Accessibility links

Қазақстанда травматикалық қаруға тыйым салынбақ


Кәдімгі және травматикалық тапаншалар. (Көрнекі сурет)
Кәдімгі және травматикалық тапаншалар. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда травматикалық қаруға тыйым салу туралы ұсыныс айтылды. Идея авторлары «бұл қылмысты азайтады» дейді. Ал сарапшылар тыйым салудың басқа себептерін айтады.

Мамыр айында Шымкент қаласындағы үйлену тойында тост көтерген адам, сөйлеп болған бетте қалтасынан травматикалық тапанша шығарып, жас жұбайларды ата бастаған. Бұл жаңалықты КТК телеарнасы көрсетті.

Күйеу баланың аяғына бірнеше жерден оқ тиді. Қылмыскерді ұстамақшы болған оның жолдасы да жарақат алды. Полиция қылмыскерді бір айдан соң ұстады. Ол «Күйеу жігітті атуға оның ажырасып кеткен бірінші әйелі тапсырма берді. Ол «үш баламмен тастап, жас келіншекке үйленгені үшін кегімді алып бер» деп өтінді» деген.

Травматикалық қару өте қауіпті. Кейде одан адам өліп те кетуі мүмкін.

ТЫЙЫМ САЛУДЫ ҰСЫНҒАНДАР УӘЖІ

Алматыдағы қару дүкенінің екі жас сатушысы травматикалық қаруды негізінен бухгалтерлер, кассирлер, шағын дүкен қожайындары сатып алатынын айтады. Олардың сөзіне қарағанда, клиенттердің көбі «Стражник» тапаншасын таңдайды. Бұл қару газбен де, резина оқпен де атыла береді. Резина оқ ататын ұңғысыз тапаншалар сұраныс жағынан екінші орында тұр.

Қару-жарақ дүкенінің витринасы. (Көрнекі сурет)
Қару-жарақ дүкенінің витринасы. (Көрнекі сурет)
Қарапайым халықтың травматикалық қару ұстауына тыйым салуды қолдайтын тараптың бірі - Қазақстан ішкі істер министрлігі (ІІМ). Олар «адамдар бұл қаруды қазір қорғаныс мақсатында емес, шабуыл жасау үшін қолданып жатыр» дейді.

Парламент жазғы демалысының алдында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Осы жаңа заң жобасында «тұрғындардың травматикалық қаруды иеленуіне тыйым салу» қарастырылған.

Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов парламентте «соңғы бес жылда елде травматикалық қарумен 800-ден астам қылмыс жасалды. Оның 389-ы ашылмады» деп мәлімдеді. Oның айтуынша, «қаруды қорғану мақсатында қолданатындар сирек». Ал Алматы қаласында ондай бірде-бір оқиға тіркелмеген.

ІІМ тұрғындардың қолындағы қаруды қайтарып алып, оларды қызметтік қару ретінде пайдалануды ұсынып отыр. Министр «Травматикалық қаруды қайтарып алып, естен тандыратын және газбен ататын қару түрлерін ғана қалдыру керек» деп мәлімдеді.

Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңа заң жобасын парламент талқылардан бір ай бұрын Астанада дөңгелек үстел өтті. Онда Қазақстан бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко «Травматикалық қаруды алмастыратын қауіпсіздеу қару түрі жоқ» деген сылтау ғана. Ол қару сататындардың айтып жүргені. Қару-жарақ сату - тиімді бизнес. Қазақстанға 100 мың дана травматикалық қару әкелінген. Қарудың бағасы шамамен 100 мың теңге. Бұдан 10 миллиард теңге пайда табуға болады» деп мәлімдеді.

Мәжіліс сипкері Нұрлан Нығматулин травматикалық қаруды атыс қаруымен теңестіруді ұсынды. Ол парламенттегі талқылау кезінде «Травматикалық қаруға тыйым салатын заң болуы керек. Егер оны атыс қаруымен теңестірсек, оны сататын адамдар азаяды» деді.

ҚАРСЫ ТАРАПТЫҢ УӘЖІ

Жаңа заң жобасын қолдамайтындар да бар. Олардың уәжі: «ІІМ травматикалық қаруларға тыйым салу арқылы қылмысты азайта алмайды. Себебі заңды түрде сатып алынған қарулар тәркіленіп, заңсыз қарулар қалып қояды. Қылмыстардың 95 пайызы тіркелмеген, заңсыз қарулармен жасалады».

Қазақстандағы «Қорамсақ» қару-жарақ ассоциациясының вице-президенті Сергей Катнов «Бұл заң қабылданса, тіркелмеген қару көбейеді. Себебі, көп адам қаруларын тапсырғысы келмейді. Ондай қару заңсыз айналымға түседі» дейді.

Жаңа заңды қолдамайтындар мынадай ұсыныстар айтады: травматикалық қару ұстауға 18 жастан емес, 25 жастан бастап рұқсат беру; қаруды орынсыз қолданған адамды гильза арқылы тауып алуға мүмкіндік беретін қару кітапханасын жасау; арнайы рұқсатпен алынғанымен, тіркелмеген қарулар бар, оларды тіркеуден өткізу.

Катновтың айтуынша, жаңа заң жобасын талқылаған кезде оның бұл ұсыныстары ескерілмеген. Ол «ІІМ травматикалық қаруға тыйым салу арқылы қылмыспен белсенді түрде күресіп жатқан түр жасап отыр» деп санайды.

Травматикалық қаруы бар 47 адам қылмыс жасаған. Бірақ сол уақытта 3061 әлеуетті орган қызметкерлері, 39 судья мен 314 әкімнің де қылмыс жасағанын есепке алмайды.
Шекаралық ынтымақтастық ассоциациясының Қазақстандағы өкілі Марат Шибұтов Азаттық тілшісіне «Конституция бойынша барлық адам өз өмірін қорғауға құқылы» екенін айтты.

- ІІМ тіркелмеген қаруды аламыз демейді, тіркелген қаруды жинап алмақ. Олардың айтуынша, соңғы 4 жылда травматикалық қаруы бар 47 адам қылмыс жасаған. Бірақ сол уақытта 3 мың 61 әскери орган қызметкері, 39 судья мен 314 әкімнің де қылмыс жасағанын айтпайды, - дейді Марат Шибұтов.

КІМ ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАДЫ?

Қазақстандық «Саяси шешімдер институты» (СШИ) биыл травматикалық қаруға қатысты екі социологиялық сауалнама жүргізген. Респонденттердің жартысынан көбі (52 пайызы) «жеке басыма қауіп төнсе өз бетімше қорғанамын» десе, 31 пайыздан астамы «полицияның, қасымдағы адамдардың көмегіне сүйенем» деген. 16 пайыздан астам респондент өзін қорғау туралы сұрақтарға жауап бере алмаған.

Сатушы қолындағы электрошокер. (Көрнекі сурет)
Сатушы қолындағы электрошокер. (Көрнекі сурет)
Институттың аға сарапшысы Ерлан Смайловтың Азаттық тілшісіне айтуынша, өз күшіне сүйенетіндердің 12,4 пайызы «қорғаныстың ең тиімді тәсілі – травматикалық қару» деп санайды. Ал респонденттердің 13 пайызы өзін-өзі қорғауға арналған қарулар – газ баллон мен электрошокерге үміт артады. Жауап берген азаматтардың ширегінен көбі (26 пайыздан астамы) «қылмыскер тиіскен жағдайда қолған түскен, ағаш, кастет, пышақ, балта, тас сияқты заттармен қорғанамыз» деген.

Сатушылар мен сарапшылардың мәліметі бойынша, «адамдар «Оса», «Стражник», «Лидер» сияқты травматикалық қару түрлерін сатып алады». ІІМ ақпараты бойынша, елімізде травматикалық қарудың 300 қожайыны тіркелген.

Мақаланы орыс тілінен аударған - Динара Әлімжан.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG