Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанда жол-көлік апатында қаза болған қырғызстандық бес азаматтың отбасына материалдық жәрдем берді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Бүгін президент Алмазбек Атамбаев қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, марқұмдардың отбасына 100 мың сом көмек бөлген.
23 маусымда Алматы-Астана жолындағы жол-көлік апаты салдарынан бес қырғызстандық мерт болған, олардың төртеуі – балалар. Апаттан зардап шеккен тағы төрт қырғызстандық қазір Қазақстан ауруханаларында емделіп жатыр.
Қаза болғандардың сүйектерін Алматыдағы қырғыз бас консулдығының көмегімен Отандарына жеткізген.