Accessibility links

Лукашенко бастықтың рұқсатынсыз жұмыстан шығуға тыйым салды


Ағаш құлатып жатқан жұмысшылар. Беларусь, 21 ақпан 2011 жылү
Ағаш құлатып жатқан жұмысшылар. Беларусь, 21 ақпан 2011 жылү
Беларусь президенті Александр Лукашенко ағаш өңдеу саласы жұмысшыларына басшылықтың рұқсатынсыз басқа жұмысқа ауысуға тыйым салатын декретке қол қойды.

Лукашенконың бұл әрекетіне Беларусь қоғамы да, халықаралық ұйымдар да алаңдап отыр. Өйткені Александр Лукашенконың кейінгі жарлықтары мен мәлімдемелері адам құқықтары қағидаларына өрескел түрде қайшы келеді.

«ЖҰМЫСТАН КЕТКЕНДЕР ЖАЗАЛАНАДЫ»

Беларусьте ағаш өңдеу саласын дамыту жобасы басталғалы бес жылдан асты. Бірақ бұл салаға білікті мамандар тұрақтамайды. Көбі Ресейге барып, молырақ табыс тапқанды жөн көреді.

Жұмысшыларды жоғары жалақы туралы Лукашенко берген уәделер де тоқтата алар емес. Енді ел президенті оларды ағаш өндірісінде күшпен жұмыс істетуге кірісті.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Вилейкадағы ағаш өңдеу зауытында өнімнің түзулігін тексеріп тұр. Беларусь, 19 тамыз 1999 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Вилейкадағы ағаш өңдеу зауытында өнімнің түзулігін тексеріп тұр. Беларусь, 19 тамыз 1999 жыл.

Лукашенко қарашаның 30-ы күні Минскіден 40 шақырым жердегі Борисов қаласына, «Борисовдрев» ағаш өңдеу зауытына барды.

- Жаңа жарлық бойынша, ағаш өңдеу саласын модернизациялау жоспары аяқталып, кәсіпорындар қайта құрылып бітпейінше (2015 жылға дейін - ред.), жұмысшылардың кәсіптерін өз еркімен тастап кетуіне тыйым салынған. Кәсіпорын басшылығының рұқсатынсыз жұмысшылардың жұмыстан кетуге қақысы жоқ, - деді Беларусь президенті бұл сапарында.

Лукашенко «жұмыстан кеткендерді мәжбүрлі түрде қайтадан алып келеміз» деп мәлімдеді. Президенттің осы декретке қатысты барлық жарлықтары желтоқсанның 7-сі күні жарияланды.

Лукашенконың бұл бастамасы «крепостнойлық правоның» не екенін жақсы білетін халықтың наразылығын туғызды. Беларусь кәсіподақтарының демократиялық конгресі төрағасының орынбасары Сергей Антусевич:

- Бұл жердегі жаңалық адамға күшпен жұмыс істету болып тұр. Бұл бастама - түбегейлі заңсыз. Меніңше, президент тағы да шатаса бастады. Ол кей кездері күрделі проблемаларды осындай жолмен шешуге бейім, - дейді.

Антусевичтің ойынша, Беларусьтегі жұмысшыларды күштеп жұмыс істетуге тыйым салатын заңның қауқары жоқ. «Біздің елімізде заңнан гөрі жазылмаған нұсқаулар биік тұрады. Соттар мен прокурорлар соған бағынады» дейді ол.

БАТЫСТЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Брюссельдегі Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының адам құқықтары жөніндегі департаментінің директоры Стефан Бенедикт «Лукашенконың ұсынысы Беларусьтің өзі мүше болып отырған БҰҰ қағидаларына қайшы. БҰҰ-ның Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясында жұмысшылар құқықтары айдан анық жазылып тұр. Лукашенко осы заңдарды түгелдей бұзып отыр. Ол халықаралық ұйымдардың ақыл-кеңесін құлағына қыстырған жоқ» дейді.

Еуропа Одағының бұрынғы советтік елдерге арналған бағдарламаларын басқаратын Еуропа комиссиясы «Біз Лукашенконың бастамасын зерттеп жатырмыз» деп, Азаттық Радиосына пікір білдіруден бас тартты.

Лукашенко жарлыққа қол қоймай тұрып-ақ «Борисовдрев» жұмысшыларына «жұмыстан кетуші болмаңдар» деп ескертілген екен. «Борисовдрев» кәсіпорнындағы айлық жалақы - орташа есеппен 150 доллар. Бірақ Лукашенко «жалақы 2013 жылы 400-500 долларға көбейеді» деп уәде берген. Себебі ағаш өндірісіндегі жұмысшылар Ресейде осы көлемде табыс табады.

