Шымкентте бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Назарбаев Шымкентке жұмыс сапарымен 26 сәуір күні кешке барған. Түске дейін президент облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Жиында Назарбаев оңтүстік өңірдің туристік мүмкіндіктері дұрыс пайдаланылмай жатқанын айтып, бұл мәселені облыс деңгейінде емес, республикалық деңгейде шешу қажетін жеткізді.
Назарбаев кездесуге дейін Шымкенттегі "Қазақ еліне мың алғыс!" деп аталатын монумент пен облыстық "Қазақстан халқы ассамблеясы" үйіне ашылуына қатысты. Президент сонымен қатар бау-бақша өсіру және жеміс-жидектер сақтаумен айналысатын DALA-FRUIT.KZ корпорациясына барып, жұмысымен танысты.
Президенттің облысқа жұмыс сапары бүгін аяқталады.