Accessibility links

Қуғындағы Йемен билігі өкілдері Аденге оралды


Йемен президенті Абд-Раббу Мансур Хадиге жақтас сүнниттік жасақтар Аден қаласына шабуылға дайындалып жатыр. Сәуір 2015 жыл.
Йемен президенті Абд-Раббу Мансур Хадиге жақтас сүнниттік жасақтар Аден қаласына шабуылға дайындалып жатыр. Сәуір 2015 жыл.

Йеменнің қуғындағы үкіметі өкілдері шиттік хусит жасақтары ығыстырылып шығарылғаннан кейін Аден қаласына қайта оралды. Сүнниттік жасақтар хуситтерді Йеменнің оңтүстігіндегі Аден қаласының көпшілік аумағынан Сауд Арабиясы әуе шабуылдарының көмегімен ығыстырған.

Кейбір ақпараттар бойынша, барлау қызметі шенеуніктері алып жүрген бірнеше министр 16 шілдеде тікұшақпен Аден маңындағы әскери базаға келіп қонған.

Аты-жөнін атамаған үкімет өкілінің айтуынша, президент Абд-Раббу Мансур Хади өздеріне "Аденде мемлекеттік институттарды қалпына келтірмес бұрын тұрақтылық орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық жұмыстарын жүргізуді" тапсырған.

Сауд Арабиясына бас сауғалап барған Йемен үкіметінің өкілі Йеменнің екінші ірі қаласы Аденнің 90 пайызы хуситтерден қайтарылғанын айтты.

Наурыз айында Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясы президент Абд-Раббу Мансур Хади билігін қалпына келтіру үшін елдің көпшілік бөлігін басып алған хуситтерге қарсы әуе шабуылдарын бастаған.

XS
SM
MD
LG