Accessibility links

Сот Ажарқұлованың жазасын өзгеріссіз қалдырды


Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлова. Шымкент, 29 шілде 2016 жыл.

Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық соты «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша үш жыл шартты жазаға кесілген Қыздығой Ажарқұлованың апелляциялық шағымын қарады.

Сотты үш судья жүргізді. Сот алқасы төрағасы Зиядинхан Пірнияз Қыздығой Ажарқұловаға қатысты Әл-Фараби аудандық соты шығарған үкімді өзгерісіз қалдырғанын мәлімдеді.

Сотқа прокурор Қанат Жүнісов, адвокат Гүлнәр Жуаспаева, Қыздығой Ажарқұлова мен оның жақтастары қатысты. Жәбірленушілер сот процесіне келмеді.

«Соттың үкіміне қарсымын. Қадір-қасиетімді қорлағандары үшін істі соңына дейін алып барамын, БҰҰ-ға шағымданамын» дейді Қыздығой Ажарқұлова.

Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты 29 шілдеде Қыздығой Ажарқұлованы "алаяқтық" жасады деп айыптап, үш жыл мерзімге шартты жаза тағайындап, сот залынан босатқан.

Сот Ажарқұлованың тергеу кезінде қамауда отырған сегіз айға жуық уақытының әр күнін бас бостандығын шектейтін екі күнге тең деп есептеп, бір жарым жылын шегерген еді. Сот үкімі бойынша Ажарқұлованың бас бостандығы енді бір жарым жылға шектеліп, дүние-мүлкі тәркіленбек және өзі бақылауда болмақ.

XS
SM
MD
LG