Accessibility links

Өзбек жанкештісінің соңғы сәті


«Жафар әл Таййар» есімді жігіттің бомбаға толы БТР-де жылап отырған сәті.
«Жафар әл Таййар» есімді жігіттің бомбаға толы БТР-де жылап отырған сәті.

Интернетте Сирияның Идлиб облысындағы «Имам Бухари» жасағы қатысқан шайқастар түсірілген видео жарияланды. Видеода 17-20 жас шамасындағы ұлты өзбек жігіттің қорқыныштан жылаған сәті бар. «Жафар әл Таййар» есімді ол жігіттің бомбаға толы БТР-мен бірге өзін жарып жібергені хабарланады.

«Талибан» қозғалысына адалдық сертін берген «Имам Бухари» атындағы жасақ биыл қыркүйектің 18-і күні Сирияның Идлиб облысындағы шииттер тұратын Фуа қалашығына жасалған шабуыл түсірілген видео жариялады.​

«МАВЕРАННАХРДЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖАНКЕШТІСІ»

Видеода жанкештілердің бірнеше рет шабуылдағаны, алғашқы шабуылды «Мавераннахрдың тұңғыш жанкештісі Жафар әл Таййар» жасағаны айтылады.

Өзге содырлармен қоштасып, бомбаға толы БТР көлігіне мініп бара жатқан 17-20 жас шамасындағы жігіттің бойындағы қорқыныш анық көрінеді. Кейінгі кадрде БТР-да отырған Жафарды жасы одан ересектеу содырдың моральдық тұрғыдан демеп тұрған сәті көрінеді. Ажалға беттеген жас жігітке қолдау көрсетіп, әрі бұл көріністі камераға түсіріп тұрған өзбек содырларының бірі «Жафар інішек, қорықпа! Аллах «Бойыңды үрей билесе, мені есіңе ал!» дейді. Мына қорқыныш – шайтанның ісі. Қорықпа, інішек! Жаныңа иманың серік болсын! Дұрыс жолдасың. Иншалла, Аллах жар болсын!» дейді.

Ал жылап отырған Жафар: «Мен шайтаннан емес, ниетім іске аспай қала ма деп қорқамын!» дейді.

«Жафар әл Таййар» есімді жігіттің бомбаға толы БТР-де жылап отырған сәті.
«Жафар әл Таййар» есімді жігіттің бомбаға толы БТР-де жылап отырған сәті.

Видеоның кейінгі минуттарында Жафар мінген БТР-дің қарсылас шебіндегі ғимаратқа соғылып жарылғаны, ал Жафардың «шаһидке айналғаны» айтылады.

Бұл жігіттің Фуа қалашығына жіберілген «Имам Бухани» атындағы жасақтың шабуылдаушы-жанкештілерінің бірі болғаны хабарланады.

Әзірше Азаттықтың Өзбек қызметінің қолында мерт болған жігіттің жеке басына қатысты деректер жоқ.

«Имам Бухари» жасағы соңғы апталарда Фуа қалашығын алу үшін жүріп жатқан шайқастарға қатысып жатыр. Қыркүйектің 7-сінде жарияланған видеода өзбек содырларының ондаған шиитті қалай өлтіріп, марқұмдардың мәйіттерін қалай қорлағаны жазылған кадрлар да бар.

Бұған дейін өзбек содырларының жанкештілік шабуылдары туралы хабарлар түспеген. Бірақ Сирия армиясына қарсы құрылып, «Жабхат ан-Нусра», «Ахрар аш-Шам» және «Имам Бухари» сияқты топтардан тұратын «Джейш әл-Фатх» коалициясы Фуа қаласы үшін жүргізілген шайқастар кезінде жанкештілік шабуылдар ұйымдастырғаны байқалады.

Соғыс қимылдарының алғы шебі мен жанкештілік шабуылдарға әдетте шетелдік содырлар пайдаланылады, ал кадрда ірі планмен көрсетілген Жафар есімді жігіт алғашқы өзбек жанкештісіне айналды.

Бұдан бөлек Фуа қалашығы үшін жүріп жатқан шайқастарға «Әл Каида» террористік ұйымына қатысы бар Түркістан ислам қозғалысы да қатысып жатқаны туралы хабарлар тараған.

Қазір өзбек содырларының Сирияда біріккен екі тобы бар. Оның бірі – «Имам Бухари» жасағы, екіншісі – «Таухид уаль-Жихад» тобы.

Қазір өзбек содырларының Сирияда біріккен екі тобы бар. Оның бірі – «Имам Бухари» жасағы, екіншісі – «Таухид уаль-Жихад» тобы. Бұл топ қыркүйектің 19-ы күні өзбек содырларының Фуа қаласына шабуыл кезінде түсірілген кадрларды да жариялаған. Өзбек содырлары жанкештілік шабуыл жасағаны туралы да хабарланады. Бұл топ содырларының хабарлауынша, жанкештілердің бірі шабуылдан аман-есен оралған. Видеода оның бетін бүркеп көрсетеді. Жанкешті содырдың есеңгіреген күйде тізерлеп отырғаны түсірілген кадрда оны өзге содырлар құттықтап жатыр.

Видеоның соңында өзбек содырларының бірі «Аллаһ жар болса, Дамаскіні алып, Палестинаға соғыс ашамыз!» дейді.

Фуа қаласы үшін болған шайқас кезінде бес жанкештілік шабуыл жасалып, жанкештілердің бірі тірі қалғанын «Имам Бухари» мен «Таухид валь-Жихад» жасақтары жариялаған видеодағы кадрлардан байқауға болады.

Жанкештілердің бәрі өзбек жігіттері ме әлде өзге ұлт өкілдері ме – бұл жайлы анық ақпарат жоқ.

Террористік топтардың «Джейш әл Фатх» коалициясы 2015 жылдың басынан бері Сирияның Идлиб облысының біраз территориясын басып алған. Тұрғындарының басым бөлігі шиит Фуа және Кафирия қалалары – Асад армиясының қолында қалған соңғы ірі елдімекендер.

Соңғы айда содырлардың топтары екі қаланы да қоршауға алған. Бұл қалаларға шабуыл үкімет әскерлері Ливиямен шекара түбінде орналасқан Забадани қаласын бомбалағаннан кейін басталған.

Қыркүйектің 20-сы күні Иран және террористік топтардың «Джейш әл Фатх» коалициясы атысты тоқтатып, екі қаланы қоршаған блокаданы алып тастау жөнінде келісімге келген.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG