Accessibility links

Ресей мен Украина қолға түскен сарбаздарды айырбастаған


Украинаның шығысында ұсталған Ресей жауынгерлері баспасөз мәслихатында отыр. Киев, 27 тамыз 2014 жыл.
Украинаның шығысында ұсталған Ресей жауынгерлері баспасөз мәслихатында отыр. Киев, 27 тамыз 2014 жыл.

Украина өз аумағында ұсталған ресейлік тоғыз десантшы сарбазды украиналық 63 әскериге айырбастаған. Бұл туралы бүгін Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко хабарлады. Оның айтуынша, екі тарап қолға түскен әскерилерді жексенбіге қараған түні Харьков облысындағы «Гоптовка» өткізу бекетінде айырбастаған.

Бұған дейін Украинада ұсталған ресейлік 98-ші әуе-десант дивизиясының тоғыз сарбазы өткен түні Ресейге қайтып оралды деп хабарланған болатын.

Ресейдің Кострома қаласындағы десантшылар әскери бөлімінің он сарбазы Украина жерінде ұсталғаны туралы 26 тамыз күні Украина қауіпсіздік қызметі хабарлаған еді. Көп ұзамай ұсталғандардың арасында денесін күйік шалған біреуін – Артем Кузьминді Украина жағы Ресейге қайтарып, ол Санкт-Петербург қаласындағы әскери госпитальге жеткізілген. Қалған тоғыз сарбаздан Киевте Украинаның арнайы қызметі жауап алып, олардың шекарадан қалай өткендерін, Украина жерінде соғыс қимылдарына қатысқан-қатыспағандарын анықтаған еді. Украина тарабы бұл сарбаздардан «куәгер» ретінде жауап алғандарын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG