Accessibility links

БҰҰ Астананы адам азаптауды доғаруға шақырды


Полиция наразыларды әкетіп барады. Астана, 1 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция наразыларды әкетіп барады. Астана, 1 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы белсенділері түрмелердегі азаптау проблемасына қатысты зерттеу нәтижелерімен таныстырды. БҰҰ құқық қорғаушылары сияқты олар да «ел билігі азаптауға қарсы тиісті деңгейде күреспейді» дейді.

Қазақстанның азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) коалициясының ең белгілі оқиғалар бойынша зерттеу нәтижелерін таныстырған құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің мәлімдеуінше, алдын ала тергеу кезінде кең тарағандықтан, Қазақстандағы азаптау әрекеттері тергеу амалы сияқты болып кеткен.

Бүгін Алматыда өткен баспасөз жиынында Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы сарапшысы Татьяна Чернобиль және Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалы директоры Анастасия Миллер азаптауға қарсы күрес пен бұл проблеманы зерттеу нәтижелерін баяндады.

АЗАПТАУ ЖӘНЕ АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ШАҒЫМДАР

Жергілікті құқық қорғаушылардың айтуынша, жәбірленушілердің азаптауға қатысты шағымдары көбінесе тексерілмейді, ал ресми тексерулер үстіртін жүргізіліп, сотталушылардың азаптауға қатысты шағымдарын соттар жауапкершіліктен жалтару амалы деп қабылдайды.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті сарапшылары Қазақстанның ресми делегациясына тұтқындағы азаматтық белсенділер Арон Атабек пен Зинаида Мухортоваға қатысты сұрақтар қойған. Татьяна Чернобильдің айтуынша, комитет сарапшылары Атабектің тергеу абақтысына қамалуы мен оның түрмедегі әдеби қызметі арасында байланыс бар-жоғын, Зинаида Мухортованы психиатриялық клиникаға мәжбүрлі түрде жатқызу қаншалықты қажет болғанын білгісі келген.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, азаптау шағымы бойынша санаулы іс қана қозғалған, ал тексерілген 20 шағымның төртеуіне ғана қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Татьяна Чернобиль, құқық қорғаушы. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл.
Татьяна Чернобиль, құқық қорғаушы. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл.

– Оның өзінде бұл үшін шағымданушылардың бірі Дмитрий Рақышев тергеу абақтысында өлуіне тура келді, – дейді Татьяна Чернобиль.

Татьяна Чернобиль 2011 жылы ісі тергеліп жатқан Рақышев қайтыс болған Степногорск қаласындағы тергеу абақтысы бастығын мысалға келтіріп, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің Қазақстанда азаптау әрекеттері үшін жеңіл жазалайды деген алаңдайтынын мәлімдеді. Абақты бастығы қызметін салақ атқарғаны үшін ғана сотталып, сот залынан рақымшылыққа ілігіп босап шыққан.

Құқық қорғаушылар Арон Атабекті, Зинаида Мухортованы, 2011 жылдың желтоқсанында шеруді қуып таратқаннан кейін сотқа шағымданған Жаңаөзеннің мұнайшы белсенділерін азаптау құрбандары болуы мүмкін деп санайды. Бірақ Қазақстанның ресми делегациясы БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті сессиясында оларды азаптау құрбандары деп танымаған.

РЕСМИ КӨЗҚАРАС

Қарашаның 17-18-і күндері Қазақстанның ресми делегациясы Женевада БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясы міндеттемелерін мемлекеттің орындау барысы туралы баяндама жасаған.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне барған астаналық ресми делегация құрамында ұлттық адам құқығы орталығының бас сарапшысы Динара Оспанова да болған.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.
Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.

Азаттықтың «БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде ұлттық адам құқығы орталығы Арон Атабек пен Зинаида Мухортоваға қатысты қандай позиция ұстанды?» деген сұрағына Динара Оспанова бұл мәселеге қатысты сұрақтар омбудсмен емес, Қазақстанның мемлекеттік делегациясы, атап айтқанда бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің атына жолданғанын айтты.

– Біз жалпы ұлттық превентивті механизм мәселелерімен таныстырдық. Біздің ұйымға бұл сұрақтар қойылған жоқ, – дейді Динара Оспанова.

Женевадағы сессияға қатысқан құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің айтуынша, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті сарапшыларының сауалдарына қайтарған жауабында Иоган Меркель Арон Атабек пен Зинаида Мухортованы азаптау құрбаны ретінде атамаған.

БҰҰ-НЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ҰСЫНЫСЫ

Өткен аптаның соңында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Қазақстан үкіметіне айтқан, қамау орындарындағы азаптаумен күресу жайын жақсарту туралы ұсынысын жариялады.

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстандағы адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 2 желтоқсан 2014 жыл.

- Мәселен, БҰҰ комитеті Жаңаөзендегі азаптауды және басқа да құқық бұзатын жайттарды мұқият әрі байсалды зерттеуді, Жаңаөзендегі оқиғаны, оның себебі мен салдарын БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары айтқандай тәуелсіз халықаралық тексеру жүргізуді ұсынды, – дейді Анастасия Миллер.

Комитет Зинаида Мухортованы психоневрологиялық диспансерге жатқызудың қисындылығын анықтау үшін тез арада мойындалған сарапшылардан, халықаралық ұйымдар өкілдерінен құралған тәуелсіз тексеру жүргізуді кеңес етті.

Комитет, жергілікті құқық қорғаушылардың сөзінше, жеке қамауда жатқан Арон Атабектің жағдайына алаңдап, оның жағдайын тәуелсіз түрде тексеруді ұсынған.

БҰҰ есебінде тәртіп сақтау орындары қызметкерлерінің азаптауы, оның ішінде зорлаймын деп қорқыту әрекеттері жайлы көптеген хабарлар қатты алаңдататыны да айтылған. Комитет мүшелері Қазақстан билігін азаптау мен қатыгездікте «нольдік деңгейдегі шыдам» саясатын іске асыруға шақырған. Олардың сөзінше, кез келген зорлық болмайтынын, мұндай іске қатысы бар кез келген қызметкер жазаға тартыларын анық мәлімдеу керек. БҰҰ өкілдері қамау орындарының бәрін бейне камерамен және дауыс жазу құралдарымен қанымдау керегін айтты.

Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің 27 қарашада қабылдаған ұсынысын алдағы төрт жылда орындауы керек.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG