Accessibility links

Серік Ахметовті үйқамаққа алу мерзімі тағы ұзарды


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов.

Қарағанды облысы Қазыбек би ауданының соты кеше Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің үйқамақта отыру мерзімін 18 шілдеге дейін ұзартты.

Соттың баспасөз хатшысы Әлия Жошеваның "Интерфакс-Казахстан" агенттігіне хабарлауынша, мұндай шешім қабылдауға мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігі тергеушісінің талабы себеп болған.

Өткен жылдың қараша айында қамауға алынған Серік Ахметовке "пара алды", "ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет өкілетін асыра пайдаланды", "заңсыз түрде кәсіпкерлікпен айналысты" деген айыптар тағылған. Ол "айыбын мойындамайтынын" мәлімдеген.

Серік Ахметов 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, отставкаға кеткен. Бұдан соң ол қорғаныс министрі болып тағайындалып, қазан айында қызметінен босатылған еді.

Серік Ахметов оған дейін Қарағанды облысы әкімі (2009), премьер-министрдің бірінші орынбасары (2012) қызметтерін атқарған.

XS
SM
MD
LG