Атырау облысы Жылыой ауданының ондаған шаруасы жергілікті биліктің ісіне наразы болып жатыр. 25 қарашада қырықтан астам шаруа аудан әкімдігіне арыз тапсырды. Олар Жылыойдағы Жем өзенін тереңдету жұмыстары кезінде жайылымға шығатын арналар бітеліп, жобада суаттар қарастырылмаған деп шағынды.
Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай каналы биыл көктемде тасып, тамызда оларды тереңдету басталған. Бұл іс 2025 жылы көктемде қайталануы мүмкін тасқын қаупінің алдын алу үшін қолға алынған.
Бір үйір жылқысы бар Сафи Шудабаев 10 күннен кейін су қатса, мал қайдан су ішеді деп уайымдап отыр. Оның сөзінше, шаруалардың малы Жем өзенінен жайылған судан ішеді.
– Өзенді тереңдетіп қазып, жан-жағына су жайылмайтындай етіп жатыр. Ертең мал қазып жатқан бөгетке құлап өледі. Аудан басшылары "Құлсары суға кетіп, біз таяқ жедік" деп, жоба бойынша Жем өзенін кеңейтіп, суды елді мекендерге бұрғызбаймыз деп отыр. Біз суатты Жем суының Құлсарыға қарай ағатын бетінен емес, арғы жағынан – даладан сұрап отырмыз. Малымыз сонда жайылады, – деді Сафи Шудабаев 26 қарашада Азаттыққа.
Шаруа бұл жобаны іске асырарда жергілікті халықтың пікірі ескерілмеді деді. Суат қалдыру туралы жобаға өзгеріс енгізуді сұрап, арызға қол қойған қырықтан астам адамның он шақтысы – қожалық иесі.
Мәжит Өмірбаев – ауласында жылқы, түйе ұстап отырған шаруа. Ол да Жем өзені бойынан малын суарып отырған шаруалар жайын жергілікті билік неге елеусіз қалдырғанын түсінбей дал.
– Экологияға байланысты мәселе халыққа неге айтылмай қалады? Жайылымға су құйылмаса, шөп шықпай, мал қырылып, Маңғыстаудағыдай қуаңшылық болады ғой. Кеше жергілікті депутаттармен жиын өтті. Жем өзені бойында тұрғызылып жатқан бөгеттер 10-12 метрдей болып қалады. Жем суын тіке теңізге құйып жіберуді жоспарлап отыр. Біздің айналамызда мал суаратын құдық жоқ, бәріміз малымызды Жем өзенінен суарып отырмыз. Ертең қалай күн көреміз? Экологтар қайда қарап отыр? Үкімет неге соның бәрін ұйымдастырмайды? Бөгетті бұзсақ, су шығарсақ, ертең елді мекендер суға кетіп қалса, соған жауап бере аласыңдар ма деп қорқып отыр. Ешкім мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Бүйте берсе экологияға зиян келмей ме? Су өмірдің нәрі емес пе? – деді Мәжит Өмірбаев.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова шаруалар арызына қатысты пікірді "облыстық құрылыс басқармасынан алған жөн болар" деді.
"Тапсырыс берген солар. Алдағы уақытта жобалаушымен кездесу өтеді, сонда талқылаймыз", – деп жауап берді Айшуақова Азаттыққа.
Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың сөзінше, тамызда басталған тереңдету жұмыстары 2025 жылы көктемде аяқталуға тиіс. Мердігер – "СапИнВест" ЖШС кәсіпорны. Құсайынов шаруалар арызы бойынша жобаға өзгеріс енгізіп, мал суаруға уақытша орындар істейміз деді.
Құрылыс басқармасының басшысы жоба құнын атамады.
"Ол жоба сараптамадан шыққаннан кейін анықталады. Әзірге мердігер өз қаражаты есебінен жұмыс істеп жатыр", – деді Құсайынов.
Ресми ақпарат бойынша, Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай каналында ұзындығы 95 шақырым тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Қазір 35 шақырымы істелген. Оның төрт шақырымы Жем өзеніне, қалғаны Құрсай каналына тиесілі.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда биыл көктемдегі тасқын салдарынан 19 мыңнан астам үйді су алған. Елдің 10 облысында төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болды.
ПІКІРЛЕР