Ресейдің Киров облыстық соты оппозициялық саясаткер, "Кировлес" мекемесіндегі қаржы жымқыру ісі бойынша шартты түрде сотталған Алексей Навальный мен кәсіпкер Петр Офицеровке шыққан сот үкімін заңды деп тапты. Сотталушылардың адвокаттары "заңсыз әрі негізсіз" үкімді жоюды сұраған. Сот Навальныйды қудалаудың саяси астары бар деген ұйғарымды елемеді деп хабарлады адвокат Вадим Кобзев. Прокурор үкімді күшінде қалдыруды сұрады.
Ақпанның басында Кировтің Ленин аудандық соты "Кировлес" ісі бойынша Навальныйды бес жылға, Офицеровті төрт жылға шартты түрде соттаған.
Навальный мен Офицеров "Кировлес" ісі бойынша бұған дейін - 2013 жылы 18 шілдеде де сотталған. Кейін Киров облыстық соты олардың жазасын шартты жазаға ауыстырып, 500 мың рубль айыппұл төлеуге үкім еткен. Тергеушілер Навальный "Кировлесті" басқарып тұрғанда Офицеровпен бірге он мың текше метр тақтай жымқырып, мемлекетке 16 милион рубль шығын келтірді дейді.
Алексей Навальный өткен жылы желтоқсанда 2018 жылы Ресейде өтетін президент сайлауына қатысу ниеті барын мәлімдеген. Саясаткер "Кировлес" ісі бойынша сотталғанына қарамастан сайлау кампаниясын жалғастыра бермек.