Accessibility links

Сирияға үгіттеушілермен театр арқылы күреспек


«Жаннат» спектаклінен көрініс. Орал, 31 мамыр 2015 жыл.
«Жаннат» спектаклінен көрініс. Орал, 31 мамыр 2015 жыл.

Орал театрында исламның «дәстүрлі емес» ағымын ұстанушы әрі Сириядағы содырларымен байланысы бар жандар туралы идеологиялық спектакль койылды. Сценарий жергілікті биліктің тапсырысы бойынша жазылған.

Бір жарым сағаттық «Жаннат» спектаклінің негізгі кейіпкері – көпбалалы қазақ отбасы. Үйдің үлкен баласы Қазақстанда «дәстүрлі емес» деп аталатын діни ағымды ұстанады. Мамырдың 31-і күні Оралдағы қазақ драма театры сахналаған пьесаның бас кейіпкері Сүйініш сақал жіберіп, намаз оқиды, діндестерімен ғана араласып, томаға-тұйық тіршілік кешеді.

Үлкен шаңырақтың тіршілігі күрт өзгеріп, үйдің берекесі қашады. Сүйініш «харам» өмір салтын ұстанасыңдар деп, анасы, іні, қарындастарымен үнемі керіседі.

Режиссер спектакльде Сүйініштің пікірлес достарын ислам қағидаларынан үстіртін ғана хабары бар шала сауатты жандар етіп көрсеткен. Ал жас жігітке адасып жүргенін түсіндірген жерілікті имам Асан – оларға қарама-қарсы кейіпкер. Имам «адасқан жанға» қазақтар ханафи мазһабын ұстанатынын түсіндіруге тырысады. Имам хадистердің бірін келтіріп, бас кейіпкерге «жұмақ анаңның табаны астында» дейді.

Ақыры драма шырқау шегіне жетіп, бас кейіпкердің анасы қайтыс болады, Сүйініштің пікірлес достары Сириядағы исламшыл содырлар жағында соғысып жатқан «діндес бауырларына» қаржылай көмектесу үшін кісі тонап, қолға түседі. Бұл жағдайлардан кейін Сүйініш салу суға кетіп, өзінің адасып жүргенін түсінеді. Қойылым соңында ол «кәдімгі» мұсылманға айналып, туыстарынан кешірім сұрайды, сақалын қырып тастайды.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ ТАПСЫРЫСЫ

Театр қызметкерлерінің айтуынша, қойылымға облыстық дін істері басқармасы басшылығы тапсырыс берген, ал сценарийін теолог ғалымдар мен жергілікті дінбасылар мақұлдаған. Облыстық діни істер басқармасы бастығы Талғат Нығметовтың айтуынша, драма сюжеті өмірде болған оқиғаларға негізделген.

Спектакль режиссері Мұқанғали Томановтың сөзінше, драманы қоюға 10 күннен сәл көп уақыт кеткен. Оның пікірінше, театр мемлекет идеологиясын уағыздамауы тиіс, бірақ бұл жолы ол принциптен бас тартқан.

Спектакль режиссері Мұқанғали Томанов. Орал, 31 мамыр 2015 жыл.
Спектакль режиссері Мұқанғали Томанов. Орал, 31 мамыр 2015 жыл.

– Өмірде нақты осындай хикая болды ма, жоқ па, білмеймін, мен шығармашылық қиялымды басшылыққа алдым. Қойылымға түскен актерлердің көбі – ханафи мәсһабын ұстанып, күнделікті намаз оқитындар. Театрды идеологиялық құралға айналдырмау керек екенін түсінемін, бірақ қазір мына проблема аса өзекті болып тұрғандықтан, қоғамға пайдамды тигізгім келді. Мемлекеттік театр болғандықтан, қойылымға қаламақы төлеген жоқ, жалақы ғана аламын. Бұл – менің жұмысым, – дейді Мұқанғали Томанов.

Биыл көктемде қазақстандық ақпарат құралдары Батыс Қазақстан облысында «Сириядағы содырлармен байланысы бар» деген айыппенжергілікті тұрғындардың сот процесі өткенін хабарлаған. Баспасөздің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» ұйымына қосылу үшін Сирияға аттанбақ болған үш ер адамды үш жарым жылға соттаған. Биыл қыста облыс прокуратурасы «Сирияға кеткен жергілікті тұрғындардың саны да, содырларға қосылған адамдардың нақты кім екені де прокурорларға белгілі» деп хабарлаған. Бірақ прокуратура облыс прокуроры орынбасары Аспенби Жарылғасовтың айтуынша, «халықты шулатпау» үшін нақты санын атамаған.

Бұдан ертеректе Қазақстан арнайы қызметі «Сирияда 300 қазақстандық соғысып жүр әрі оның жартысы – қыз-келіншектер» деп мәлімдеген. Интернетте жарияланған «Ислам мемлекеті» тобы видеороликтерінің ішінде қазақша сөйлейтін ер адамдар мен балалар түскен сюжеттер де бар. Видеосюжеттердің біріндегі «Сирияға жиһад жасау үшін кеттік» деген кейіпкерлердің кімдер екенін Азаттық тілшілері анықтаған.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG