Accessibility links

ЕО мен ЕҚЫҰ Козловтың үкіміне алаңдаушылық білдірді


Еуропа Одағының сыртқы байланыс және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон.
Еуропа Одағының сыртқы байланыс және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон.
Еуропа Одағының (ЕО) шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон қазақстандық оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа шығарылған сот үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірді.

Еуропа Одағының ресми тұлғасының мәлімдемесінде Жаңаөзен оқиғасы бойынша өткен сот ісіне халықаралық бақылаушылардың еркін қатысып, оның барысымен танысуға мүмкіндік алғанын атап өткен. Бірақ сотталушы адамның Жаңаөзендегі оқиғаларға қатысын дәлелдейтін айғақтардың бұлыңғыр екенін қадап айтқан.

"Сондықтан Козлов мырзаға шығарылған үкім сәйкес келмейді және де оның саяси қызметін есепке алғанда, саяси астары бар болып табылады" деп жазылған мәлімдемеде.

Эштон Қазақстанды өзіне алған халықаралық міндеттемелеріне сәйкес осы сот процесін қайта қарауды және Козловқа өз құқығын "еркін, әділ әрі жария апелляциялық процесс арқылы қорғауды" қамтамасыз етуге шақырды. Оның айтуынша, Еуропа Одағы бұл істің ары қарай қалай өрбитінін жіті бақылап отыратын болады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) парламенттік ассамблеясының төрағасы Риккардо Мильори да оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа шығарылған сот үкіміне алаңдаушылық танытты. Ол сотқа дейінгі тергеу ісінің жабық және халықаралық стандарттарға сай болмағанын айтқан. «Бұл қатал үкім Қазақстан билігінің қарсыластарына жасаған ескерту әрекеті болуы мүмкін деген байлам жасауға болады» деді Мильори.

Бұған дейін АҚШ пен бірнеше халықаралық құқық қорғаушы ұйым Козловқа шығарылған сот үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірген еді. Қазақстанның ресми органдары бұл сот процесі "ашық, әділ, заңды" өткенін айтып, "Козловтың ісінде ешқандай саясат жоқ" деген мәлімдеме жасады.

Дүйсенбі күні Ақтаудағы Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл 6 ай жазаға кесу туралы үкім шығарды. Осы іс бойынша айып тағылған тағы екі адамға шартты жаза берілді.
XS
SM
MD
LG