Accessibility links

Куәгер қамаудағы айыпталушы «шұғыл емге зәру» дейді


Екінші қатарда солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.
Екінші қатарда солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали, Владимир Козлов. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.
Қыркүйектің 4-і күні Ақтау қаласында Козлов, Сапарғали және Әминов ісі бойынша өтіп жатқан сотта куәгерлер Мұхтар Әблязовқа мінездеме беріп, Ақжанат Әминовтің денсаулығына назар аударуға тырысты.

Кеше кешке жақын қорғау тарабының куәгері тіркелмеген «Алға» партиясының белсенді мүшесі Фатима Қасенова сұрала бастаған еді. Бүгін таңертең куәгер екі тараптың сұрақтарына жауап беруін жалғастырды.

ӘБЛЯЗОВПЕН БОЛҒАН СКАЙП-КОНФЕРЕНЦИЯ

Прокурор одан 2010 жылы Әблязовпен өткен скайп-конференцияның мазмұны, оның партиямен байланысы туралы сұрады.

«Бұл конференциядан не ұқтыңыз?» деп сұрақ қойған прокурордың сұрағына ол:

- Партияның («Алға» – ред.) әрі қарайғы әрекетіне қатысты Әблязов ешқандай ұсыныс айта алмайды. Себебі партия мүшесі емес қой. Ол саясаткер ретінде көзқарасын айтып, ойларымен бөлісті, тіпті қандай да бір ұсыныс айтса да, түпкілікті шешімді үйлестіру комитеті қабылдайтын еді, - деп жауап берді.

Ақпарат бойынша, кеше прокурор Козловтың суреті бар футболка киген Фатима Қасеновадан футболкасын шешіп тастауды сұрап, мұны «сотқа қысым жасау» деп атаған. Бірақ қорғау тарабы бұған қарсы болған.

ӘБЛЯЗОВТЫҢ «МІНЕЗДЕМЕСІ»

Бүгін куәгер ретінде Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «Алғаның» белсенді мүшесі Марат Жанұзақов сұралды. 2010 жылғы скайп-конференцияның мән-мазмұнына тоқталған Жанұзақов Әблязовты «дені сау, ақылды, қарапайым адам» деп сипаттады.
Қуғындағы бизнесмен, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов
Қуғындағы бизнесмен, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов

– Мен оны өте сирек көргем. Онда диктаторлық сипат байқалмады, тақақтамайды, тыңдай біледі. Сөйлей де алады, адамды сендіре де алады, - деді ол.

Прокурордың: «Бәрі «Алғаны» Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының жалғасы деп атайды. Осы рас па?» деген сұрағына ол:

- Иә, мен онда 2002 жылдан бері бармын, - деп жауап берді.

«ӘМИНОВ СОТТА ӘЗЕР ОТЫР»

Үшінші куәгер ретінде «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова шақыртылды. Ол 2011 жылы Жаңаөзенге барған сапары туралы айтып, ЕҚЫҰ сапарына да тоқталды. Ол Еуропарламент депутаты Пол Мерфимен кездескен кезде мұнайшы Талғат Сақтағановтың «Егер біздің мәселеміз шешілмесе, онда қолымызға қару аламыз» деген сөзін сотта келтірді.

– Сол кезде Козлов Сақтағановты тоқтатып, мұндайға шақыруға болмайтынын ескертті. Ал Сақтағанов жай ғана қорқытқысы келгенін айтты. Бірақ соған қарамастан ол осы сөзін Брюссельде тағы қайталады. Осыдан кейін Козлов екеуміз оны осы әрекеті үшін сөктік, - деді Бақыт Түменова сотта.
Бақыт Түменова, "Аман Саулық" қорының басшысы. Көрнекі сурет
Бақыт Түменова, "Аман Саулық" қорының басшысы. Көрнекі сурет

Бүгін Бақыт Түменова айыпталушы Ақжанат Әминовке тергеу изоляторында қамауда болған кезде қажетті медициналық көмек көрсетілмегенін, соның себебінен қазір денсаулығы нашарлап кеткенін баса айтты.

- Оның адвокаты неге оған медициналық сараптама жасау туралы өтініш жасамайды? - деп сөзін сұрақпен аяқтады.

Түменованың айтуынша, ол Әминовтың денсаулығы нашар екенін естіп, 2011 жылы Жаңаөзендегі тергеу изоляторына барған.

- Сол кезде Әминовтің ауыр науқас екенін көрдім. Бір аяғының саусақтарында гангрена (шіріме) пайда болған. Қант мөлшері 15 болды. Берген инсулиндер тоңазытқышқа қойылғандықтан жарамсыз болып қалған. Туыстары шприц таба алмай қиналды. Оған тергеу изоляторында хирургиялық көмек керек болған. Кашаны қантпен бірге берген. Ал бұл диабетиктер үшін қауіпті, - деді ол.

Түменова бұл туралы өткен жылғы ЕҚЫҰ жиынында айтып, Қазақстан билігінің назарын аудартуға тырысқанын жеткізді.

Бүгін адвокат Венера Сәрсембина қорғау тарабындағы куәгерлер санын 23-тен 11-ге дейін қысқарту туралы өтініш айтты. Судья мұның мәнін сұраған кезде адвокат Алексей Плугов «олардың бәрінің жауаптары ұқсас» деп жауап берді. Бұған прокурорлар да қарсы болмады. Судья бұл өтінішті қабылдады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG