Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ішінде Қазақстан ғана қазақ-қырғыз шекарасындағы ветериналдық бақылауды алып тастауға келісім бермей отыр. Бұл туралы бүгін Қырғызстанның вице премьер-министрі Олег Панкратов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қырғызстанның ветеринарлық бақылауына ЕАЭО-дан арнайы инспекция келіп, тексеріс жүргізген. Инспекция тексерістен кейін ветеринарлық бақылауды алып тастауға келісім берген.
Азаттықтың қырғыз қызметінің хабарлауынша, Понкратов Санкт-Петербургте өтетін ЕАЭО отырысында Қырғызстан осы мәселені көтеретінін айтты.
Қырғызстан 2015 жылы 12 тамызда ЕАЭО-ның толыққанды мүшесі болып қабылданған. Осыдан кейін қазақ-қырғыз шекарасында санитарлық, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау алынып тасталуы керек еді. Бірақ малдардың арасында тараған ауруларға байланысты екі ел ветеринарлық бақылауға қатысты шешімді кейінге қалдырған.