АҚШ Мәскеудің Украинадағы саясатына жауап ретінде санкция салған ресейліктер тізімін ұзартты. АҚШ қаржы министрлігінің 20 желтоқсанда жариялаған санкция салынғандар тізімінде Ресейдің сегіз азаматы, Ресей мен Қырымдағы 30-дан астам компания бар. Тізімге жаңадан ілінгендер арасында ресторатор, Ресей президенті Владимир Путиннің "бас аспазшысы" ретінде белгілі Евгений Пригожиннің аты аталады.
Санкт-петербургтік бизнесмен Евгений Пригожиннің "Конкорд Кейтеринг" компаниясы Кремльге кейтеринг қызметін көрсетеді. Пригожиннің сонымен қатар Санкт-Петербургте жасырын комментарий жариялайтын "тролльдер фабрикасымен" байланысы бар делінеді. Ақпарат агенттіктерінде, әлеуметтік желілер мен блогтарда жасырын комментарийлер жариялайтын мұндай желі Кремльдің саясатын қолдап, Ресей режимін сынайтындарға қарсы тұрады.