Қазақстан үкіметі парламентке ұсынғалы отырған жаңа еңбек кодексі жобасына қарсылық білдіріп, президент Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған хатқа қанағаттанарлық жауап ала алмаған соң, маңғыстаулық мұнайшылар Астанаға делегация жіберуге шешім қабылдаған.
«Oil Construction Company» (ОСС) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Әмин Елеусіновтің сөзінше, ОСС заңгері Нұрбек Қосақбаев екеуі тамыздың 25 күні Астанадағы президент әкімшілігі мен премьер-министр кеңсесіне арнайы барып, жолдаған хаттарына жауап сұраған. Мұнайшылар белсенділері жаңа еңбек кодексінде жұмысшылардың еңбек құқықтары едәуір қысқарып, жұмыс берушілердің өкілеттіктері әдеттен тыс кеңейтілген, жұмыстан шығаруда қоғамдық бақылау әлсіреген деп санайды.
– Үкімет кеңсесіндегілер бізге [президент әкімшілігінің басшысы] Нұрлан Нығматулин барлық министрлерге 7 қыркүйекке дейін мәселені талқылау үшін арнайы тапсырма бергенін айтып, «нақты жауапты 13 қыркүйекте аласыңдар» деп телефонмен ауызша хабарлады, - дейді Әмин Елеусінов.
Ол билікке айтқан талап-тілектері ескерілмей, жаңа кодекс қабылданып кетеді деп алаңдаған маңғыстаулық мұнайшылар белсенділерінің тамыздың 27-і күні Ақтау қаласындағы облыстық кәсіподақтар бірлестігі кеңсесінде шұғыл жиналғандарын айтты.
– Жаңа кодекс жобасы парламентте қабылданып кетеді деген күдігіміз бар. Сондықтан қыркүйектің 6-сы күні әр мекемеден кәсіподақ төрағасы мен өкілдер шығарылып, арнайы делегация Астанаға бармақпыз. Талабымызға жауапты парламенттегі депутаттардың ауызынан естігіміз келеді, -деді Әмин Елеусінов.
МҰНАЙШЫЛАР ТАЛАБЫ
Еңбек кодексінің жаңа жобасына байланысты алаңдап жүргендердің бірі «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы кәсіподағы ұйымы төрағасының орынбасары Берді Өтебай. Оның сөзінше жұмысшылар жаңа кодекс жобасындағы бірқатар өзгерістерге қарсы. Соның бір мысалы ретінде белсенді вахталық ауысыммен жұмыс істеудің өте ауыр екенін айтты.
– Біздің жұмыс күніміз таңғы 5-тен кешкі 21-ге дейін жалғасады. Бәріміз де отбасымызды асырау үшін тентіреп жүрміз. Жобада артық жұмыс уақыты, мереке мен демалыс күндері төленетін 1,5-2 коэффициенттерін 1,25-ке дейін төмендеткен. Мереке, демалыста министрлер мен депутаттар демалып, сайрандап жүргенде, біз мемлекетке пайда әкеліп жатамыз. Дамыған мемлекет болу үшін артқа емес, алдыға қарай жүрмейміз бе, - дейді Берді Өтебай.
Шілденің 31-і күні Маңғыстаудағы 16 кәсіподақ ұйымы өкілдері қол қойып, президент Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министрге Кәрім Мәсімовке жолдаған хатта мұнайшылар еңбек кодексінің жаңа жобасымен келіспейтіндерін, «жобада жұмысшы құқықтары бұзылғанын» баяндаған. Олар «егер денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған жоба осы күйі қабылданса, жұмысшылардың мемлекет кепілдік берген (әлеуметтік) жағдайлары нашарлайды. Олардың қорғаушысы ретінде біз де аймақта тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге баруға мәжбүр боламыз» деп мәлімдеме жасаған.
МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ
Маңғыстау облыстық кәсіподағы орталығы төрағасы Абдулкәрім Ахатов Азаттыққа мұнайшылар хатына денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінен жауап тамыздың 24-і күні келгенін айтты.
Оның сөзінше, «еңбек кодексі елбасының жүз нақты қадам жолдауына байланысты жаңартылып отыр».
– Біз мұнайлы аймақпыз, мына дағдарыста инвесторлардың кетіп қалмауын да ойлауымыз керек. Қалай шешім қабылдау керектігін үкімет шешеді, - дейді Маңғыстау облыстық кәсіподағы орталығы төрағасы Абдулкәрім Ахатов.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбек және әлеуметтік серіктестік департаментінің директоры Н.Тлеуов қол қойған жауапта «еңбек қатынастарын реттеудің ұсынылып отырған моделі халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сай, кәсіпорын деңгейінде ұжымдық келісімшарттар арқылы жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өзін-өзі басқаруын көтеру қажеттілігіне негізделген» деп жазылған.
«Жалпы алғанда, кодекс жобасында бір жағынан әлеуметтік қорғау мен әділдікті, екінші жағынан – экономикалық тиімділікті сақтау қарастырылған. Қазақстан еңбек кодексіне өзгеріс енгізу туралы сіздердің ұсыныстарыңыз жоба бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс барысында ескеріледі» делінген министрліктен келген жауапта.