым. Мені ешкім ұстаған да жоқ.

Менде қарапайым фотоаппарат болды және үнемі жасырын түсіруге тура келді. Күнделікті тұрмыс-тіршілік пен көшеде көргенімді түсірдім: ішкі істер бөлімі алдында
Елена Костюченко мына суреттегі көгерген іздері бар адам денесі Базарбай Кенжебаевтыкі дейді. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж.
Елена Костюченко мына суреттегі көгерген іздері бар адам денесі Базарбай Кенжебаевтыкі дейді. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж.
тұрған адамдар, нан алу үшін кезекте тұрғандар, алаңдағы орындықта қалған қанның дағы, ұсталғандардың тізімі, қоқыста жүрген ит, ауруханаға бара жолды бөгеп тұрған ОМОН суреттері.

Менде қазір Базарбай Кенжебаевтың суреті бар. Ол 16 желтоқсан күні тұтқындалған. Мамандығы - тракторшы, Жаңаөзенге жақын ауылда тұрған.

16 желтоқсан күні оның қызы босанған. Ол, шын мәнісінде, перзентханаға бара жатқан кезде ұсталған. Қамауда болған бір күннің ішінде оны аяусыз соққыға жыққан. Қызының күйеуі жағынан полицияда таныстары табылып, ол босап шыққан.

Біз онымен 19 желтоқсан күні күндіз сөйлескенбіз. Арада екі күн өткенде, мен оның қайтыс болғаны туралы хабар алдым. Оның іш құрылысына қатты зақым келіп, ішегі соққыдан жыртылып кеткен.

Ол қамаудан босап шығып үйге келген соң туыстары жедел жәрдем шақыра алмаған. Ол кезде Жаңаөзенде ешқандай телефон байланысы болмады. Ал Базарбайдың өзі көшеге шығуға қорыққан, себебі оны тағы да ұстап әкетуі мүмкін еді. Және екінші рет ұсталғандарды — ер адамдарды айтып отырмын, — полиция қайта шығармаған.

Туысқандары оны тек 21 желтоқсан күні кешке ғана ауруханаға жеткізген. Оның ішегі жыртылғанын анықтап, операция жасаған. Бірақ өте кеш жеткізген болуы керек. Ол қайтыс болады.

Базарбайдың бет-жүзіне де зақым келген еді, бірақ мен оның әлпетін суретке түсірмедім, белгілі себептерге байланысты. Менде оның арқа жонының суреттері
Базарбай Кенжебаевтың полициядан босап үйге келгенде үстінде болған жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. "Новая газетаның" тілшісі Елена Костюченконың қорындағы сурет.
Базарбай Кенжебаевтың полициядан босап үйге келгенде үстінде болған жейдесі. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. "Новая газетаның" тілшісі Елена Костюченконың қорындағы сурет.
бар. Арқасында соққыдан қалған көгерген іздер бар еді. Әйелінің айтуынша, ең ауыр соққы оның шабынан тиген. Бірақ, әрине, ол шығыс дәстүріндегі ер адам болғандықтан, бұл жарақатын маған көрсетуге намыстанды. Базарбай зәріне қан араласып шығатынын және полициядан босап келген соң кесек-кесек қан түкіргенін айтып берді. Екеуміз әңгімелескен кезде ол отырмақ болып бірнеше рет талпынып көріп еді, бірақ оған шамасы келмеді.

Мен оның ішкі істер бөлімінен шығып келгенде үстінде болған жейдесін суретке түсіріп адым. Жейде әбден қанға малынған.

Біз Базарбайдың есімін жариялаған кезде, бас прокуратура «ол жаппай тәртіпсіздік кезінде қайтыс болды» дегенді айтты. Мұнымен қоса: «Оны жарақат алған халде полиция емханаға жеткізген, бірақ ол емханада қалып ем қабылдаудан бас тартқан, сонан кейін барып қайтыс болды» деді.

Мен Базарбайдың өліміне қатысты әділ тергеу жүргізіледі, оның өліміне қатысы барлар жауапқа тартылады деп үміттенемін. Сондай-ақ, бүкіл әлемге өтірік айтқан бас прокуратура да өтірігі үшін жауап беруі тиіс деп санаймын. Адамның өліміне қатысты өтірік айтты. Олай істеуге болмайды. Ол қанша дегенмен осы елдің азаматы ғой, ал өз азаматына қатысты мемлекет бұлай істеуге тиіс емес.

«АДАМ РУХЫНЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫНА КУӘ БОЛДЫМ»

— Қазақстандағы бұл оқиға сіз үшін күтпеген оқиға болды ма? Жаңаөзендегі оқиғаны сіз қалай қабылдадыңыз?

— Мен осыған дейін Қазақстанда болмаған едім. Бірақ мен Қазақстанды «тұрақтылық аралы» деп есептеген емеспін. Себебі, менің жақын досым Қазақстанда туып-өскен. Оның әңгімелері Қазақстандағы тұрақтылық туралы емес-ті.

Бірақ, әрине, мұндай сұмдық көремін мен ойлаған жоқпын. Мені ең қатты таңқалдырған нәрсе адамдарға оқ атылғаны да емес. Себебі, мен ол қалаға бара жатқанымда адамдардың оққа ұшқаны туралы естіп алған едім.

Мені ең таңғалдырғаны – 17 желтоқсан күні Жаңаөзенде адамдардың алаңға
Автокөліктерді тексеру. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. "Новая газетаның" тілшісі Елены Костюченконың қорындағы сурет.
Автокөліктерді тексеру. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. "Новая газетаның" тілшісі Елены Костюченконың қорындағы сурет.
шыққаны болды. Билікпен бейбіт келіссөз өткізуге дайын екендерін білдірген.

Сол күні бас алаңға шыққан. Ол жерде бес мыңға жуық адам болған, яғни 16 желтоқсандағыдан екі есе көп адам шыққан. Олар қолдарына «Бейбітішілік болсын!» деген жазуы бар ақ мата ұстап тұрған.

Міне, бейбіт келісімдерді өткізуді сұрап осы жерде жеті ай бойы тұрған және алаңда болған қанды қырғынның ертеңінде де бейбіт келісімге келуге ұмтылған жаңаөзендіктердің бұл қылығы мені қатты таңғалдырды.

Жеті ай бойы бейбіт түрде наразылық танытып тұрудың өзі адам таңғаларлық нәрсе болса, желтоқсанның 16-сынан 17-не қараған түні қанды қырғынды басынан өткеріп, туысқандарын жоғалтқан халықтың тағы да бейбіт шеруге шығуы мұнан да өткен таңғаларлық нәрсе... Мен қызыл сөздің адамы емеспін, бірақ бұл – адам рухының ең биік көрінісі еді.

Мен жаңаөзендіктерге, барша қазаққа бұл қасіретті қайсарлықпен жеңіп шығуын тілеген болар едім.

— Сұқбатыңыз үшін көп рақмет.
XS
SM
MD
LG