Бұдан былай Ресейде 15 мың рубльден (қазіргі бағаммен 214 доллар шамасында – ред.) асатын сомада валюта айырбастау үшін азаматтарға төлқұжатымен бірге анкеталық мәліметтер толтыруға тура келеді. Бұл туралы Ресей орталық банкі 24 желтоқсанда шығарған жаңа ереже бүгіннен бастап күшіне енді.
Валюта айырбастаушы толтыратын анкетада толық аты-жөні, жеке басын куәландыратын құжат мәліметтері, тұрғылықты мекен-жайы, салық төлеушінің жеке нөмері (болған жағдайда), сонымен бірге «кредиттік ұйым қажет деп тапқан өзге де деректер» көрсетілуі тиіс.
Ресей орталық банкі бұл шара «қылмыстық жолмен келген кірісті заңдастыруға жол бермеу мақсатымен енгізілді» деп түсіндірген.
Бұған дейінгі ереже бойынша Ресейде 15 мың рубльден асатын сомада валюта айырбастау үшін төлқұжатты көрсету жеткілікті болып келген еді.