Accessibility links

Назарбаев: Әкімдер жер реформасын түсіндіруге белсенді қатыссын


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Астанада мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған жиында президент Нұрсұлтан Назарбаев «жер мәселесіне» де тоқталды. Жиында Назарбаев Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдеріне жер реформасы бойынша түсіндірме жұмыстарына белсенді түрде араласуды тапсырды Бұл турасында Ақорданың Twitter-дегі парақшасында хабарланды.

«Жер реформасы бойынша комиссия арнайы заңнаманы жетілдіру бойынша келісілген ұстанымды жасап шығаруы тиіс. Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі белесі. Осы кезеңде бізге сырттан көз тігіп, сынай қарап отырғандар көп. Әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені сындарлы сұхбатпен шеше алатынымызды паш ете білуіміз керек" деген Назарбаев. Оның сөзінше, көп мемлекет "бірлігі болмағандықтан берекесі кетіп, неше жылдық еңбегі зая болып, дамуы кері қеткен".

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы, Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.
Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен. Келесі отырысы мамырдың 21-і күні Астанада өтеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG