Accessibility links

АҚШ Қытайдан күтетін төрт қаупін айтты


Қытай басшысы Ху Цзиньтао (ортада) әскери ұшақ таситын "Ляонин" кемесі тұрған Далянь әскери-теңіз базасында, Қытай, 25 қыркүйек 2012 жыл.
Қытай басшысы Ху Цзиньтао (ортада) әскери ұшақ таситын "Ляонин" кемесі тұрған Далянь әскери-теңіз базасында, Қытай, 25 қыркүйек 2012 жыл.

Қытайдың қорғаныс саласына бөлетін қаржысы жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл өзгерістерді жіті бақылап отырған АҚШ осыған алаңдай бастады.

The Christian Science Monitor басылымының жазуынша, АҚШ қорғаныс министрлігі (Пентагон) өткен аптада жариялаған есебінде Қытай тарапынан туындап отырған басты төрт мәселені тізіп шыққан.

«Қытайдың әскери жағынан күшею процесін баяулататын түрі байқалмайды» дейді АҚШ қорғаныс министрінің Шығыс Азия бойынша орынбасары Дэвид Хэлвей Қытайдың әскери мүмкіндіктері туралы есепті жария еткенде сөйлеген сөзінде.

КИБЕРШАБУЫЛДАР ЖИІЛЕДІ

Қытай АҚШ-тың ақпараттық желілеріне кибершабуылдар жасайды деген айыптаулар бұған дейін де айтылып жүрген. Бірақ бұл жолы бірінші рет АҚШ әскерилері Қытайдағы әріптестерін, яғни Қытай халық азат ету армиясын мұндай тыңшылық әрекетке тікелей қатысы бар деп айыптады.

– 2012 жылы бүкіл әлемдегі компьютерлер жүйесіне, соның ішінде АҚШ үкіметіне қарасты құралдарға шабуыл жасалды. Олардың кейбіріне Қытай үкіметі мен әскери ұйымдарына тікелей қатысы болуы мүмкін деген күдік бар, – деді Пентагон өкілі.

Дипломатиялық және мемлекеттік институттарға қарсы жасалған кибер-тыңшылықтар картасы. 14 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Дипломатиялық және мемлекеттік институттарға қарсы жасалған кибер-тыңшылықтар картасы. 14 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Аталған есепте Қытайдың өз әскери әлеуетін арттыру үшін компьютерлік тыңшылық саласында қолданып отырған басқа да амалдары туралы айтылады.

«Қытай шетелдік инвестицияны, біріккен коммерциялық кәсіпорындарды, академиялық саладағы алмасуларды, Қытайға қайта оралған студенттер мен зерттеушілерді, үкіметке қарасты индустриялық және техникалық шпионажды пайдаланып, өзінің технологиялық мүмкіндіктерін, әскери зерттеу саласындағы әлеуетін арттыруды жалғастырып келеді» дейді Пентагон.

ҒАРЫШ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ

АҚШ әскери мекемесінің есебіне қарағанда, Қытай 2012 жылы барлау және бақылау мүмкіндіктерін арттыру үшін ғарышқа 18 рет зымыран ұшырған.

Есеп сонымен қатар Қытайдың «дағдарыс не конфликт кезінде қарсыластарының ғарыштағы құралдарды пайдалануын шектейтін не оған жол бермейтіндей әлеуетін арттыру бағытында жанталаса жұмыс істеп жатқанын» атап өткен.

Қытай әскери-әуе күштерінің ұшағы. Көрнекі сурет.
Қытай әскери-әуе күштерінің ұшағы. Көрнекі сурет.
«Қытай халық азат ету армиясы «жаудың барлау және коммуникация спутниктерін қиратып, бүлдіріп, ұрлаудың қажеттігіне» баса мән беріп отыр, мұндай шабуылдар жауды «соқыр да керең» етуге көмектесетіні айтылады».

Қытай сарапшыларының сөзінше, «спутниктер мен басқа да сенсорларды жою не қолға түсіру арқылы қарсыластың ұрыс алаңында бастама көтеруінің алдын алып, олардың дәл көздейтін қаруларын оңай пайдалануына кедергі жасалады».

АЛЫСТАН КӨЗДЕЙТІН ЗЫМЫРАНДАР

Қытай арнайы кемелерді алыстан дәл көздейтін баллистикалық зымырандар шығаруды мықтап қолға алған. Бұл зымырандар АҚШ-тың ұшақ тасымалдайтын кемелерін 1300-2800 шақырымнан қирата алады.

Қытай осы салаға көп қаржы салған, сондықтан бұл АҚШ-тың аймақтағы әскери ұшақ тасымалдаушыларының санына әсер етуі мүмкін.

«Біз Қытайдың өте алыс қашықтықтан дәл көздей алатын зымыран жасау саласындағы мүмкіндіктеріне алаңдаймыз. Әрине, бұлар су бетімен жүретін үлкен кемелерге, соның ішінде ұшақ тасымалдағыштарға қатер төндіреді» дейді Пентагон өкілі Хэлвей.

КҮРДЕЛІ КЕМЕ, ШАБУЫЛДАУШЫ, ПИЛОТСЫЗ ҰШАҚ

АҚШ қорғаныс мекемесінің есебі "Қытай қазіргі уақытта төртінші, бесінші сатыдағы әскери ұшақтарының көпшілігін АҚШ-тан шпиондық жолмен ұрланған мәліметтерді пайдаланып жасап жатыр" дейді. Сонымен бірге Пентагон Қытайдың жақында жасаған ұшақ тасымалдағыш кемесін осы елдің «әскери-теңіз флотындағы соңғы жылда болған ең үлкен жетістік» деп бағалайды.

Қытайдың өздігінен ұшатын ұшағы. 13 қараша 2012 жыл.
Қытайдың өздігінен ұшатын ұшағы. 13 қараша 2012 жыл.
«Ұшақ тасымалдағыштарда әскери жасақтар құру арқылы Қытай әскери-теңіз флоты әсіресе алыс қашықтықтағы әскери операциялар жүргізу мүмкіндігін арттырды. Қытай халық азат ету армиясы су асты майданына қатысты бағдарламаларға да қыруар қаржы жұмсап, ядролық шабуылдаушы суасты кемелерін жасап жатыр» дейді АҚШ қорғаныс министрлігі.

АҚШ сияқты Қытай да пилотсыз ұшақтар флотилиясын қалыптастыруға және бұл технологияны сатуға мүдделі.

«Қытай әлемнің біраз бөліктеріндегі әуе шоуларында пилотсыз ұшақтарды сатуға талпыныс жасағанын кейбір есептерден байқадық. Мұны біз жіті бақылауда ұстап отырамыз» дейді АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Дэвид Хэлвей, The Christian Science Monitor басылымында жарияланған мақалаға қарағанда.
XS
SM
MD
LG