Жаңаөзенде желтоқсанның 22-і күні президент Назарбаевқа жолыққан Алдоңғар Телеқосов деген 63 жасар мұнайшыны енді полиция іздестіріп жатыр. Бұған дейін іздеу жарияланғандардың арасында оның да аты-жөні барын Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлзада Төлеуғалиева растады.
- Бағыттама жарияланған 26 адамнан қазір 9 адамға іздеу жалғасып жатыр. Қалғандарына жаппай тәртіпсіздікке қаншалықты қатысы барлығын анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұлғасы анықталмай қалып отырған 9 адамның ішінде Телеқосов та бар. Оларға бағыттама жарияланған, - деді Гүлзада Төреғалиева Азаттық тілшісіне.
Баспасөз хатшысы қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторында 13 адам қамауда отыр деген ақпаратқа қатысты өзінде мәліметтің жоқ екенін айтты.
- Бұл Жаңаөзен коменданты Қабылов айтқан тұтқынға алынғандар болуы мүмкін. Олар ең алғаш ұсталған адамдар, - деді Гүлзада Төлеуғалиева.
ҚАЗА БОЛҒАНДАР САНЫ 17 АДАМ
Жаңаөзенде 16 желтоқсандағы оқиғада жарақат алған тағы бір адам жексенбі күні қайтыс болғаны туралы дүйсенбі күні Азаттық радиосына Жаңаөзен қаласының орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жапарова хабарлады.
"Кеше, желтоқсанның 25-інде таңғы сағат 7-де 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиғада жарақат алған 1967 жылы туған Оразбай Мәмбетназаров есімді азамат қайтыс болды. Ол ауруханаға 17 желтоқсан күні түсті. Еш жерде жұмыс істемейді", - деді Раушан Жапарова Азаттық тілшісіне.
Ол қазіргі таңда Жаңаөзен ауруханасында жараланған 11 адамның ем қабылдап жатқанын да айтты.
Осылайша, 16-17 желтоқсан күндері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында болған оқиғалар салдарынан қаза болғандар саны 17 адамға жетіп отыр.
Ресми деректер бойынша, осы оқиғалар кезінде 108 адам зардап шеккен.
ІЗДЕУГЕ ІЛІНГЕНДЕР "ӨЗДЕРІ ТАБЫЛДЫ"
Жаңаөзендегі оқиғаларға байланысты полиция іздеу салған мұнайшылар істің анық-қанығын білу үшін қалалық прокуратураға өз еріктерімен барған. Бұл туралы Азатық тілшісіне мұнайшылардың өздері хабарлады.
Желтоқсанның 24-і күні мұнайшыларға іздеу салынған бағыттамадан кейін бірнеше мұнайшы өздерін неге іздеп жатқандарын білу үшін қалалық прокуратураға барғандарын айтады. Солардың бірі - «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшысы Жанат Мұрынбаев. Онымен бірге Нұрлан Түркебаев, Ақиса Орынбасынов, Орынбасар Түркебаев, Оразбай Тұрсынбаев есімді тізімге іліккен басқа да мұнайшылар барған.
- Бейнетаспада ереуілдеп тұрған менің сұлбам бар екен. Менен «Кім өртеді? Кім бастады? Сен істедің бе, жоқ па?» тәрізді сауалдарды қойды. Тергеуге барып жүргеніме үш күн болды, - деді Жанат Мұрынбаев Азаттық тілшісіне телефон арқылы.
Тергеуге шақырған мұнайшыларға ілесіп олардың ата-аналары мен әйелдері де
Іздеуге ілінгендерді тапқан адамдарға сыйақы берілетінін естіген кезде әйеліме "Ақшасыз отырмыз ғой. Мені жетелеп апарып, сыйақы талап ет" деп әзілдедім.
барып жүр екен. "Біз шыққанша олар есік алдына күн ұзақ күтіп отырады" дейді мұнайшылар.
Ал тізімде тұрған тағы бір мұнайшы Естай Қарашаев желтоқсанның 16-сы күні алаңда болмағанына қарамастан тергеуге алынғанын айтады.
- Менен "Сен сол күні қайда болдың? Алаңға неге бармадың? Мүмкін сен әдейі кетіп қалып үйде ұымдастырып жатқан боларсың?" деді. Іздеуге ілінгендерді тапқан адамдарға сыйақы берілетінін естіген кезде әйеліме "Ақшасыз отырмыз ғой. Мені жетелеп апарып сыйақы талап ет" деп әзілдедім, - деді Естай Қаршаев Азаттық тілшісіне. Желтоқсанның 25-і жексенбі күні Азаттықтың тілшісімен телефон арқылы тілдескен мұнайшы сол күні кешкісін тергеуден уақытша босатылғанын хабарлады.
ҚАУҚАРСЫЗ ҚОҒАМДЫҚ КОМИССИЯ
Бұған дейін желтоқсанның 24-і күні премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеев бастаған Жаңаөзен оқиғаларын тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссиямен кездесу барысында оған барған жаңаөзендік тұрғындар мен мұнайшылар оқиғадан кейін себепсіз қамауға алынып, соққыға жығылып жатқандардың жағдайына көз жеткізу мақсатында қоғамдық комиссия құруға қол жеткізген еді.
10 адамнан құрылған бұл комиссияға қала тұрғындары мен мұнайшылар кірген болатын. Алайда Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасындағылар 10 адамның бәрінің бірдей кіруіне рұқсат жоқ деп, тек үш адамды басқарма ғимаратының ішіне кіргізуге шешім қабылдаған.
Осы комиссия мүшесінің бірі Айсұлу Амангелдиеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, басқарма ішін қарап шығуға Мұнайбай, Сағымбай және Дәметкен деген адамдар кіруге мүмкіндік алған. Олармен бірге жергілікті ұлттық қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары мен облыс прокурорының орынбасары Бақыт Артығалиев болған.
- Олар уақытша ұстау изоляторында 13 адамның отырғанын көрген. Арасында Досмағамбетов Мақсат пен Нарын деген ереуілде тұрған мұнайшы жігіт бар екен. Құқық қорғау орыны қызметкерінің бірі олардың сотталатындар екенін айтыпты. Мақсат Досмағамбетовке 32-бап бойынша айып тағылып отыр екен, - деді Айсұлу Амангелдиева.
Оның ойынша, қоғамдық комиссия құрылды дегенмен, өкілеттіліктен жұрдай.
- Шүкеев мырзаның келуін күтіп жүрміз. Тағы рұқсат алуымызға жәрдемдесуін өтінбекпіз, - дейді комиссия мүшесі.
Айсұлу Амангелдиеваның айтуынша, вице-премьер Өмірзақ Шүкеев бастаған комиссиямен кездесуге бір қыз бала келіп, перзентханаға бара жатқан жерінде полиция әкесін ұрып өлтірді деп мәлімдеген.
- Ол жылап, «Әкемді ұстап алып кеткен соң ұрып өлтірді. Мені де ұрды. Ол жердегі адамдарды құтқарыңдар!» деп айқайлады, - деді Айсұлу Амангелдиева Азаттық тілшісіне.
Желтоқсанның 25-і Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасынан мұнайшыларды тергеу амалдары мен қоғамдық комиссияның шағымына қатысты қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. Бағыттамаға ілінгендердің нақты қаншасы қамауға алынғаны туралы да әзірше анық мәлімет жоқ. Азаттық радиосы нақты дерек алысымен мағлұматын жаңартып отырады.