Accessibility links

ОСК Жаңаөзенде сайлау өткізу туралы қаулы қабылдады


Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.
Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Жаңаөзенде 15 қаңтарда парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу туралы қаулы қабылдады деп хабарлады комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Қуандық Тұрғанқұлов ОСК-нің 2012 жылғы 6 қаңтардағы "Жаңаөзендегі төтенше жағдай тәртібі жағдайында сайлау заңнамаларының қолданылу ерекшеліктері туралы" қаулысының күшін жойғанын хабарлады.

"Жаңаөзенде сайлау комиссияларының қызметі жұмысы тоқтатылған болатын, бірақ барлық сайлау құжаттары, сондай-ақ әдістемелік және ақпараттық материалдар сақталып қалды. Ең бастысы, сайлаушылардың конституциялық құқықтары қайтадан берілетін болды және 15 қаңтарда Жаңаөзенде және республика бойынша сайлау өтеді" деді Тұрғанқұлов.

Ол сондай-ақ төтенше жағдай тәртібіне орай белгілі бір шаралар болатынын, бірақ оның сайлау учаскелерінің жұмысына еш әсер етпейтінін ескертті. Тұрғанқұловтың айтуынша, қазақстандық және шетелдік бақылаушылар Жаңаөзендегі сайлауды бақылауға жіберіледі.

Қаңтардың 6-сында конституциялық кеңес 17 желтоқсанда төтенше жағдай тәртібі орнатылған Жаңаөзенде парламент сайлауын өткізудің жөнсіздігі турасында шешім шығарды. Бұл сол күні ОСК-нің Жаңаөзенде парламент мәжілісінің сайлауын өткізбеу туралы қаулы қабылдауына әсер етті. ОСК сондай-ақ Жаңаөзенде мәслихат депутаттарының сайлауын да төтенше жаңдай мерзімі аяқталған соң өткізу туралы да қаулы қабылдаған. Қаңтардың 10-ы күні президент Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық кеңестің шешіміне вето қойды, конституциялық кеңес оны "еңсере алмады".

Жаңаөзенде 16 желтоқсандағы оқиғалардан соң желтоқсанның 17-сінде президент Назарбаев қаңтардың 5-іне дейін төтенше жағдай тәртібін енгізу туралы жарлық шығарды. Ал қаңтардың 4-і күні оның мерзімін қаңтардың 31-іне дейін ұзартты.
XS
SM
MD
LG