Өзбекстаннан көшіп келген Уәлихан Тәжібаев – Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданынан жер телімін сатып алып, үй салған ондаған оралманның бірі. Ол 2010 жылы осы аумақтан әрқайсысына 12 мың доллар төлеп төрт жер телімін сатып алады. Тәжібаевтың сөзінше, рәсімдеу кезінде нотариус те, архитектура бөлімі де, жылжымайтын мүлікті тіркейтін органдар да «бар құжаттардың заңды екенін растаған». Ол екі жер теліміне үй салуға қалалық архитектура бөлімі рұқсат қағазын бергенін айтады. Бірақ үш жыл бұрын шағынауданға әкімшілік-іскерлік орталық салына бастаған соң қала әкімдігі тұрғындарға жер телімін қайтару туралы талап қояды.
- 2012 жылы [«Нұрсәт» шағынауданында] әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы басталды. Былтырғы наурызда жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу туралы сөз шықты. Содан бері тыныштық жоқ. «Мемлекеттің мүддесі үшін өткізіңдер» деді. Бар құжаттарды қалалық жер бөліміне өткіздік. Енді «бұл жер телімі ауылшаруашылығына арналған» дегенді айтады. Жер бөлімі өзі берген құжатты өзі жоққа шығарып отыр. Біздің қолымызда бұл жер теліміне үй салуға рұқсат бергені туралы барлық құжатымыз бар. Бұл құжаттың барлығын мемлекеттік мекемелер берген, - дейді Уәлихан Тәжібаев Азаттыққа.
Видео: Жер дауы туралы тұрғындар пікірі.
«Нұрсәт» тұрғындары жер телімінің пайдалану ретін «ауылшаруашылық мақсаты үшін» деп өзгерту өтемақы көлеміне әсер етеді деп шағымданады. Олардың кейбірі салған үйлері үшін өтемақыдан мүлдем қағылайын деп тұрғандарын айтады.
- Біздің жер телімімізді ауыл шаруашылығына арналған дейді. Сөйтіп тек ауылшаруашылығына [арналған жер деп арзанға бағалап] аз өтемақы төлемекші. Егер ауылшаруашылығына арналған жер болса, неге бізге мемлекеттік мекемелер әу баста үй салуға рұқсат қағазын береді? Біз бұл жер телімінің әрбірін 12 мың доллардан сатып алғанбыз. Одан кейін жыл сайын салығын да төлеп отырдық, - дейді Ахмет Сапаров.
Сапаровтың сөзінше, қалалық жер бөлімі жеке тұрғын үйі үшін өтемақы берілмейтінін айтқан. Ал жер телімін «ауылшаруашылығы мақсатындағы жер» деп қарастырып, әр учаскеге 650 мың теңге көлемінде қаражат ұсынған. Ал тұрғындар бұл ақшаның тым аз екенін айтып ренжиді.
Шымкенттің «Нұрсәт» шағын ауданына қарасты жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салынып жатқан территориядағы сатылып кеткен жер телімдері жөнінде 2014 жылдың наурыз айында бас прокуратура мәлімдеме жасаған болатын. Бас прокуратураның мәліметі бойынша, «2004 жылы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша жаңа «Нұрсәт» шағын ауданын салу үшін Шымкент қаласынан 283 гектар жер бөлінеді. Бірақ оншақты жыл ішінде бұл аумақтың жартысына жуығын әкімдік тұрғындарға заңсыз түрде сатып жібереді. Сатылған учаскелердің әуелгі құжаттары, жер-кадастр істері электрондық базадан жойылады. Содан соң әкімдік аталған аумаққа әкімшілік-іскерлік орталық салу туралы жоспар құрып, сатылған жер телімдерін Алматы мен Астанадан да қымбат бағалап қайта сатып ала бастайды».
Бұл жер кезінде шаруаларға ауылшаруашылығы мақсатында берілген. Тұрғын үй салуға болмайды.Серік Тұрбеков, облыстық басқарма басшысы.
Қазір әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағында кейбір тұрғын үйлер пайдалануға беріле бастағаны байқалады. Ал әкімдік «заңсыз салынған» деп танитын сол аумақтағы көршілес үйлерде иелері әлі тұрып жатыр. Кейбірі үйінің қабырғасын сөгіп, құрылыс материалдарын алып кетіп жатыр.
Ал қалада пәтер жалдап тұрудан шаршаған төрт баласы бар Уәлихан Тәжібаев пен үш балалы Ахмет Сапаров басқа баратын жері жоқ болған соң ауыз сусыз, жарықсыз болса да, даулы жер теліміне салған үйлерінде қалған.
Бірақ әкімдік тұрғындардың қарсылығына қарамастан әкімшілік-іскерлік орталық аумағынан өтетін Астана даңғылы бойындағы 189 даулы жер телімін сот арқылы қайтарып алуға талаптанып жатыр. Олардың 105-сі бойынша іс сотқа жеткен. Шілденің соңына дейін әкімдік және 40 жер учаскесі бойынша талап-арыз түсірмекші.
- Бұл жер кезінде шаруаларға ауылшаруашылығы мақсатында берілген. Тұрғын үй салуға болмайды, - деді шілденің 14-і күні Шымкенттегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткізген баспасөз-мәслихатында облыстық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серік Тұрбеков.
Оның сөзінше, ауылшаруашылығына арналған жерді азаматтар кезінде «жүгіріп жүріп қол қойдырып, тұрғын үй салуға мемлекеттік мекемелердің рұқсатын алған».
- Мемлекеттік мекемелерде де әртүрлі қызметкерлер бар, - деп қосып қойды ол.
Серік Тұрбеков әкімдік бағалаған жер телімінің кадастрлық құны мен нарықтағы құнының айырмашылығы өте үлкен екенін растайды.
- Сату үшін азамат нарықтық бағаны айтады. Ал біз мемлекеттің мүддесін қорғаған соң жерді кеткен шығынына қарай есептейміз. Мұның барлығы сотта қаралады. Ал мемлекеттің бағасы – кадастрлық баға. Яғни жердің әр шаршы метрі - 1275 теңге. Қаланың қай жерінде орналасқанына байланысты баға екі есеге дейін көбейеді. Ал салынған үйдің шығыны сот арқылы шешіледі, - дейді басқарма басшысы.
Ал Уәлихан мен Ахмет мемлекет белгілеген бұл қаражаттың жұмырға жұқ болмайтынын айтады.
- Мемлекет ең болмағанда біздің жер телімін сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға кеткен шығынымызды өтеп берсе дейміз. Олай болмаса мен соңына дейін отырамын. Жазатын жеріме дейін жазамын, аяғым жеткен жерге дейін барамын, - дейді Ахмет Азаттыққа.
Оның сөзін жалғаған Уәлихан:
- Бізге жерді өкімет тегін берген жоқ. Өз қалтамыздағы ақшаға сатып алдық. Енді сол ақшаны өтеп берсін, - деді.
Ресми мәлімет бойынша Шымкентте 137 мың адам жер телімін алуға кезекте тұр.