Өзбекстанда билікке жағымсыз оқиғалар төңірегінде көбінесе жауабы жоқ сауалдар ғана қалады. Жақында елдің әртүрлі аудандарында қауіпсіздікке қатысты екі бірдей оқиға болды. Ресми органдардың бұлар туралы там-тұмдап берген ақпараты тым шектеулі әрі сенімсіз болғаны сондай, көптің көкейінде біраз сұрақ қалып қойды.
ТАШКЕНТТЕГІ «ЖАТТЫҒУ»
Қыркүйектің 4-і күні Ташкент орталығында тал түсте жарылыс болды. Жұма намазы аяқтала салысымен, сағат 1:30 шамасында өзбек астанасының «ескі шаһар» аталатын бөлігінде мешітке жақын маңдағы автобус аялдамасында жарылыс болды.
Жарылысты естіген Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілері Ташкент қалалық полициясына хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұраған еді. Полиция «қолдан жасалған бомба жарылды, зардап шеккендер, жараланғандар жоқ, тәртіп сақшылары аялдамаға әлдебір затты қалдырып, қашып кеткен ер адамды іздестіріп жатыр» деді.
Сол күні кешке қарай Өзбекстанның үкімет органдары болған оқиғаның ресми нұсқасын жариялады. Тал түсте қаланың қақ ортасында жарылыс болғаны рас, бірақ ол... бар болғаны «қауіпсіздік мақсатындағы жаттығу» деп хабарланды.
Gazeta.uz интернет-сайты сол күні Өзбекстан ішкі істер министрлігінің мәлімдемесін таратты. «Сағат 13:32-де жалған террорист мешіттің жанындағы аялдамада бомба «жарды». Дабыл қағыла салысымен полиция күштері жедел жұмылып, түрлі мекемелер бірлесіп әзірлеген нұсқаулық негізінде оқиға орнын қоршауға алды. Жаттығу сценариі барынша шынайы етіп дайындалды, оның басты мақсаты – Ташкент қаласындағы жедел әрекет ету мекемелерінің, атап айтқанда өрт сөндірушілер мен төтенше жағдай министрлігінің, жедел жәрдемнің қаншалық жылдам екенін анықтау» деп хабарлады министрлік.
Жаттығу сценариі барынша шынайы етіп дайындалды, оның басты мақсаты – Ташкент қаласындағы жедел әрекет ету мекемелерінің, атап айтқанда өрт сөндірушілер мен төтенше жағдай министрлігінің, жедел жәрдемнің қаншалық жылдам екенін анықтау.
Бір қызығы, «дабыл» бойынша әрекет еткен шұғыл көмек мекемелерінің ешқайсысы мұның жаттығу екенінен бейхабар болған. Жаттығу жайлы халық та хабарланбаған.
Жаттығудың жай-жапсарын айтқан министрлік «өтірік жарылыс» кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданғаны туралы тіс жармады. Ташкентте түрлі деңгейдегі нағыз жарылыстар оқтын-оқтын болып тұрады. 1999 жылы ақпанда және 2004 жылы наурыз-сәуір айларында болған жарылыстар кезінде кісі өліп, біраз адам жарақат алған.
Оның үстіне ресми органдар «өтірік бомбаның» қуаты, оның қандай жолмен іске қосылғаны жайлы ешқандай ақпарат берген жоқ. Әйтеуір, жаттығу сәтті өткен сияқты, себебі «терроршы» жарылыстан 15 минут өткен соң көрші ауданда «қолға түскен».
«ЕЛ КЕЗГЕН ЕКІ «ТЕРРОРШЫ»
Тағы бір тосын оқиға Өзбекстанның шығысындағы Ферғана аймағы Риштан ауданында болған. Тамыздың 16-сы күні Азаттықтың Өзбек қызметінің қауіпсіздік органдарындағы дереккөздері жанкешті белбеуін тағып, дыбысы бәсеңдетілген тапанша мен граната ұстаған екі әйелдің ел кезіп жүргені туралы ақпарат берді.
Қауіпсіздік органдары ел аралап жүрген екі әйел туралы ақпаратты жергілікті тұрғындардан білген. Калайнов ауылының бір тұрғыны үйіне қарулы екі әйелдің баса-көктеп кіріп келгенін айтқан. Үй иесі айқай салған соң екі әйел қайта шығып кетіпті. Кейінірек екі күдікті көршілес жатқан Оқ Яр ауылындағы тағы бір үйге кіріп, үй иесін тонап кеткен.
Осы ақпарат негізінде қауіпсіздік күштері аймақта із кесу жұмыстарын жүргізген, бұл шараға 200-ге тарта полицей жұмылдырылған. Полиция тіпті күдікті әйелдердің фотороботтарын жасап, олар туралы ақпаратты кісі көп жүретін жерлерге іліп тастаған және күдіктілерді кезіктірген жағдайда дереу полицияға хабарлауды ескерткен. Полиция ақпараты бойынша, 35 жас шамасындағы әйелдердің бірі түрік, екіншісі өзбек болуы мүмкін.
«Бомбалы екі әйелді» біраз іздеген тәртіп сақшылары оларды қолға түсіре алмаған соң «күдіктілер шекара асып, Қырғызстанға өтіп кетуі мүмкін» деген болжам жасады.
Екі әйел тек Өзбекстан аумағынан емес, жалпы ақпарат кеңістігінен «ғайып болды». Өзбекстан басшылығы Қырғызстанға күдікті әйелдерді ұстау туралы ресми өтініш жібергені жөнінде ешқандай ақпарат таратпады. Екі әйелді іздеу операциясы сонымен тәмам болды ма, әлде әрі қарай жалғасты ма? Ол әйелдер қайдан келуі мүмкін? Мақсаттары не? Бұл сұрақтарға ешқандай жауап жоқ.
Азаттықтың Өзбек қызметінің кейбір қызметкерлері тіпті «жанкешті белбеуін» таққан үрейлі әйелдер мүлде болмаған шығар дейді. Ферғана аймағында халық тығыз қоныстанған ауылдық жерлерде жұрттың көбі бірін-бірі таниды. Шеттен келген бөтен адамдар бірден көзге түседі. Мұндай жағдайда «терроршылардың» ізіне түсіп, аңдып жүрген тәртіп сақшыларының да көзіне түспей, жасырынып қалу қиын.
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.