Атырау қалалық №2 соты 27 жастағы А.У. есімді жергілікті тұрғынды Украинада ресейшіл сепаратистер сапында соғысты деп айыптап, үш жылға соттады. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы "шетелдік әскери қақтығысқа қатысқаны" үшін айыпты деп танылған.
Қазақстанда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысқаны үшін осымен екінші адам сотталып отыр. Өткен жылы желтоқсанда Астана соты Украинада сепаратистер жағында соғысқан Евгений Вдовенконы бес жылға соттаған.
Ал наурыз айында алматылық тұрғын Татьяна Шевцова-Валова интернеттегі жазбалары үшін "ұлтаралық араздықты қоздырды" деп айыпталып, төрт жылға шартты түрде сотталған. Ол жазбаларында өткен жылы заңсыз түрде аннексияланған Қырым түбегі сияқты Қазақстан да Ресейдің бір бөлігі болуы тиіс деп мәлімдеген.