Accessibility links

Игорь Винявский түрмеден шықты


«Взгляд» басылымының бас редакторы Игорь Винявский түрмеден шықты. Алматы, 15 наурыз 2012 жыл.
«Взгляд» басылымының бас редакторы Игорь Винявский түрмеден шықты. Алматы, 15 наурыз 2012 жыл.

Алматыдағы ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында жатқан Игорь Винявский наурыздың 15-і күні босап шықты. 23 қаңтардан бері қамауда болған журналисті әріптестері мен құқық қорғаушылар күтіп тұрды.


«Взгляд» басылымының бас редакторы Винявскийдің адвокаты Геннадий Намның сөзінше, жазаны өзгертуге қатысты сот бүгін кешкі сағат 18-де Алматының Алмалы аудандық сотында өткен.

– Прокурор тағайындалған жазаны өзгертуге өтініш жасады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды. Енді Винявскийге қатысты іс жабылды, – деді адвокат Геннадий Нам.

«МАҒАН ЫҢҒАЙЛЫСЫ – ТОП БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУ»

– Маған қылмыстық кодекстің 170-бабының 2-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру» туралы. Ал осы баптың 2-тармағы «қылмысты бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып немесе ұйымдасқан топпен жасау» жайлы. Тергеу барысында бұл дәлелденген жоқ. Сондықтан 1-тармағына ауыстырды. 1-тармағы бойынша қылмыс – «аса ауыр емес». Ол бойынша екіден бес жылға дейін соттайды. Мен амнистияға өтініш жаздым. Өтінішімді орындап, істі тоқтатты, – деді абақтыдан шыққаннан кейін журналистерге түсініктеме берген Игорь Винявский.

Журналистер «амнистияға өтініш жазғанда кінәңізді мойындадыңыз ба» деп сұрап еді, Игорь Винявский:

– Маған ыңғайлысы – топтың болмағанын мойындау болды, – деп жауап берді.

«Екі айға жуық қамауда болу саяси көзқарасын еш көзгертпегенін» айтқан журналист «жағдайым жаман емес, бірақ балаларымды көргім келіп тұр» дейді.

Игорь Винявский босап шыққан қамау мекемесінде оппозиция белсендісі Владимир Козлов та жатыр. Журналист «Козловтың жағдайы жаман емес» екенін айтты.

– Меніңше, жағдайы жақсы сияқты. Камерамыз қарама-қарсы орналасқан. Түскі ас таратқан кезде оның дауысын естіп қаламын. Оны операцияға әкетіп бара жатқан дәрігердің «орамалыңды да ал» дегенін естігенмін, – дейді журналист.

Игорь Винявский бостандыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00

ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ҮНПАРАҚ

Игорь Винявский 2012 жылы қаңтардың 23-інде тұтқындалды. Журналист «билікті күшпен құлатуға шақырды» деп айыпталды. ҰҚК айыпкерге айғақ ретінде таңылған үнпарақта «Назарбаевтың билігін күшпен құлатуға шақырған» белгілер бар екенін айтқан.

ҰҚК қызметкерлері журналисті тұтқындаған күні ол басқаратын «Взгляд» газетінің Алматыдағы кеңсесінде тінту жасап, ноутбук пен принтерді тәркілеген. ҰҚК болжамы бойынша, «Назарбаевтың билігін құлатуға шақыратын үнпарақты Винявский сол принтерден басып шығарған».

Тұспал бойынша осы үнпарақтарды жасаумен айналысқан адам – Игорь Винявский. «Екі жыл бұрын «Мазда» автокөлігінің жүксалғышынан табылған» үнпарақта: «Қырғызстан баукеспе Бакиевтер әулетінен құтылды. Төзіп жүре бергеніміз жетер, қоқысқа апарып тастайық» деп жазылған. Мұндағы соңғы сөйлемнің тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың фотосуреті бар.

2012 жылы қаңтардың 30-ында Игорь Винявскийдің әйелі Лана Винявская мен әріптесі Оксана Макушина, заңгер Сергей Уткин баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге сол үнпарақтың көшірмесін көрсеткен.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер Игорь Винявскийдің тұтқындалуын Жаңаөзен оқиғасымен байланыстырған.

Ал Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев ақпанның аяғында «Литер» газетіне берген сұқбатында Винявскийді «қазақстандық сот қана емес, ресейлік, тіпті қазір британдық сот ізіне түскен мемлекеттік қылмыскер Мұхтар Әблязовтың жалдамалы қызметшісі» деп атады.

Ертісбаев Игорь Винявскийге тезірек босап шығуды тіледі. Оның абақтыға алғаш рет түскенін, оған адамгершілікпен және кешіріммен қарауға болатынын айтты. «Винявский үшін – тұтқындалып, қамауда біраз отыруының өзі үлкен жаза» деп, «бұдан соң ол мақалаларын әділ әрі шынайы жазуы тиіс» деген кеңес айтқан еді президент кеңесшісі.
XS
SM
MD
LG