Accessibility links

Назарбаевқа импичмент туралы онлайн-петиция бұғауланды


Avaaz.org сайтындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент жариялау туралы петицияның суреті. Скриншот. 13 ақпан 2014 жыл.
Avaaz.org сайтындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент жариялау туралы петицияның суреті. Скриншот. 13 ақпан 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасын талап еткен петиция жарияланған сайт бұғауланды. Петицияға бір тәулік ішінде 2 мыңнан астам адам қол қойған.

Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент (сенімсіздік - ред.) жариялау туралы петиция Avaaz.org сайтына теңге девальвацияға ұшыраған ақпанның 11-і күні жарияланып, ақпанның 12-сі күні бұл сайт бұғауланды. Cайт бүгін де құлыптаулы тұр.

Петиция "Президент мырза, Сізге отставкаға кететін, сәтсіз жобаларыңыз үшін жауап беретін кез келді... Ел кедейленіп, мәңгілік лидермен бірге феодалдық дәуірге бара жатыр. Бірде бір проблема парасыз шешілмейді, айлық аз, қымбатшылық" деп басталады.

Avaaz.org сайтындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент жариялау туралы петицияның cкриншоты. 13 ақпан 2014 жыл.
Avaaz.org сайтындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент жариялау туралы петицияның cкриншоты. 13 ақпан 2014 жыл.
Бұдан соң заңдардың жұмыс істемейтіні, Арқанкерген, Іле-Алатау паркіндегі жаппай кісі өлімі істері дұрыс тергелмегені, Жаңаөзенде оқ атуға кім бұйрық бергені анықталмай қалғаны айтылған. Одан бөлек, "Назарбаев елді девальвация болмайды деп те алдады. Президент пен үкіметке сенуден қалдық... Теңге 20 пайыз құнсызданды. Кедей халық тоналды" деп жазылған.

Петиция "Президент мырза, Қазақстанға демократиялық, құқықтық ел болудың уақыты жеткен шығар" деп аяқталады.

Қазақстанда әртүрлі қоғамдық мәселелерге қатысты онлайн-петициялар жариялап, оған қарапайым азаматтардың қол қою оқиғасы бұған дейін де бірнеше рет болған.

Мәселен, қаңтар айының 25-і күні Avaaz.org сайтында Алматы қаласында көлікпен кісі қағып, адам өліміне себепші болған Мақсат Үсеновтің үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтатылуына қарсы петиция жарияланды.

2013 жылы қыркүйекте көлік жүргізушілері Қазақстан үкіметінің қозғалтқыш көлемі 3 мың текше сантиметрден асатын көліктер салығын төрт есе (60 мың мен 200 мың теңге аралығында) көбейту ұсынысына қарсы петиция жазды. Кейіннен үкімет петицияда айтылған уәждердің ескерілетінін хабарлады.

Интернеттегі бұл петициялардың ешбірі бұғауланбаған еді.
XS
SM
MD
LG