Женевада бүгін Сириядағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі келіссөздің жаңа кезеңі басталады. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура келіссөздің жаңа кезеңін "мазмұнды бейбіт келіссөз" деп атады.
13 наурызда Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Айро мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Дамаск өкілдерінің Сирияның болашақ президентін сайлау мәселесін талқылауға ниеті жоқ екені туралы мәлімдемесін "арандату" деп атаған. Айро мен Керри Ресей мен Иранды "Сирия президенті Асадты бітім шарттарын тек өз мүддесіне қарай қолдануға болмайтынына көндіруге" шақырған.
Сириядағы бітім 27 ақпанда күшіне енген. Бітім Ресей мен басқа бірнеше елде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" мен "Нусра майданы" экстремистік ұйымдарына жүрмейді.
Бірер күн бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Сириядан тықсырылып шығарылған содырлар Ливия, Йемен мен Ауғанстанға орнығып жатыр" деп мәлімдеген.