Accessibility links

«Басшылық тапаншаны оқиғадан он күн бұрын берді» дейді полицей


Полицейлер соты өтіп жатқан ғимарат маңында жүрген сарбаздар. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Полицейлер соты өтіп жатқан ғимарат маңында жүрген сарбаздар. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзендік полицейлердің кейбірі «тапаншаны оқиғадан 10 күн бұрын алғанбыз - оқиға болған күні автомат алып, алдыңғы топқа көмекке жеттік» дейді. Сотталушы полицейлердің адвокаттары «сезімге беріле сөйлеген жәбірленушілерге ескерту жасаудың орнына сот төрағасы Әділсұлтанидың өзі де жылап отырғанына» наразылық білдірді.

Ақтау қаласында өтіп жатқан «Полицейлер соты» бүгін, мамырдың 3-інде әрі қарай жалғасып, түске дейін жәбірленушілер, түстен кейін, негізінен, куәгерлер сұралды. Куәгерлердің дені - Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы кезекші бөлімінің қызметкерлері.

«ӨЛГІМ КЕЛМЕЙДІ...»

Оқ тиіп, жараланған бірнеше жәбірленушіден кейін сот алдына шыққан жәбірленуші Алтын Көшерова 20 минуттай сөйлеп, оқиға кезінде ұлы Рахат Көшеровтің қалай оққа ұшқанын, өзінің одан кейінгі бастан кешкендерін баяндап берді.

Оның сөзіне қарағанда, Рахат Көшеровке алаң жанындағы көліктің артқы орындығында, туыстарымен бірге кетіп бара жатқанда оқ тиген.

- Жараланды дегенді естіп, ауруханаға іздеп бардым. Аурухананың ішінде аяқ басар жер жоқ, барлығы қан. «Анашым» деген сөзді естігенде ғана баламды
Полиция жасағы. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Полиция жасағы. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
тауып, естен танып қалдым. Содан соң Ақтауға әкететін болды. Ұлым қалтырап тоңып отырған соң, «Құдайдың өзі кешірсін» деп өліп жатқандардың бірінің үстіндегі жамылғыны алып үстіне жаптым, - дейді Алтын Көшерова.

Алтын Көшерова баласына операция жасау үшін дәрі-дәрмек, шприц іздеп жүгіргенін, бірақ операцияда ауызы тігілген баласы көп ұзамай жүріп кеткенін айтады.

- Тілге келгенде «Анашым, өлгім келмейді» деп қинала сыбырлағанын қалай ұмытайын, - дейді Рахат Көшеровтің анасы.

Алтын Көшерова «баласының денесін алу да оңай болмағанын, көшеде солдаттардан таяқ жегенін, олардың жерлеу алдында тігілген киіз үйді де қиратып, автоматты жерге қарата атып қыр көрсеткенін» есіне алды.

«СОТ ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ӨЗІ ЖЫЛАП ОТЫР»

Сот алдында шыққан жәбірленуші Айжан Дүйсенбаева оқиға кезінде әкесінің оққа ұшқанын, інісінің «37-нің сотында» қамауда отырғанын, өзіне де оқ тиіп жарымжан болып қалғанын айтты. «Мендей мүгедекті енді кім жұмысқа алады, мені кім асырайды?» деді Айжан Дүйсенбаева сот алдында.

Түске дейін сөйлеген жәбірленушілердің бірі Аязбаев Нұрлан 2011 жылы 16 желтоқсанда аяғына екі оқ тигенін айтты. Ол сот төрағасына «қолында бір
"Полицейлер ісін" қарап жатқан судья Гүлмаржан Әділсұлтани. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
"Полицейлер ісін" қарап жатқан судья Гүлмаржан Әділсұлтани. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
тапаншаның және бір автоматтың оғы бар екенін, кезінде полицейлерге сенбегендіктен бере алмағанын» айтып, оны заттай дәлелдемеге қосуды сұраған еді. Бірақ сот «Ол оқты алдын-ала тергеу кезінде беру керек еді, енді қабылданбайды» деп қайтарып тастады.

Түскі үзілістен кейін айыпталушы полицей Ринат Жолдыбаевтың адвокаты Бақберген Айтмамбетов соттан «жәбірленушілердің эмоцияға беріліп, жұртты әсерлендірмей сөйлеуін қадағалауды» сұраған еді. Сот адвокаттың өтінішін ескерусіз қалдырды.

Азаттық тілшісі бұл жайт жөнінде сот аяқталғаннан кейін Ринат Жолдыбаевтың тағы бір адвокаты Райхан Әйтенованың пікірін сұраған еді.

- Заң бойынша сот төрайымы сот залындағыларға қандай да бір ерекше әсер қалдыратындай беріле сөйлеп, нақты сауалға жауаптан ауытқыған адамға ескерту жасап, тежеуі керек. Ал оның орнына Әділсұлтанидың өзі де жылап отыр, - дейді ол.

«ҚАНША ОҚ АТЫЛҒАНЫН БІЛМЕЙМІН»

Үзілістен кейін негізінен Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы кезекшілік бөлімінің қызметкерлері куәгер ретінде сұралды. Қазір сотталушы болып отырған азаматтардың қарамағында жұмыс істеген полицейлердің жауаптары алдын ала
Сот залында отырған айыпталушы полицейлер. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сот залында отырған айыпталушы полицейлер. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
тергеуде берген сөздеріне қайшы келіп жатты. Олардың кейбірі адвокаттың
«Қаруды қандай нормативтік-құқықтық акті бойынша аласыздар?» деген сауалына жауап бере алмады.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері Мұрат Ағысбаевтың «Табельді қаруды, яғни тапаншаны басшылық бізге оқиғадан 10 күн бұрын берді» деген сөзі прокурор мен адвокаттардың түрлі сауалдарына түрткі болды.

«Табельді қаруды 10 күн бұрын алуға не себеп болды?» деген адвокаттардың бірінің сауалына «Басшылық айтты - біз алдық» деп жауап берді Мұрат Ағысбаев. «Қай басшы айтты, аты жөні кім?» деген соң ғана Ағысбаев Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Мұхтар Қожаевтың есімін атады.

- 16-сы күні демалыста болатынмын. Оқиға болған соң дереу бөлімге жиналдық. Алғаш кеткен топ көмек сұрады. Біз «Автомат бар ма?» деп едік, кезекші тіркеместен берді - алдық та кете бердік. Көздеген жерге жеттік. Бірақ Мұхтар Қожаев «Оқ атпаң, шегінің!» деген бұйрық берді. Қайтып келген соң «Оқ атылған жоқ» деп рапорт жаздық, - деді Мұрат Ағысбаев.

Осы кезде адвокаттардың бірі барлығы 8 автоматтың кезекші дәптеріне тіркелмей әкетілгенін айтып, тағы да бірнеше сауал қойған еді, Ағысбаев «Өз қаруымнан қанша оқ атылғанын білмеймін» деп жауап берді.

«ЕСІМДЕ ЖОҚ»

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының жедел кезекшісі Дінмұхаммед Ғазиев «қаруды төтенше жағдайда ғана тұрақты ұстауға беретінін» айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Қару полиция қызметкерлерінің атына жеке бекітіледі. Бірақ оны «бастықтың» рұқсатынан кейін ғана ала алады. Егер қаруынан оқ атылған жағдайда, ол жөнінде арнайы рапорт жазуы тиіс».

«Төтенше жағдайда қаруды тіркеусіз алуы мүмкін бе?» деген сауалға ол «Тіркелуге міндетті» деп жауап берді. Бірақ «Біреудің қаруын біреу тіркемей алуына бола ма?» деген сұраққа «Нақты айта алмаймын» деп күмілжіді.

Осы тұста, айта кетерлік жайт, «Біреудің тапаншасын басқа біреуге беруге бола ма?» дейтін сауалға Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция түсірген видеодан көрініс.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция түсірген видеодан көрініс.
кезекші бөлімінің тағы бір қызметкері Қуаныш Сейсенбай «Төтенше жағдайда болады» деп жауап берді.

Дінмұхаммед Ғазиевтің айтуына қарағанда, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына тиесілі сейфте барлығы 221 тапанша, 29 автомат болған. Ал 2011 жылы желтоқсанның 17-сі Ғазиев кезекшілікте тұрып қабылдаған қарудың саны «тіркеліп әкетілген қарудың жартысына да жетпеген». Бұл тұста тіркеліп әкетілген қарудың саны түсініксіз болып қалды. Дінмұхаммед Ғазиев ақыры «17-сі күні ешкім қару тапсырған жоқ» деп жауап берді.

Дінмұхаммед Ғазиев «15-і күні кезекшілікте тұрған сізден тапанша алған адамдарды білесіз бе? Сіздің алдыңыздағы кезекші қаруды кім әкеткені жөнінде тізім берді ме?» деген сұраққа да «Есімде жоқ» деп жауап қайтарды. Ол мұнан кейін сауалдардың көбіне «Есімде жоқ» деп құтылды. Сот төрағасы куәгердің есіне түсіру үшін оның тергеу кезіндегі жауаптарын оқып берді.

Дінмұхаммед Ғазиевтен кейін сұралған Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері де «көп затты ұмытып қалған» болып шықты. Кейбірі мұндай сұрақтарға жауап бере алмайтынын ашық айтты.

Мәдина есімді полиция қызметкері куәлікке шығып, «егер полиция қорғамағанда қалың нөпір бәрін талқандап тастауы мүмкін еді» деді.

«ЕҢ МАҢЫЗДЫ МӘЛІМЕТ»

Бүгінгі сот талқылауы аяқталғаннан кейін жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспанов «куәгер полицейлердің өте ыңғайсыз күйде қалғанын түсінуге болатынын» айтты. Оның сөзіне қарағанда, «сотқа дейін де, сот кезінде де еркіндікте жүрген сотталушылар, яғни олардың бұрынғы бастықтары қысым көрсетуі де мүмкін».

Абзал Құспанов «қаруды 10 күн бұрын алдық» деген сөзді «бүгін айтылған ең маңызды мәлімет» деп атады.

- Куәнің сөзіне қарағанда, Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының басшылығы, ешқандай төтенше жағдай болмаса да, полиция қызметкерлерін 16 желтоқсаннан 10 күн бұрын арнайы қаруландырған деген сөз, - дейді ол.

Абзал Құспанов жәбірленуші Нұрлан Аязбаевтың өтінішін қабылдамай тастаған сот шешіміне де таңданысын білдіріп, прокурор мен адвокаттың пікірін де сұрауға міндетті екенін айтады.

- Ең бастысы, полиция қызметкерлерінің қылмысын әшкерелейтін бірден бір дәлел – адамға тиген оқ. Оны сараптама арқылы кімнің қаруынан атылғаны анықталады.
Жәбірленуші Нұрлан Аязбаев. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.
Жәбірленуші Нұрлан Аязбаев. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.
Халыққа қарата оқ атқандар көп, бірақ мына жерде төртеуі ғана отыр, біреуі бұйрық берген. Бірақ Аязбаевтың қолындағы оқ кімдікі екені біз білмейміз, - дейді адвокат.

Жәбірленушінің адвокаты Абзал Құспановтың соңғы пікірімен сотталушы полицей Ринат Жолдыбаевтың адвокаттары Бақберген Айтмамбетов пен Райхан Әйтенова да келіседі.

- Аязбаевтың қолындағы оқ сот баллистикалық сараптамадан өтпеген. Яғни кімнің оғы екені белгісіз. Олай болса, Аязбаев бұл сотқа жәбірленуші ретінде қалай қатысады? - дейді олар.

Бақберген Айтмамбетов бүгінгі сотқа бірнеше өтініш жасаған еді. Сөйтіп Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне, ал оның әрі қарай ішкі істер министрлігіне осы оқиғаға байланысты жолдаған хабарларының көшірмесін алдыруды сұраған. Сот төрағасы прокурормен кеңесе келе, ойлануға бір күн мұрсат алған.

Осыған орай сот соңында Азаттық тілшісі Бақберген Айтмамбетовке сұрақ қойып, «Осы оқиға бойынша ішкі істер министрлігінің Маңғыстау облыстық департаментіне, ал оның Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына жіберген нұсқаулары мен бұйрықтарының да көшірмесін алдырмақсыздар ма, яғни министрліктен түскен жауаптарды да алдырасыздар ма?» деп сұраған еді.

Алайда адвокат әзірге бұл жайттарды қозғамайтынын, «өз қорғауындағы азаматтардың пайдасына шығатын дәлелдердің жеткілікті екенін» айтты.
XS
SM
MD
LG