Accessibility links

Алматыда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған көрме ашылды


«Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» көрмесінде суретші Қанапия Телжанов 1958 жылы салған гобелендегі әйгілі аталарының бейнесіне қарап тұрған Амангелді Имановтың немерелері Райхан мен Батырлан. Алматы, 26 қазан 2016 жыл.
«Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» көрмесінде суретші Қанапия Телжанов 1958 жылы салған гобелендегі әйгілі аталарының бейнесіне қарап тұрған Амангелді Имановтың немерелері Райхан мен Батырлан. Алматы, 26 қазан 2016 жыл.

Алматыдағы Қазақстан мемлекеттік орталық музейінде бүгін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» көрмесі ашылды. Көрмеге 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың Жетісу мен Торғайдағы негізгі орталықтары мен оқиғаның қалай өрбігені туралы жалпылама мағлұматтар ғана емес, сонымен бірге көтеріліске қатысқан нақты адамдарға қатысты деректер қойылған.

Көрмеде әсіресе Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және Тоқаш Бокин туралы материалдар көп – фотосуреттер, архив құжаттары, жеке заттары мен олар туралы кітаптар бар. Көтерілісті басқарған бұл үшеуі кейін совет билігі жағына шығып, коммунистік идеология оларды әспеттеген.

Сонымен бірге 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың өнердегі көрінісі жайлы экспонаттармен де танысуға болады. Мысалы, совет кезінде түсірілген «Амангелді» фильмінен алынған фотоматериалдар, Әбілхан Қастеев, Николай Хлудов пен Баки Урманченің салған суреттері бар.

Көрмеге арқау болған көтеріліс сол кезде Ресей империясы отарындағы Орта Азияны түгелге жуық қамтыған. Оған патша үкіметінің Қазақстан мен Орта Азиядағы «бұратана» халықтардан соғысқа адам алмайтыны туралы берген уәдесіне қарамастан, майдан шебіне жақын тылдағы қара жұмысқа 19 бен 43 жас аралығындағы ер адамдарды шақыру туралы жарлығы түрткі болған. Көтеріліске сонымен бірге жергілікті тұрғындар мен Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аударғандар арасындағы жер дауы да әсер еткен. 1916 жылғы маусымда басталған көтеріліске қарсы патша армиясының жазалаушы отрядтары жіберілген. Олар кей аймақтарда жаздың соңына қарай, кей жерлерде күздің ортасына таман көтерілісті қарулы күшпен басып-жаншыған. Жекелеген аудандарда көтерілісшілер 1917 жылдың бас кезіне дейін патша билігіне қарсы күрес жүргізген.

Алматыдағы көрме қарашаның 26-сына дейін жалғасады.

XS
SM
MD
LG