Accessibility links

Қырғызстанда үш депутат 2 айға қамауға алынды


«Ата-Жұрт» партиясының лидерлерін босату туралы талаппен Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі кеңсесінің алдында тұрғандар. Бішкек, 4 қазан 2012 ж.
«Ата-Жұрт» партиясының лидерлерін босату туралы талаппен Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік қызметі кеңсесінің алдында тұрғандар. Бішкек, 4 қазан 2012 ж.
Бішкек қаласындағы Первомай соты жұма күні оппозициялық «Ата-Жұрт» партиясының парламенттегі фракциясының мүшелері Қамчыбек Ташиев, Садыр Жапаров және Талант Мамытовты екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды.

Қырғызстанның құқық органдары бұл үш депутатқа «билікті күшпен басып алуға әрекет жасаған» деген ауыр айып тағып отыр. Сот отырысына қатысқан Қырғызстан омбдусмені Турсунбек Акунның айтуынша, Қамчыбек Ташиев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген және жақтастарына оны қолдап наразылық акциясын өткізбеу туралы өтінішін жеткізуді сұраған.

Камчыбек Ташиев, Садыр Жапаров және Талант Мамытов қазанның 3-і күні Бішкекте болған тәртіпсіздіктерге байланысты 48 сағатқа ұсталған еді. Сол күні Ташиев ұйымдастырған оппозициялық митингке қатысқан ондаған адам темір қоршаудан асып өтіп, парламентке кіруге әрекет жасаған. Алайда полицейлер көзден жас ағызатын газ және резеңке оқ қолданып, оларды тықсырып тастады. Шеруге шыққандар милицияға қарсы тас жаудырды. Ресми деректер бойынша, бұл оқиға салдарынан 12 адам зардап шеккен.

Ұсталғандардың жақтастары оларды босатуды талап етіп, Жалал-Абадта, Бішкекте наразылық шараларын өткізді. «Ата-Жұрт» партиясы егер билік ұсталғандарды бостандыққа шығармайтын болса, бүкіл ел көлемінде шектеусіз уақытқа наразылық акциясын ұйымдастыратындарын мәлімдеді.

Сәрсенбі күнгі парламенттің алдында өткен жиынға қатысушылар Канаданың Centerra Gold компаниясы игеріп жатқан Құмтөр алтын кенішін мемлекет меншігіне алу туралы билікке талап айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG