Азаттық тілшісінің хабарлауынша, журналистерге сот залына кіруге 10 минут қана рұқсат берілген. Мұнан кейін олар сот залынан шығарылып, монитор орнатылған басқа бөлмеге жіберілген. Сотты қарапайым тұрғындар мен қоғамдық комиссия өкілдері бақылап отыр.
«БАЛАМ ТЕК БҰЙРЫҚТЫ ОРЫНДАДЫ»
Бұл іс бойынша бес айыпталушы полицей бар. Олар - Маңғыстау облысының ішкі істер департаменті (ІІД) бастығының орынбасары Қабдығали Өтеғалиев, ІІД-нің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Бекжан Бағдабаев, ІІД-нің оперативтік қызметкері Ринат Жолдыбаев, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасының аға анықтаушысы Нұрлан Есберген, Жаңаөзен қаласы ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Бақытқалиұлы.
Оларға «адамдар өліміне душар еткен қару-жарақ қолданып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра қолданды» деген айып (қылмыстық кодекстің 308-бап 4-бөлім «Б» пункті) тағылып отыр.
Азаттық тілшісі айыпталушы полицейлердің туыстарымен тілдесті. Солардың ішінде өзін айыпталушының әкесімін (аты-жөнін айтудан бас тартты - ред.) деп таныстырған азамат:
- Балам тек бұйрықты орындады. Бұлар негізі сол бұйрық берген кінәлілерді тауып соттаулары керек, - дейді.
«ОЛАРДЫ ҚОЛДАП, КӨМЕК КӨРСЕТЕМІЗ»
Осы аптада ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айыпталған полицейлерді қолдайтынын мәлімдеген еді. Ол ақпарат құралдары өкілдеріне:
- Әрине, біз оларды қолдап, құқықтық тұрғыда көмек көрсетеміз. Міндетті түрде адвокатпен қамтамасыз етеміз, - деді.
2012 жылы қаңтардың 25-інде Жаңаөзен оқиғасына орай арнайы мәлімдеме жасаған бас прокурор Асхат Дауылбаев полицейлердің «бейбіт тұрғындар мен өздерінің өмірі мен денсаулығына шынайы қауіп-қатер төну жағдайында негізінен заңды әрекет еткенін» айта келе:
- Алайда кейбір жағдайларда полиция қызметкерлері тарапынан қару-жарақ пен арнайы құралдар лайықсыз қолданылған, шабуыл жасаушылардың әрекеттеріне реакция туындаған қауіп-қатерге сәйкес болмаған. Соның салдарынан олар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаруды құқыққа қайшы қолданған, ол адам өлімдері мен жарақаттарына әкеп соққан, – деген еді.
ПОЛИЦЕЙДІҢ АНАСЫНЫҢ УӘЖІ
Бұған дейін 26 жастағы полицей, айыпталушы Ринат Жолдыбаевтың анасы Жаңыл Жолдыбаева ішкі істер министрінің блогында ұлының пистолетінен оқ атылмағанын, оған жала жабылып жатқанын жазып, көмек сұраған еді.
Жаңыл Жолдыбаева ол жазбасында «Алдын ала тергеу органдарының қызметкерлері істі бұрмалап, жалған куәлер тартып, ішкі істер полиция қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, тек қана айыптау бағытымен жүргізіп жатыр. Яғни, ол қолына (қару - ред.) ұстамаған, қару беру журналында Жолдыбаевтың қолы болмаса да, оның алмаған қаруымен адам өлген деген жалған айып тағып отыр» дейді.
Наурыз айында Азаттық тілшісіне сұхбат берген Жаңыл Жолдыбаева Ақтау қаласында отбасымен тұрып жатқан ұлының үйқамақта екенін де айтты.
Жаңыл Жолдыбаеваның сауалына ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов блог арқылы: «Қылмыстық іс бойынша тергеуді Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының арнайы прокурорлар департаменті жүргізіп жатыр. Осыған байланысты осы сұрақ ішкі істер органдарының билігіне кірмейді» деп жауап берген.
Бұған дейін Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталушылардың арасында жарақаттанған азаматтар бар екенін ескерткен қоғам бақылаушылары олардың «полицейлер ісінде» жәбірленуші ретінде сұралмағанын айтқан.
2011 жылы желтоқсанның 16-17-сі күндері Жаңаөзен мен Шетпедегі толқуларда ресми деректер бойынша 17 адам қайтыс болып, 100-ден астам адам жарақаттанды.