Accessibility links

БҰҰ Пхеньянға қарсы санкцияға қазақстандықты да қоспақ


Оңтүстік Корея әскерилері Солтүстік Кореямен араны бөліп тұрған шептегі бақылау бекетінде. Көрнекі сурет.
Оңтүстік Корея әскерилері Солтүстік Кореямен араны бөліп тұрған шептегі бақылау бекетінде. Көрнекі сурет.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің сарапшылары Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты санкция салынатын адамдар тізіміне қазақстандық азаматты да қоспақ. Бұл туралы БҰҰ сарапшылары дайындаған арнайы баяндамаға сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлайды.

БҰҰ сарапшылары Солтүстік Кореямен қару-жарақ саудасын жасасуға қатысы бар деген күдікпен үш мекеме мен 12 адамға қарсы санкция салуды ұсынған. Олардың қатарында қазақстандық Александр Зыков пен украиналық екі азамат бар. Қалған тоғызы - Солтүстік Корея азаматы.

Баяндамада Солтүстік Кореяға салынған санкциялар Пхеньянның ядролық және баллистикалық зымырандарды дамыту бағдарламасын тоқтата алмағаны айтылады. "Бірақ соған қарамастан, санкциялар, қару-жарақ эмбаргосы және басқа да шектеулер бағдарламаның орындалу мерзімін біршама кешеуілдетті" делінген баяндамада.

Солтүстік Кореяға қару-жарақ сатуға қазақстандық азаматтың қатысы болуы мүмкін деген ақпаратты анықтау мақсатында Қазақстан сыртқы істер министрлігі сұрау салғаны туралы бүгін Азаттық тілшісіне министрліктен хабарлады.

БҰҰ Солтүстік Кореяға ядролық қару жасауы мүмкін деген қауіппен ядролық және баллистикалық зымырандар ұшыруға, сынауға тыйым салған еді. Пхеньян 2006 және 2009 жылдары екі рет, биыл ақпанда үшінші мәрте ядролық сынақ жасаған.
XS
SM
MD
LG