Президент Лукашенко «өндірісті модернизациялау жоспары 2015 жылы аяқталған соң, ағаш өңдеу секторындағы орташа жалақы 1000 доллар болады» деп мәлімдеді.

Ал Беларусь кәсіподақтары Халықаралық еңбек ұйымына арызданғалы отыр. Ұйым мамандары Лукашенконың Борисовтегі бастамасына қатысты пікір білдіруден бас тартса да, жұмысшылар құқығы сақталмайтын ел ретінде Беларусьті бұрыннан бері сынап келеді.

Қараша айында Халықаралық еңбек ұйымының «бірлестіктер құру еркіндігі» комитеті Минскінің жұмысшылардың құқықтарына қатысты мәселеде халықаралық ұйыммен жеткілікті дәрежеде бірлесіп жұмыс істеспей отырғанын айтып, ақпарат таратқан.

Халықаралық еңбек ұйымының баяндамасында «Беларусь жұмысшылардың еңбек дауына біздің ұйымның араласуына кедергі келтірді» деп жазылған. Ұйым Беларусь билігінің «халықаралық ұйымдар еңбек дауын тұрақсыздық туғызу үшін ұйымдастыруы мүмкін» деген сылтау айтатынын атап өткен. Халықаралық еңбек ұйымы бұл елді «Жұмысшылардың өз құқықтарын қорғау үшін жасайтын әрекеттеріне кедергі келтіреді және осы кедергі келтіру оқиғаларын тексермейді» деп айыптайды.

Баяндамада бұдан бөлек, «Минскінің БҰҰ (сот пен адвокаттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы) кеңестерін әлі күнге орындамай отырғаны жазылған. Брюссельдегі Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының адам құқықтары жөніндегі департаменті директоры Стефан Бенедикт «Беларусь жұмысшылары мен Халықаралық еңбек ұйымы бірігіп арыз жазған соң, біздің ұйым бұл істі тексеріп, бастамаға қарсы шара қолданатын болады» деді.

- Уақыты келгенде Лукашенко мен оның үкіметі бұл әрекеттері үшін жауап береді. Бәлкім, кейбір мәселелерге қатысты оларға Халықаралық еңбек ұйымы арқылы қосымша қысым жасаймыз, - дейді Бенедикт.

Ол Еуропа Одағын Лукашенко жұмысшыларға қысым жасауын тоқтатпаса, Минскімен арадағы байланысын қайта қарауға шақырды.

ЖАР ЖАҒАСЫНДА

Лукашенконың жұмысты күштеп істету бастамасы оның Беларусьтегі экспорт өндірісін модернизациялау жоспары өте баяу жүргендіктен жанталаса қимылдап жатқанын білдіреді. Бұл секторда штатында шамамен 13 мың жұмысшысы бар, мемлекетке қарасты тоғыз фабрика жұмыс істейді. Одан бөлек, өндіріс орындарын қалпына келтіру жұмыстарына кем дегенде екі мың адам қатысты. Лукашенконың жаңа жарлығы оларға да әсер ететін сияқты.
Витебск қаласындағы Лукашенко сапарына дайындық. 8 желтоқсан 2012 жыл.
Витебск қаласындағы Лукашенко сапарына дайындық. 8 желтоқсан 2012 жыл.

Беларусь үкіметі 2007 жылы ағаш өндірісі саласында модернизация жасау үшін 500 миллион евродан асатын несие бөлді. 2010 жылы 180 миллион еуро тағы бөлді. Ал Лукашенко Борисов қаласында сөйлеген сөзінде:

- Барлық әрекет зая кетті. Бұл бағдарлама соңғы екі-үш жылда шалажансар күйде тоқтап тұр. Алып келген құрал-жабдықтарымыз жәшіктерде шаң басып жатыр, - деп мәлімдеді.

Лукашенко таяу арада Витебск пен Могилев қаласындағы ағаш өңдеу зауыттарына баруды жоспарлап отырғанын айтты.

- Ешкімге кешірім болмайды. Барлық кадр мәселесі реттеледі, - деді ол.

Беларусьтің ағаш өңдеу саласындағы проблемалары советтік стильдегі экономикалық тоқыраудың бір қыры ғана. 2012 жылы Беларусь ақшасы құнсызданып, үкімет валютасын девальвация жасады. Қазір бұл ел Мәскеудің беретін қарызына күннен-күнге тәуелді болып барады.

Қараша айының аяғында Лукашенко 2013 жылды «Үнем жылы» деп жариялады. Бұл бастама «еңбек өнімділігін арттырып», «ресурстарды рационалды түрде пайдалану» арқылы экономикалық қауіпсіздікті күшейтуді көздейді.

Лукашенконың жарлығында «Үнем жылына» орай, әр адамды үнемдеу әдістерінен хабардар ету жұмыстары жасалатыны да айтылған.
XS
SM
MD
LG