Accessibility links

Қазақстандағы жапон әскери тұтқындары


Алматыда құрылысын салуға жапон тұтқындары қатысқан тұрғын үй (Жібек Жолы көшесі бойында, Пушкин және Уәлиханов көшелері аралығында орналасқан). 27 шілде 2015 жыл.
Алматыда құрылысын салуға жапон тұтқындары қатысқан тұрғын үй (Жібек Жолы көшесі бойында, Пушкин және Уәлиханов көшелері аралығында орналасқан). 27 шілде 2015 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыс 1945 жылы қыркүйектің 2-сінде Жапонияның капитуляция актісіне қол қоюымен аяқталды. СССР тұтқындаған жапон әскерінің 60 мыңдайы Қазақстанға, ГУЛАГ қарамағына жіберілген.

ПОТСДАМ ДЕКЛАРАЦИЯСЫН БҰЗУ

1945 жылы 16 тамызда ондаған мың жапон солдаты мен офицері Жапония императорының жарлығы бойынша совет әскеріне қаруларын тапсырды.

Жапония өз сарбаздарын әскери тұтқын емес, бас еркінен заңсыз айрылғандар (интерн-тұтқындар) деп санайды. 1945 жылы 26 шілдеде қол қойылған Потсдам декларациясының 9-тармағында «Қарусыздандырылғаннан кейін жапон қарулы күштерінің бейбіт өмір сүріп, еңбек етуі үшін өз ошағына оралуына рұқсат етіледі» деп жазылған.

Жапонияға қарсы соғысқан елдердің ішінде бұл тармақты тек СССР ғана орындамады. 1945 жылдың 23 тамызында мемлекеттік қорғаныс комитеті 500 мыңға жуық жапон әскери тұтқынын СССР территориясына дереу этаппен жөнелту туралы қабылдаған қаулысы тез орындалды.

Жапон әскери тұтқындары Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жапонияның капитуляциясы туралы хабарды тыңдап тұр. Гуам, 1945 жыл.
Жапон әскери тұтқындары Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жапонияның капитуляциясы туралы хабарды тыңдап тұр. Гуам, 1945 жыл.

Тарихшылар Қазақстанға әкелінген жапон әскери тұтқындары мен интерн-тұтқын саны 58 мың 900 адам болғанын анықтаған. 1945 жылдың 5 қазанында жапон солдаттары тиелген алғашқы эшелон Семей облысына келген. Кейін олардың көбін (25 мыңын) Қарағанды, Жезқазған, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарына жөнелткен. Мәжбүрлі еңбекке жегілген жапондар өнеркәсіп саласында, азаматтық және өнеркәсіптік құрылыста, шахта-кеніштерде, ауыл шаруашылығында қара жұмыс істеген. Қазақстан лагерьлерінде болған жапон әскери тұтқындары Сталин орнатқан ГУЛАГ жүйесінің бүкіл сұмдығын бастан кешіп, көбі аштық пен адам төзгісіз азаптан өлді.

40-ЛАГЕРЬ

Соғыстан кейінгі Қазақстанда жапон тұтқындарының тағдырына қатысты жүргізілген арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Екінші дүниежүзілік соғыс және кейінгі жылдарда шетел әскери тұтқындарының еңбегін Қазақстанда пайдалануға арналғаны жайлы қостанайлық тарихшы Руслан Бекмағамбетовтің еңбегі бар. Соғыстан кейінгі Алматыда жапон тұтқындары 40-лагерь мен оның бөлімшелерінде отырғанын осы еңбектен білуге болады.

1945 жылы 5 қыркүйекте құрылған лагерь әуелі Қарағанды облысында болған. Руслан Бекмағамбетовтің зерттеуіне қарағанда, 1946 жылдың бірінші жартысында лагерьді Алматыға көшірген. Бірақ жапон тұтқындарының қалада қашан пайда болғанын көрсететін өзге де деректер бар. Қазақ ССР ішкі істер министрлігінің әскери тұтқындар және интерн-тұтқындармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бұрынғы қызметкері Андрей Чернов 1990 жылдардың басында жергілікті газетке берген сұхбатында жапон тұтқындары Алматыда Квантун армиясы капитуляциясынан екі-үй ай өткен кезде, яғни 1945 жылдың аяғында пайда болғанын айтқан.

Андрей Чернов Алматыда жапон тұтқындарын орналастырған бірнеше орын барын да айтқан. Бірі – қазіргі энергетика және байланыс институты тұрған жер. Тағы бірнешеуі ет комбинаты маңында – сол кезде салына бастаған ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ) мен вагон жөндеу зауыты (қазіргі Әуезов және Гоголь көшелері қиылысы) жанында, қазіргі Райымбек даңғылы және Жұмалиев (бұрынғы Қастек) көшесінің қиылысында болған. Сым тартылған биік дуалмен қоршалған әлгі жерлерді қару асынған әскер күзеткен.

40-лагерь 1948 жылдың 15 шілдесіне дейін жұмыс істеген. Бірақ лагерьдің 1-бөлімшесі 1949 жылдың басына қарай да жабылмай, жұмыс істеп тұрған.

Жапон тұтқындары Алматыда өнеркәсіп нысандарын, тұрғын үйлер, қоғамдық ғимараттарды салуға қара жұмысшы ретінде қатысқан. Бүкіл ГУЛАГ жүйесіндегі сияқты жартымсыз тамақ адамды әлсіретіп, бір жағынан тұтқындардың сағын сындыру мақсатын да көздеген.

Алматы тарихындағы «жапон қолтаңбасы» фотогалереясы:

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ АРБАУ ЖӘНЕ ҮГІТ

СССР-дегі жапон соғыс тұтқындары лагерь әкімшілігі тарапынан идеологиялық арбауға түскен. Лагерьде совет мемлекеті мен компартия басшылары, белгілі жапон коммунистерінің портреттері ілінген арнайы бөлмелер жабдықтаған. Асханалар мен демалыс бөлмелері де осы сипатта безендірілген. Советтік үгіт-насихат стандарттары аясында тұтқындар арасында саяси мәселелер бойынша лекциялар оқып, әңгімелер өткізген.

Тұтқындарды жапон тілінде шығатын совет газеттерімен қамтамасыз етіп отырған. «Ниппон Симбун» («Жапон газеті») – ішкі істер министрлігінің бас жаршысы болған. Лагерьлерге Владимир Ленин мен Иосиф Сталин өмірбаянына қатысты эпизодтардың жапон тіліне аударылған үзінділері, Лениннің жапондар ұғымына бейімделіп аударылған мақалалары мен шығармаларының үзінділері жеткізіліп тұрған.

Совет кинофильмдерін көрсету де үгіт-насихаттың бір түрі болған. Жапон тұтқындарына әсіресе «Чапаев» фильмі ұнаған. Сеанс басталарда арнайы дайындықтан өткен аудармашы жапон тұтқындарына картинаның мазмұнын түсіндіріп, антимилитаристік үгіт жүргізген.

«Совет одағының генералиссимусы И.В.Сталинге жапон әскери тұтқындарының алғыс хаты» (1949 жылдың 7 қарашасы) идеологиялық арбау жұмысының сәтті мысалы ретінде келтіріледі. Қазіргі кейбір тарихшылар ол хат мәтінін совет үгітшілері жазып, мыңдаған жапон тұтқынына мәжбүрлі түрде немесе «еліңе тезірек қайтарамыз» деген уәдемен қол қойғызған деп пайымдайды.

Қазақстандағы тұтқын және интерн-жапондармен жұмыс істеген Андрей Черновтың дерегінше, жедел бөлім қызметкерлері жапон тұтқындарынан «үйіме оралған соң совет барлау қызметіне жұмыс істеймін» деген қолхат алуға тырысқан. Ал саяси қызметкерлер олардан «Жапонияға оралған соң СССР-дегі өмір салтын мақтап, Жапонияның коммунистік партиясына мүшелікке өтемін» деген жазбаша міндеттеме алуға күш салған.

ТҰТҚЫНДАРДЫҢ КӨБІ ЕЛІНЕ ОРАЛМАДЫ

Жапон тұтқындарын еліне қайтару 1945 жылы басталды. 1950 жылдың 22 сәуірінде СССР репатриацияның аяқталғанын ресми жариялады. Бірақ тұтқындардың көбі Отанына оралмады. Жүздеген тұтқын аштық пен азаптан, ауыр науқастан қайтыс болды. Ал аздаған бөлігі үйленіп, СССР-да қалуды ұйғарды.

Жапон тұтқындары жерленген зиратта халықаралық «Солдаттар мәңгі есте» үкіметаралық қоры орнатқан құлпытас. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.
Жапон тұтқындары жерленген зиратта халықаралық «Солдаттар мәңгі есте» үкіметаралық қоры орнатқан құлпытас. Алматы, 7 тамыз 2015 жыл.

Қазақстандағы жапон тұтқындарының зиратын іздеумен айналысқан әскери тарихшы Асқанбек Алданазаров 41 қорымды тапқан. 1994 жылы бұл жұмыс Жапонияға сапарында естелік кітабын апарғысы келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүргізілген. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында Асқанбек Алданазаров Қазақстанда бір жарым мыңдай жапон тұтқыны қайтыс болғанын айтқан. Қайтыс болған тұтқындардың сүйегін Жапонияға әкетуге де сол кісі көмектескен.

Зерттеушілердің айтуынша, Алматыда жапондар жерленген үш зират табылған. Бірі – орталық қорымда. Мұнда 145 жапон тұтқыны жерленген. Тағы бір зират – ескі Іле жолы бойында. Онда жерленген 38 солдаттың 36-сының сүйегі кейін Жапонияға жеткізілген.

Азаттық тілшісі орталық зираттың жапон тұтқындары жерленген тұсында болып қайтты. Қоршалмаған бейіттер қурап кеткен биік қурайдан көрінбейді. Қыраттағы бейітке көтерілетін бетоннан құйылған баспалдақ бар. Қорымда граниттен соғылған үш мемориалдық ескерткіш орнатылған. Ең үлкенін халықаралық «Солдаттар мәңгі есте» үкіметаралық қоры орнатқан. Оның жанында қағаздан жасалған тырналар шашылып жатыр.

Очеркті жазу барысында пайдаланылған материалдар:

Бекмагамбетов Р. Военнопленные на территории Казахстана; Витвицкий П. Японские военнопленные в Алма-Ате («Казахстанская правда» газеті, 1993 жылдың 2 қарашасы); Забайкальская энциклопедия; Мощанский И. Бои в районе реки Халхин-Гол 11 мая - 16 сентября 1939 года; Улыбин Е. Идеологическое «перевоспитание» японских военнопленных в СССР; Асқанбек Алданазаровтың «Караван» және «Казахстанская правда» газеттеріне берген сұхбаттары.

XS
SM
MD
LG