Accessibility links

Біз емей, кім?!


"Күйеу бала". (Сәбиттің карикатурасы)
"Күйеу бала". (Сәбиттің карикатурасы)

...Осымен әлем шіркін тырп етпей тоса тұрсын, тоқтай тұрсын, біз әлі талайға талайды көрсетіп, талай рет бірінші боламыз!


Үмбекең деген құрдасым бар, күн сайын кездесіп, сағат сайын сөйлесіп жүреміз. Бүгін таңертең кездесу алдындағы сөзінде ол былай деді:

- Мен, міне, бері қара, балконыма шығып тұрмын. Жан-жағымдағы балкондарда көршілер тұр. Менің оларда, олардың менде шаруалары жоқ. Бәріміз - тәуелсізбіз. Тәуелсіздік деген бір рахат нәрсе, ә?!

- О, рахат болғанда қандай!

- Совет Одағы келген ізімен кері кетірілсін делінген қаулыға Мәскеуде жазушы ағамыз Әнуар Әлімжанов қол қойысымен біз: «Әне, қазақ қол қойды, сондықтан тәуелсіздікті біз бірінші кезекте алуға тиіспіз!» деп қиғылық салып, бірінші орынға шыққанымызда ғой, тіпті рахат болатын еді, ә?!

- Сонда сен, қалай, жиырма жыл бойы өкініп жүрсің бе?

- Жо-ға. Оның есесіне, айтпақшы, кеше бір гәзеттен «Алматының метросы әлемдегі ең таңдаулы метролардың қатарына қосылды» деген хабар оқыдым.

- Тағы не жаңалық бар екен?

- 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың 80 жылдығына Астанада ескерткіш орнатылатын болыпты. Президентіміз айтыпты. Е-е, содан кейін Астанада сазгер атамыз Құрманғазыға ескерткіш қою ұйғарылыпты... қап, қарашы, қайынағам келе жатыр, әне, көрдің бе, содан кейін сөйлесерміз, - деп тәуелсіз Үмбекең телефонын тәуелді етті.

«Алматының метросы әлемдегі ең таңдаулы метролардың қатарына қосылды» деп пе?.. Қосылмағанда ше?! Әлемдегі мемлекеттер арасында метросын отыз жыл бойы салған, әлі де бітіре алмай жатқан бірінші – біз емей, кім?!

«1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың сексен жылдығына Астанада ескерткіш орнатылатын болыпты» деп пе? Орнатылмағанда ше?! Алматыда орнатылар орыны белгіленіп, тасбелгі қойылғалы қырық жыл болған ескерткішті Астанада қоймақшы бірінші – біз емес, кім?!

«Астанада сазгер атамыз Құрманғазыға ескерткіш қою ұйғарылыпты» деп пе? Ұйғарылмағанда ше?! Хан бабамыз Абылайға ескерткіш орнатуға тәуелсіздігіміздің жиырма жылы бойы Астанада орын таба алмай, сазгер атамыз Құрманғазы ескерткішіне орын тапқан бірінші – біз емей, кім?!
«Бір қайғы...» - тфу! - бір ой жүз ойды қозғады.

60-70 жыл бойында қалыптасқан халық шаруашылығы салаларын, ғылым-білімді, мәдениетті 6-7 айдың айналасында ту-талақай еткен бірінші – біз емей, кім?!

«Бұған дейін шекарасы болмаған, мемлекеті, әскері болмаған» қазақ жерінің шекарасын «белгілеген», мемлекетін «орнатқан», әскерін «жасақтаған» бірінші – біз емей, кім?!

Кеңбайтақ жерінің 75 пайызын асты-үстіндегі байлығымен жателдік пайдакүнемдерге толайым берген бірінші – біз емей, кім?!

«Бай – бай болады; кедей – кедей болады!» деген «теорияны» ойлап тапқан бірінші – біз емей, кім?!

Он жыл ішінде аты-жөні мәлім және беймәлім жиырма шақты миллиардер «өсірген» бірінші – біз емей, кім?!

Мемлекетінің атымен аталған «Қазақгейт» дегенді шығарған бірінші – біз емей, кім?!

Елде демократиялық таңдаудың болуын керек етпей, жас демократтар ұйымын тас-талқан еткен бірінші – біз емей, кім?!

Оппозицияны атажауындай көріп, басшыларының алдыңғыларын аттыртып тастаған, соңғыларын түрмеде шіріткелі жүрген бірінші – біз емей, кім?!

Халқының қол-аяғын буып, ереуілге есігінің алдына да шығартпай, шыға қалғанын ойсыз-түйсіксіз полициясына қуалап жүріп сабатып, аутомәшінге тиетіп ала жөнелдіруші бірінші – біз емей, кім?!

Тәуелсіз баспасөзді шілше теуіп келе жатқан бірінші – біз емей, кім?!

Сайлау атаулы шараны шатқаяқтатып, бюллетенін биліктің қолымен санап жүрген бірінші – біз емей, кім?!

Парламентті «қой аузынан шөп алмас» қауымға айналдырған бірініші – біз емей, кім?!

«Халықтар ассамблеясы» деп вице-парламент сияқтыны құрып алған бірінші – біз емей, кім?!

Халқына жиырма жыл бойы «арзандады» деген сөзді естіртпей, жаппай қымбатшылықтың қыспағында ұстап отырған бірінші – біз емей, кім?!

Халқын «байытқаны», адам құқығын аяқасты «етпегені», демократия талаптарын «құрметтегені» себепті әдемдегі озық он елдің, елу елдің қатарынан орын «алған» бірінші – біз емей, кім?!

Нән шенеуніктерінің заңды талақ ете салдыртып алған сан қабатты әшекей сарайлы ауылдарындағы иттің үйшігіне де тиіспей, қарапайым қазағының «заңсыз» салынған ауылдарын астаң-кестең ойрандаған бірінші – біз емей, кім?!

Осындай «жетістіктеріміз» үшін президентіміз Н. Назарбаевты жердің үстіне сиғыза алмай, ғарышқа көтере мақтап-мадақтап, Мұхаммед пайғамбарға ұқсатып, Нұх пайғамбарға теңеп, жәдігөйлене жанталасып келе жатқан бірінші – біз емей, кім?!

Айтпақшы, Жаңаөзенде ереуіл жасаған қазағына анау басқа шет елдерше әуелі көзін улар газ шашып, одан соң денесін жарақаттар резеңке оқ атып шатылмай, бірден қорғасын оқ жаудырған, сөйтіп 17 адамды өлтіріп, жүз шақтысын жаралаған бірінші – біз емей, кім?!

...Осымен әлем шіркін тырп етпей тоса тұрсын, тоқтай тұрсын, біз әлі талайға талайды көрсетіп, талай рет бірінші боламыз!

(04. 03. 2012 ж.)
XS
SM
MD
LG