Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті биылдан бастап «жыршылық өнер» класында айтыс ақындарын даярлау үшін талапкерлер қабылдай бастады. Университеттің «Ұлттық өнер» кафедрасының оқытушысы Айтбек Жақсылықұлы «биылша грантқа төрт студент қабылдайтындарын» айтады.
Университеттің жалпы талабы бойынша талапкерлер өнер колледжін бітірген, арнайы білім иесі болуы тиіс. Бірақ айтыс өнері бойынша бұл талап сақталмайды. Талапкердің ешқандай арнайы білімінің болуы қажет емес. Тек бойындағы «туа бітті ақындық қасиеті» бағаланбақшы.
«НЕГІЗ ДЕ, СҰРАНЫС ТА ЖОҚ»
Әзірге «жыршылық өнер» класы бойынша қабылданып жатқан болашақ айтыс ақындарына сабақ беретін оқытушы ретінде бір ақын – Шырынбек Қойлыбаев бекітіліпті. Айтбек Жақсылықұлы Азаттық тілшісіне:
«Қазір ақындардың домбырасы бір жаққа, өлеңі бір жаққа кетіп қалады. Содан кейін ақындарда білім жоқ. Өлең құрауды білгенімен, сөз саптастарында кемшіліктер көрініп тұрады. Сондықтан, болашақ айтыс ақындарын сахна мәдениетінен бастап оқытамыз. Биылша - төрт бала, осылайша жыл сайын төрт баладан қабылдаймыз. Егер бала саны көбейсе, айтыс мамандығы бойынша бөлім ашылады. Әзірге оларға тек «жыршы» мамандығы бойынша диплом беріледі» деді.
Азаттық тілшісі «Айтыс ақындарын мемлекеттік тапсырыспен (грантпен) оқыту айтысты ресмилендірудің кезекті талпынысы емес пе?» деген сауалына Айтбек мырза «жоқ» деп жауап берді.
Мәдениеттанушы Серік Ерғали Қазақ ұлттық өнер университетінің айтыс ақындарын даярлауға кірісуін «жекелеген тілектерден туындаған бастама» деп сипаттайды.
Оның ойынша, айтыскерлерге кәсіптік жоғары білім беретіндей негіз бен оған деген сұраныс жоқ.
Мәдениеттанушы: «Айтыс тақырыбына санаулы адамдар ғылыми кандидаттық қорғағанымен, бірақ айтыстану ғылымы қалыптасқан жоқ, тіпті айтысқа қатысты көркем сын да қалыптасты деу қиын, айтыстың көркемдігін бағалау критерийлері де анықталып, нақтыланған жоқ» дейді.
«АКТЕРЛІК ҚАБІЛЕТ ТЕ КЕРЕК»
Ал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин - «айтыс ақындарды оқыту қажет» деп санайтындардың бірі.
«Ақыннан тек өлең шығару талап етілмейді. Оған домбырашылық өнер, актерлік қабілет, содан кейін ең бастысы - білім керек. Шынын айту керек, кейінгі шығып келе жатқан кейбір жас ақындар айтқанның жөні осы екен деп саясаттан бастап бәрін тізіп шығады. Осыны түзейміз деген мақсаттан туып жатқан нәрсе ғой. Сондықтан бұл жерде тек домбыра ойнау мен ән салуды ғана емес, тарих пен философияны, саясат пен әдебиетті меңгертсе құба-құп. Ұстаздың алдын көрген неге жаман болсын» дейді Серікзат Дүйсенғазин.
Мұның алдында айтыс ақындарын даярлауға Астанадағы Еуразия ұлттық университеті кірісіп көрген. 2001 жылы бұл оқу орнында «Дәстүрлі музыкалық және поэтикалық өнер» атты факультет ашылып, кейін оқу орнындағы қайта құруларға байланысты факультет жабылып қалды.
2000 жылдардың ортасына дейін айтыс сахнасы қазақ тілді аудитория үшін билікке ашық сын айтылатын шығармашылық еркіндік алаңы сияқты көрінді. Бірақ 2006 жылдан бері айтыс бәсекелерін Қазақстан билігі барынша қатаң бақылауға ала бастады. Оның алғашқы белгісі Жүрсін Ерманның салыстырмалы түрде еркін форматта өткізіп келген айтыстарының телеарналардан көрсетілмей қалуы болды.
2012 жылы жазда Қазақстан мәдениет министрлігінде айтыс бөлімі құрылды. Бөлім қызметкері Еркебұлан Қайназаров Азаттыққа «ақындардың көбі сол жердің тізімі бойынша, сол жердің жоспары бойынша жұмыс жасайтынын» айтқан еді. Осы бөлім «мәдениет министрлігінің жобаларына қатысушы айтыскерлерге» Азаттықтың 2012 жылы күзде өткізген чат-айтысына қатысуға рұқсат бермейтінін мәлімдеген.
2013 жылы «айтыстың әуелі саясиланып, кейін ресмиленгені» туралы әңгіме күшейе түсті. Кейбір сарапшылар «Билік айтысты 2013 жылы толық қарамағына алды» деп санайды. Оған себеп осы жылы «Нұр Отан» билік партиясы өзін айтыстың ұйымдастырушысы және демеушісі ретінде белсенді түрде жарнамалай бастады. Мұндай айтыс додаларында суырып салма ақындар саяси жүйеге қатысты ашық ой-пікірлерін айтудан тартынып, ұйымдастырушылар бекіткен тақырып аясынан шыға алмай отырады. Айтыс – қазақтілді аудитория арасында ең танымал дәстүрлі сөз сайысы болып саналады.